Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин қазақ даласында әр дәуірде пайда болып, үздіксіз жалғасып келе жатқан идеялық тұғырнамалардың ошағына айналдырған ойшылдардың көп болғанын сөз етті, –деп хабарлайды Аikyn.kz сайты. Ол бұл туралы Egemen Qazaqstan басылымында «Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің алтын бесігі» атты жарияланған мақаласында жазған.
Оның айтуынша, Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін құлашын кең созып жатқан далада талай ғұлама ғалымдар өткен.
– Өткен замандарда, әсіресе орта ғасырлардағы Орталық Азия аймағы барша адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан озық ойлардың да ордасы болған. Әйгілі ғалым Фредерик Старр «Айырылып қалған ағарту ісі» атты кітабында бұл өңірдің әлемдік ғылымның, философия мен мәдениеттің негізін қалау ісінде Батыстан көш ілгері болғанын нақты дәлелдермен көрсетеді. Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін құлашын кең созып жатқан далада талай ғұлама ғалымдар өткен. Біз – олардың теңдессіз еңбектерінің және даналық дәстүрлерінің заңды мұрагеріміз.
Қазақ даласын әр дәуірде пайда болып, үздіксіз жалғасып келе жатқан идеялық тұғырнамалардың ошағы деуге толық негіз бар. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи сияқты ойшылдардың іргелі еңбектері, жырауларымыздың толғаулары мен билеріміздің шешендік сөздері, Абайдың, Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіптің асыл мұралары – соның айқын дәлелі. Түрлі тарихи кезеңде өмір сүрсе де, олардың саяси-философиялық көзқарастары ұқсайды. Өйткені бір-бірінің арасында қанша дәуір жатса да, олардың рухани сабақтастығы ешқашан үзілген емес, – дейді ол.
Ерлан Қаринның айтуынша, ұлы ойшылдарымыздың мұралары күллі адамзатқа ортақ жаһандық өркениетке де әсерін тигізген.
– Тарихта «Әлемнің екінші ұстазы» деген атпен қалған Әл-Фараби өз еңбектерінде әділдік идеясын дәріптеп, қайырымды қоғам құру мәселесін көтерді. Оның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында мемлекетті басқару ісіне қатысты ерекше ұстанымдар айтылған. Ұлы ғұлама кез келген мемлекеттің қуаты оның әскери немесе экономикалық үстемдігінде емес, адамгершілік құндылықтарда екенін айтады. Жүсіп Баласағұнның көзқарастары Әл-Фараби идеяларымен тығыз астасып жатыр. Ол «Құтадғу білік» атты негізгі еңбегінде мемлекетті дұрыс басқарудың ең төте жолы әділ заңдар және барлық істе қара қылды қақ жаратын әділдіктің үстемдік құруы екенін алға тартады. Ал Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегін өз заманындағы ең ауқымды сөздік қана емес, тұтас дәуірдің тыныс-тіршілігі туралы орасан зор мағлұмат беретін теңдессіз энциклопедия деуге болады. Адамзат өркениетін дамытуға Қожа Ахмет Ясауи ілімі зор ықпалын тигізді. Ол әйгілі даналық кітабы – «Диуани хикметте» адамгершілік құндылықтар және рухани бірлік туралы толғанып, артына мәңгі өшпес мұра қалдырды. Ұлы Абай әрбір өлеңі мен қара сөзінде қазақты бойындағы кемшіліктен арылып, кемел жұрт болуға шақырды. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп, талай ұрпаққа рухани азық болатын өшпес өсиет айтып кетті. Шәкәрім де адалдық, еңбекқорлық, білімпаздық сияқты қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіруге ұмтылды.
Бұл ойшылдар қазақ жерінен шыққаны үшін ғана емес, ең бастысы, еңбектері халқымыздың таным-түсінігіне, табиғатына сай болғаны үшін біздің жанымызға жақын. Ғұламаларымыздың көзқарастары өзіміздегі өмір шындығынан алынғандықтан, қанша ғасыр, қанша жыл өтсе де, ешқайсысы өзектілігін жойған жоқ, – дейді ол.