2000 жылдардың басында Маңғыстау ауданының ақсақалдары сол кездегі облыс әкімі Ләззат Қиыновқа хат жазып, Жетібайдан Шетпеге дейін газ тартуды сұраған еді. Бұл бастама тек бір аудан үшін емес, бүкіл Қазақстанды газдандыру жолындағы алғашқы қадамдардың бірі болды.
Бүгінде сол армандар ақиқатқа айналды. Тиген мен Тасмұрын ауылдарына да табиғи газ беріліп, нәтижесінде Маңғыстау өңірінің 99% елді мекені көгілдір отынмен қамтылды. Бұл – Президенттің елімізді газдандыру жөніндегі стратегиялық саясатының нақты жемісі.
– Бұл маңызды жобаны кезінде сайлаушыларымыз Самат Мұсабаев екеумізге аманат еткен болатын. Біз қолдан келген барлық көмекті көрсеттік. Сонымен бірге, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай бастаған команда бұл істің уақытылы және сапалы жүзеге асуына зор үлес қосты. Ең бастысы, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты артады. Газ келген ауылға тіршілік оралады: жастар кері оралып, шаруашылық кластері дамиды, жаңа мүмкіндіктер ашылады. Үлкен идеялардың жүзеге асуы осындай жергілікті жобалардан басталады, – дейді Еділ Жаңбыршин.
Депутат сапар барысында мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерімен жүздесті. Кездесу барысында жергілікті тұрғындар бірнеше маңызды мәселені көтерді. Атап айтсақ, Жармыш ауылындағы ішкі жолдарды жөндеу және спорт кешенін салу; жобалық-сметалық құжаттамаларда (ЖСҚ) жіберілетін қателіктерді түзету; құрылыстың нақты мерзімін 3 жылға дейін ұзарту мәселесі – себебі жобалар жыл басында басталмай, қаржы кеш бөлінеді, нәтижесінде мерзім созылып, қайтадан ЖСҚ түзетіледі. Сонымен қатар Шетпе–Қызан жолының аяқталмай қалған 3 шақырымын бітіру, Қызан, Сайөтес ауылдарында дәрігер тапшылығы мәселелері де айтылды.
К.ЕСІМ