Қарбыздың адамды семіртетіні рас па?

Қарбыздың адамды семіртетіні рас па?
Қарбыздың 90%-дан астамы судан тұрады.

Соңғы жылдары «қарбыз арықтауға кедергі келтіреді» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Оның тәтті дәмі мен шырынды құрылымы халық арасында артық салмақ жинау қаупімен байланыстырып келеді. Бұл пікір шындыққа қаншалықты жанасады? Мәселені El.kz интернет порталы ғылыми деректерге сүйене отырып талдап көрмек, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қарбыздың құндылығы неде?

Қарбыздың 90%-дан астамы судан тұрады. Ол ағзаны ылғалдандырып, артық натрийді шығарады. Құрамындағы калий, С, А және В6 дәрумендері жүрек жұмысына, тері мен иммунитетке оң әсер етеді. Бұдан бөлек, қарбыз құрамында ликопин бар, бұл жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алуға көмектесетін табиғи антиоксидант.

 

Тағы бір маңызды зат   цитруллин аминқышқылы. Ол қан тамырларын кеңейтіп, артериялық қысымды қалыпқа келтіруге ықпал етеді. Демек, қарбыз тек шөл қандыратын өнім ғана емес, пайдалы қасиеттері бар функционалды тағам.

Қант және калория: қарбыздан семіресіз бе?

100 грамм қарбызда бар болғаны 6-7 грамм табиғи қант және шамамен 30 килокалория бар. Салыстыру үшін: бананда   90 ккал, ал алмада   50-60 ккал. Тіпті, 300-400 грамм қарбыз жеген күннің өзінде, күнделікті калория нормасы бұзылмайды.

Қарбыздың гликемиялық индексі жоғары болғанымен, гликемиялық жүктемесі төмен. Яғни, қандағы қант деңгейі күрт көтерілмейді. Зерттеулерде қарбызды тұрақты әрі орынды тұтыну салмақты азайтып, май массасын және артериялық қысымды төмендетуге көмектесетіні көрсетілген.

Қарбызды кешкі уақытта жеуге бола ма?

Халық арасында кешкі уақытта қарбыз жеу зиян деген пікір де бар. Алайда бұл пікірдің ғылыми негізі жоқ. Артық салмақ тек жалпы тәуліктік калория мөлшерінің артуынан пайда болады. Яғни, қарбызды түнде жесе де, егер күні бойы калория шегінен аспасаңыз, салмақ қосылмайды.

Қарбыздан тек шамадан тыс мөлшерде жеген жағдайда асқазан-ішек жолында кебу және жайсыздық болуы мүмкін. Бұл жеке ерекшелікке байланысты.

Сонымен.... Қарбыз   жаздың таптырмас сергіткіші әрі денсаулыққа пайдалы жеміс. Оны дұрыс мөлшерде тұтыну салмақ қосудың емес, денсаулықты нығайтудың бір жолы. Қарбыз туралы мифтерге сенудің қажеті жоқ: бұл   қарапайым, дәмді және пайдалы тағам.