CNBC телеарнасының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz, Ақ үйдегі кездесудің себебін түсіндіреді.
CNBC тілшісі Меган Касселланың айтуынша, бейсенбіде (10 шілде) Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескен. Кездесу бейсенбіде Nvidia акциялары өсіп, компанияның нарықтық капитализациясы 4 триллион доллардан асқан соң болған. Nvidia компаниясы – Apple мен Microsoft-ты артта қалдырып, символдық межені еңсерген әлемдегі бірінші компания.
Трамп әлеуметтік желідегі хабарламасында Nvidia акцияларын мақтады.
«ТРАМП ТАРИФТЕРІНЕН КЕЙІН NVIDIA 47% ӨСТІ. АҚШ тарифтерден жүздеген миллиард доллар пайда көріп отыр. ЕЛ ЕНДІ «ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛДІ», – деп жазған президент Truth Social-дағы парақшасында.
Nvidia өкілі пікір беруден бас тартты, ал кездесу барысында нақты не талқыланғаны белгісіз. Дегенмен компания Трамп әкімшілігі ұлттық қауіпсіздік мақсатында сәуір айында енгізген жасанды интеллект чиптеріне арналған экспорттық шектеулерден соң біраз қиындықтарға кезікті.
АҚШ үкіметі Nvidia компаниясының тек Қытай нарығына арналған және бұған дейін мақұлданған H20 процессорына енді экспорттық лицензия енгізген болатын. Бұған дейін Дженсен Хуанг инвесторларға бұл талап «жеңілдік кезеңінсіз» енгізіліп, компанияның Қытайға сатуын бірден тоқтатқанын айтқан еді.
Компания мәлімдемесінде, осы чипке жоспарланған тапсырыстардың 8 миллиард доллары 3-тоқсанда орындалмайтыны айтылған.
«Құны 50 миллиард долларды құрайтын Қытай нарығы АҚШ өнеркәсібіне іс жүзінде жабық», – деді Хуанг инвесторларға мамыр айында қаржылық есеп бойынша өткен телеконференцияда.
Трамп әкімшілігі биыл Nvidia технологиясын қай елдерге жеткізуге болатынына қатысты жаңа әрі жеңілдетілген шектеулер енгізуге уәде беріп отыр. Ақ үйдегі кездесуде президент осы мәселелердің шешімін іздеген болар. Бұл кездесуден кейін Дженсен Хуанг Қытайға іскерлік сапармен баруға дайындалуда. Мүмкін Трамп қытайлық билікке қарым-қатынасты жақсартуға Nvidia арқылы белгі беріп отыр ма екен?!
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.