«Кішкентай ел»: мейірім мен үміт мекені

«Кішкентай ел»: мейірім мен үміт мекені
Атырауда сал ауруына шалдыққан бала жалпы білім беретін мектепке барып, параспорт бойынша чемпион атанды.

Атыраулық 15 жастағы Ернұр Сатыбалдының өзгелерді шабыттандыратын оқиғасы сенімнің, табандылықтың және қолдаудың шынайы ғажайыптар жасай алатынын көрсетті.

Ғажайып оқиға 

Сал ауруы диагнозымен сә­би кезінен күресіп келе жатқан Ернұр аяққа нық тұрып қана қоймай, жалпы білім беретін мектепте оқиды және пара ат спорты бойынша медальдар жеңіп алып жүр. Ернұрға алты айлық кезінде қойылған диаг­ноз бүкіл отбасы үшін үлкен сы­нақ болды. Оның анасы Наз­гүл Есенғалиева сол кезден бас­тап ұлын емдеуге бар өмірін ар­нады: оңалту, массаж, ма­нуал­ды терапия, басқа қалалар мен елдерге сапарлар. Бірақ бә­рін өзгерткен сәт – Ерлан Кү­місқалиев басқаратын «Аты­рау. Кішкентай ел» қоғамдық бірлестігімен танысу болды.

– Бұл орталық туралы алғаш рет Ернұр 1 жас 7 айлық кезінде теледидардан білдім. Сол кезде орталықта небәрі екі терапия­лық ит – Федя мен Форбс жұ­мыс істеді. Солардың арқасын­да ұлымның ас қорыту жүйесі жақ­сара бастады, – деп еске алады Назгүл Есенғалиева.

Үш жыл бұрын бұл бірлестік аясында иппотерапия орталығы ашылды. Ернұр сол жерде жат­тыға бастаған алғашқы бала­лардың бірі болды. Бұл жатты­ғулар жай ғана пайдалы емдік тәсіл емес, нағыз серпіліс бол­ды. Ернұр атқа мініп үйренді, өзіне деген сенімділік артты, жа­рыстарға қатыса бастады. Бүгінде ол – пара ат спортының үш дүркін чемпионы.

– Иппотерапияның арқа­сында Ернұр өздігінен жүре бас­тады. Енді оған қолдау қажет емес. Ол инклюзивті сыныптан жалпы сыныпқа ауысты. Қазір оның физикалық және ментал­дық дамуы өз жасына сай. Біз тіпті Д.Нұрпейісова атындағы музыка академиясына түсуге да­йындалып жүрміз. Өйткені Ернұр музыкаға ғашық. Егер оқуға түсе алмаса, 10-сыныпта оқуды жалғастырамыз, – дейді анасы.

AMP

«Атырау. Кішкентай ел» ҚБ-ның иппотерапия орталы­ғын­дағы барлық бағдарламалар табиғи әдістерге негізделген – дәрі-дәрмексіз, табиғаттың, жануарлардың және кәсіби нұсқаушылардың көмегімен емдеу жүзеге асады.

– Біз мейірімді және сезім­тал жануарлармен жұмыс іс­­­тейтінімізді мақтан етеміз. Бұл жай ғана атқа міну емес – бұл ке­шен­­­ді терапия. Қазір бізде ар­на­йы үйретілген 12 жылқы бар, – дейді Ерлан Күмісқалиев.

Орталық қазірдің өзінде Ма­қат және Құрманғазы ауданда­рында белсенді жұмыс істеуде. Бірақ команда мұнымен тоқтап қалмақ емес. Мақсат – облыс­тың барлық аудандарында фи­лиал ашу. Қазірдің өзінде жаңа бағдарламалар әзірленіп, ма­ман­дар іріктеліп жатыр.

Шыны керек, Атырау қа­ла­сы маңындағы Ақсай ауылында орналасқан «Атырау. Кішкентай ел» – бұл еліміздегі теңдесі жоқ әлеуметтік жоба. Мұнда 12 жыл­дан бері ми мен жұлынның ауыр жарақаттарын алған балалар мен ересектерге ерекше тәсіл­мен көмек көрсетіліп келеді. Ақ халат пен аурухана қабырға­ларының орнына табиғат ая­сында шипа беретін, мейірімге толы орта қалыптасқан. Бұл – тек емдеу орны емес, бұл – өмірді сүюді үйрететін, үміт пен жанашырлық мекені.

Табиғат аясындағы ерекше ауыл

«Атырау. Кішкентай ел» әлеуметтік ауылы 5 гектар ау­мақты алып жатыр. Мұнда ар­найы оқу корпусы, отбасыларға арналған қонақ үй кешені, жа­бық иппотерапия алаңы, ат қо­ралар мен жылқыларға ар­налған еркін жайылым аумағы бар. Алайда бұл ауылдың нағыз ерекшелігі – ондағы адамдар­дың жүрегінде. Мұнда махаббат пен жанашырлық – басты ем.

Ауылда иппотерапияға ар­налған 10 жылқы, арнайы үйре­тілген 2 канистерапевт ит және 6 мысық «жұмыс істейді». Мұн­да осы команданың көмегімен ерекше балалармен, инсульт алған жандармен, мүмкіндігі шектеулі ересектермен жа­нуар­лар арқылы жұмыс жүргізіледі. Бұл әдістер – ғылыммен дәлел­денген ем түрлері.

Ауылдың негізін қалаушы Ерлан Күмісқалиевтің ай­туынша, жақында орнитоте­рапия да іске қосылады. Бұл – тыныс жолдарын жақсарту үшін арнайы құстардың сайрауын тыңдай отырып, дұрыс тыныс алуға үйрету әдісі. Жылқы мен адам ағзасындағы қан айналым жүйесінің ұқсастығы иппо­терапияны ерекше емдеу әдісіне айналдырады. Ат үстінде жүр­генде берілетін микроқоз­ға­лыстар мен вибрациялар қан айналымын жақсартып, миға оттек жеткізуге көмектеседі.

«Кішкентай ел» – тек оңалту орталығы емес, сонымен қатар кәсіби иппотерапевтерді даяр­лайтын оқу орны. Қазір мұнда халықаралық деңгейдегі 7 ма­ман жұмыс істейді. Олар әр пациентке жеке бағдарлама жасайды. Өткен жылы мұнда 27 жаңа маман дайындалып, аймақтарда жаңа иппотерапия орталықтары ашыла бастады.

Чемпиондар ауылы 

Мұнда Атырау облыстық Спорт басқармасымен бір­лескен параат спорты секциясы жұмыс істейді. Тірек-қимыл жүйесі бұзылған жандар параат спорт түрімен айналысып, Қазақстан чемпионаттарына қатысып, жүлде иегері атануда. Ерлан Күмісқалиевтің өзі – кәсіби спорт жаттықтырушысы, осы бағытта бірнеше чемпионды тәрбиелеген.

Ауыл ұжымы да өз күшімен табыс көздерін табуда – био­гумус өндіріп, сатады, саумал мен қымыз ұсынады, демалыс күндері қолжетімді бағамен иппотерапия сеанстарын өт­кізеді. Жақында экскурсиялық бағыттағы турлар ұйымдасты­рылмақ. Бұл – ауыл өмірімен танысып, жануарлардан ем алғысы келетіндер үшін керемет мүмкіндік.

– Бізге қол күші жетіспей жатады. Екі мыңнан астам ағаш бар, оларға күтім жасау керек. Ағашты ақтап, аумақты ретке келтіріп кететін еріктілерге әрдайым қуаныштымыз. Ит мен мысықтарға жем, дәрі-дәр­мек алып берген жандарға да шек­сіз алғыс, – дейді Ерлан Кү­місқалиев.

«Кішкентай ел» – бұл тек ем орны емес. Бұл – жүрекпен жұ­мыс істейтін жандардың мекені. Бұл жерде үміт оты өшпейді. Әр­кімге есігі ашық. Себебі жақ­сылық көп болуы керек. 

 

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы