Діни тұрақтылық – бейбіт өмір кепілі

Тәуелсіз еліміздің ішкі тұрақтылығы мен баянды болашағы – рухани тұтастық пен қоғамдық келісімге тікелей байланысты.

Қазақстан қоғамының дамуында діни тұрақтылық пен конфессия­аралық келісім басты факторлардың бірі ретінде айқындалып келеді. Бұл ретте Ақмола облысы дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда озық тәжірибесімен ерекшеленіп отыр.

Сан түрлі деструктивті діни ағымдар­дың әлемнің сантүрлі елінде елдің берекесін алатын діни экстремистік және террористік бағыттағы шабуылдары бұл бағытта аса қырағылықтың болуын қажет етеді. Жалпы, өңірдегі сала мамандарының пікірінше, облыстағы діни ахуал, деструктивті ағым­дардың алдын алу шаралары қалыпты түрде жүргізіліп жатыр. Мұны облыстық Дін істері басқармасының басшысы да растады.

Өңірде діни жағдай тұрақты

Басқарма басшысының айтуынша, Ақмола облысында діни ахуал тұрақты сипатқа ие. Қазір өңірде 190 діни бірлестік тіркелген. Олардың қатарында 87 ислам, 50 православие, 40 протестанттық, 11 католиктік ұйым, сондай-ақ бахаи діні мен Кришна санасы қоғамы бар. Барлығы 151 діни нысан – мешіт, шіркеу, ғибадатхана арқылы халыққа қызмет көрсетуде. Басқарма тарапынан діни ахуалды тұрақты бақылау мен мониторинг жүргізіліп, дінаралық татулықты сақтау басты мақсат ретінде белгіленген.

– Басқарманың негізгі міндеттері – діни сенім бостандығын қамтамасыз ету, кон­фессияаралық келісімді сақтау, дін сала­сындағы заңнамалардың орындалуын б­а­­қылау болып отыр. Сонымен қатар діни бір­лестіктер мен миссионерлік қызметті заң шеңберінде үйлестіру, халықтың діни са­уатын арттыру, радикалды және дес­трук­тивті ағымдардың алдын алу сынды бағыттар кеңінен қамтылады. Аймақтағы барлық діни ұйымдар мен жалпы дін са­ласындағы барлық жағдай біздің маман­дармен тұрақты түрде мониторинг жасала­ды. Бұл жұмыс елдегі діни тұрақтылық пен қа­­уіпсіздікті қамтамасыз етуге бағыттал­ған, – дейді басқарма басшысы Болат Қасенов. 

Бұл мақсатта басқарма жанындағы «Конфессияаралық қатынастарды тал­дау және дамыту орталығы» түрлі сараптама­лық, ғылыми-әдістемелік жұмыстармен айналысады.

Интернеттегі діни қауіптерге – нақты тосқауыл

Ақпараттық технологиялар дәуірін­де жастардың басым бөлігі діни ақпаратты интернет арқылы қабылдайтыны анық. Осы ретте облыс аумағында заңсыз діни мазмұнға қарсы іс-қимыл белсенді жүр­гізілген.

Мәселен, осы жылдың тек алғашқы жартысында 374 заңсыз діни сипаттағы материал анықталып, бұғаттау үшін рес­публикалық базаға жолданған. Деструктивті топтарға тіркелген 60 мыңнан астам қол­данушыға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 539 адам радикалды топтардан өз еркімен шыққаны мәлім болды. 

Миссионерлер қызметі – заң аясында

Ақмола облысының Дін істері бас­қармасының мәліметінше, бүгінде Ақмола облысында ресми тіркелген 25 миссионер уағыз-насихат жұмыстарын жүргізуде. Олардың ішінде Польша, Ресей, Филиппин азаматтары бар. Бұл тұлғалар негізінен католиктік және протестанттық бағытта қызмет етеді. Барлық миссионерлік әрекет заң талаптарына сәйкес қатаң бақыланады.

Сала мамандары халықтың діни са­уаттылығы – деструктивті ағымдарға қарсы негізгі құрал екенін атап, бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Облыс халқының діни сауаттылығын арттыру мақсатында 202 адамнан құралған 24 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. 2025 жылдың бірінші жартысында 2 968 іс-шара өткізіліп, 42 мыңнан астам адам қамтылды. Діни деструктивті ағымдарға негізінен оң-солын танып үлгермеген жас­тардың еніп кетуінен жастардың діни са­уатын арттыруға ерекше назар аударылады. Жыл басынан бері 15 мыңнан астам студент пен оқушыға арнап семинарлар мен дәрістер ұйымдастырылды. Сонымен қатар түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтармен теологтар белсенді жұмыс жүргізуде, – дейді Ақмола облысы Дін істері басқармасының конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының басшысы Нүркен Тілеубаев. 

Жалпы, облыс аумағында биыл дін саласына 294,3 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы ақпараттық түсіндіру жұмыстарына, әлеуметтік зерттеулерге, семинарлар мен тренингтерге бағытталыпты. Ведомство мәліметінше, бұл – өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артық қаражат. 

Кешенді серіктестік – тұрақтылық кепілі

Діни экстремизмнің алдын алу – тек Дін істері басқармасының ғана емес, бүкіл мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның ортақ міндеті. Ақмола облысында бұл бағытта құқық қорғау органдары, әкімдіктер, білім беру мекемелерімен тығыз серіктестік қалыптасқан.

Болат Қасеновтың айтуынша, алдағы уақытта діни тұрақтылықты сақтау жо­лындағы ақпараттық жұмыстар кеңейті­ле­ді. Жастармен тікелей байланыс кү­шей­ті­ліп, діни ұйымдармен әріптестік те­рең­детіле­ді. Сонымен қатар заманауи технологиялар – чат-боттар, онлайн-консультациялар сияқты цифрлық құралдар да іске қосылмақ.

– Дін – бұл тек сенім ғана емес, елдің ішкі тұрақтылығы мен болашағына әсер ететін стратегиялық фактор. Сондық­тан бұл салада ұдайы сергек болуымыз қа­жет, – дейді басқарма басшысы.

 

P.S.                                               

Елдегі діни ахуалдың тұрақтылығы елдің қауіпсіздігінің де мызғымастығының кепілі болатыны анық. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы мемлекеттің басым бағыттарының бірі ретінде бақылауда болғаны жөн... 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы