Бұл маусымды Қазақстан оқушылары сүйінші жаңалықпен бастады. Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO-2025) еліміздің атынан қатысқан төрт оқушының бәрі жүлдеге ие болды, оның екеуі алтын медаль, – деп хабарлайды Aikyn.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Олимпиада 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Әлемнің 93 елінен 360-тан астам оқушы қатысқан бұл зияткерлік додада Қазақстан ұлттық құрамасындағы төрт оқушы тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің жас химиктерінің көшбасшылық мәртебесін тағы бір рет дәлелдеді.
I орын – Кирилл Ким, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
I орын – Абылай Кабдулхадыр, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
II орын – Еңлік Бақытбекова, Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
II орын – Аңсар Жақсылықов, Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.
Ұлттық құрамаға ғылыми жетекшілік еткен:
Санжар Бегдаир – Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) магистранты, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы;
Ринат Илюсизов – бірнеше рет халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев біздің оқушыларымыздың жетістігі – қазақстандық білімдің әлемдегі биік мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті.
«Бұл жеңіс – жас буынның жарқын болашағына жол ашатын берік негіз деп сенемін. Жетістіктеріңіз еселене берсін, алар асуларыңыз биік болсын! Еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де талапты азамат болып өсулеріңізге тілектеспін», – деп жазды министр өзінің ресми парақшасында.
Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен, ұлттық құрама бірқатар халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, биылғы оқу жылында еуропалық және халықаралық олимпиадаларда 100% нәтиже көрсетіп үлгерді.
Бұл Олимпиада әлемдегі ең беделді жеті халықаралық олимпиадалардың қатарына енеді. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы негізінде алтын медаль үшін – 1 500 АЕК, күміс медаль үшін – 1 000 АЕК, қола медаль үшін 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы қарастырылған. Жетекші ұстаздарға да ынталандыру төлемдері көзделген. Еске салсақ, былтыр IChO-2024 олимпиадасында қазақстандық оқушылар 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.