YouTube-та миллиондаған аудиториясы бар блогерлер, стримерлер және летсплейшілер – Marmok пен Johan, сондай-ақ әйгілі анимациялық веб-сериал Metal Family жобасының авторлары Алина Ковалева мен Дмитрий Вдовенко Comic Con Astana-2025 фестивалінде жанкүйерлермен кездесті, деп хабарлайды Аikyn.kz.
Бесінші күні YouTube-та 20 миллионға жуық жазылушысы бар стример Marmok (Марин Мокану) пен 2,5 миллион аудиториясы бар летсплейші Johan фестивальдің басты сахнасында жанкүйерлердің сұрақтарына жауап берді. Олар Астана туралы жылы пікір айтып, фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына тоқталды.
Жанкүйерлер оларға сүйікті ойындары мен фильмдері туралы сұрақтар қойды. Сондай-ақ қай блогерлерді тамашалайтынын және болашақта кіммен бірлесіп контент түсіргісі келетінін сұрады.
Жанкүйерлер қойған қызықты сұрақтардың бірі – егер ойындардағы «багтар» (ойындағы күтпеген әрекеттерге әкелетін қателіктер) шынайы өмірде пайда болса, не істер едіңіздер деген сұрақ болды. Бұл сұраққа Marmok әзілмен жауап беріп, «Алдымен бірден картаның астына түсіп кетер едім» деп әрі қарай тарқатты.
«Мен мотоциклмен байланысты влог түсіргім келеді. Аудиторияға бұл қаншалықты қызық болатынын әзірге білмеймін, бірақ дәл қазір бұл осы дүние мені қатты қызықтырып жүр», – деп толықтырды Marmok.
Ал Johan көлікке қатысты контент оны көбірек қызықтыратынын айтты.
«Мен көліктерге байланысты контент түсіргім келеді. Машиналармен айналысқанды жақсы көремін, бірақ ондай күрделі жобаға қазір уақытым жоқ. Болашақта міндетті түрде қолға аламын», – деді ол.
Сонымен қатар, Marmok өзінің жеке ойынын жасақтауды армандайтынын айтты. Бұл – көп адам бірге ойнайтын MMORPG жанрындағы ойын. Ал Johan өз кезегінде Fall Guys стилінде көптеген қатысушылар бір-бірімен жарысатын көңілді ойын дайындағысы келетінін жеткізді.
Танымал стримерлермен кездесуден кейін жанкүйерлердің назары Metal Family мультсериалының авторларына ауды.
Анимациялық сериалдың авторлары – Алина Ковалева мен Дмитрий Вдовенко жанкүйерлермен ашық әңгімеге кірісті. Оларға метал музыканың қандай түрін ұнататыны, сүйікті фильмдері, кітаптары мен комикстері туралы сұрақтар қойылды.
Сондай-ақ көрермендер мультсериал кейіпкерлерінің болашағы және оларды басқа әлемдерге «орналастыру» туралы ойын білді. Мысалы, Глэм мен Виктория (әке мен ана), сондай-ақ олардың ұлдары Ди мен Хэви басқа қандай ғаламдарда өмір сүре алар еді деген сауалдар қойылды. Сондай-ақ олар Қазақстан жайлы да пікірін ортаға салды.
«Қазақстанға қайта келу – біз үшін қуаныш. Бұрын Алматыда болдық, енді Астанаға келдік. Мұнда бізді өте жылы қарсы алды», – деді Алина Ковалева:.
Comic Con Astana-2025 фестивалі 9-13 шілде аралығында өтіп жатыр. Шара екі нысанда ұйымдастырылған: «Астана Арена» мен «Барыс Арена».
Қорытынды күні «Барыс Аренада» халықаралық косплей байқауының қорытындысы жарияланады. Жүлде қоры – 15 миллион теңге.
Фестивальге барлығы 75 000-нан астам қонақ келеді деп күтілуде. Олардың ішінде кемінде 10 000 шетелдік турист болады. Алғашқы төрт күнде келген көрермендер саны – 63 000 адам: 1-күн – 13 500 адам, 2-күн – 15 500 адам, 3-күн – 14 500 адам, 4-күн – 19 500 адам.