Шығыс Қазақстан облысында 356 елді мекенге арналған 56 арнайы мал сою орны тіркелген

Басқосуда ШҚО Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов ветеринария саласындағы жүргізілген жұмыстың нәтижелері және 2025 жылға арналған жоспарымен бөлісті.

 

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша 356 елді мекенге арналған 56 арнайы сою орны (19 сою пункті және 37 сою алаңы) тіркелген. Әлі де болса, 27 бірлік арнайы мал сою орны қажет, – деп хабарлайды Aykin.kz сайты.

Бүгін Өскемен қаласында 10 шілде Ветеринариялық қызметкер күніне орай "Шығыс Қазақстан облысындағы жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу және биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша басымдықтары мен бүгінгі заманның талаптарын қамту" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосуда ШҚО Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов ветеринария саласындағы жүргізілген жұмыстың нәтижелері және 2025 жылға арналған жоспарымен бөлісті. 

Оның айтуынша, эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуының негізгі шарты және мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру үшін қажетті қадам. Ветеринариялық әл-ауқат жануарлардың денсаулығына, шаруашылықтардың өнімділігіне және агроөнеркәсіптік кешеннің экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

– Аймақтық ветеринариялық қызметтің негізгі міндеті эпизоотиялық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету. Бұл заманауи профилактикалық шараларды енгізу, уақытылы диагностика, жануарлардың денсаулығын тұрақты бақылау және инфекция ошақтарын тиімді жою арқылы жүзеге асырылады. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысындағы эпизоотиялық жағдай тұрақты. Қазіргі уақытта аса қауіпті инфекциялардың тіркелген ошақтары жоқ. Аса қауіпті инфекциялық ауруларға қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мемлекеттік қолдау аясында 2025 жылға ветеринариялық әл-ауқатты қамтамасыз ету шараларын іске асыруға 1,9 миллиард теңге бөлінді, оның ішінде республикалық бюджеттен 470 миллион теңге трансферттер қарастырылған, – дейді Рамиль Сағандықов.

Басқарма басшысы негізгі қаржыландырудан бөлек, 2025 жылы эпизоотияға қарсы іс-шаралар аясында ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған қосымша шаралар қарастырылғанын айтты.

– Соңғы 12 жылда алғаш рет ауылдық округтердің ветеринариялық пункттері мен коммуналдық кәсіпорындар үшін 5 жылға дейінгі мерзімге қызметтік автокөліктерді лизингке сатып алу үшін қаражат бөлінді. 112 бірлік арнайы автокөліктерді жеткізу жоспарлануда, олар тоңазытқыш жабдықтармен және қажетті ветеринариялық құралдармен жабдықталған.

Ветеринариялық қызметті жаңғырту аясында сондай-ақ:

  • Жануарларды дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау үшін арнайы автокөліктерді сатып алу (13 бірлік);
  • Аса қауіпті инфекциялардан өлген жануарлардың өлекселерін жою үшін жылжымалы көлік құралдарын сатып алу;
  • Ветеринариялық препараттарды салқын тізбек шарттарын сақтай отырып жеткізу үшін рефрижератор сатып алу;
  • Ауру малдарды арнайы сою пункттеріне тасымалдау үшін арнайы машиналар сатып алу қарастырылған.

Барлық аталған шаралар тиімді және жедел әрекет ету жүйесін құруға бағытталған, бұл:

  • Эпизоотиялық қауіп-қатерлерді төмендетуге;
  • Шаруашылықтардың биоқауіпсіздік деңгейін арттыруға;
  • Мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін екі есе тұрақты арттыруға жағдай жасауға мүмкіндік береді, –  деді ол. 

Оның айтуынша, аймақта қабылданып жатқан шараларға және оң динамикаға қарамастан, Шығыс Қазақстан облысының ветеринария саласында мал шаруашылығының дамуын тежейтін және қол жеткізілген нәтижелерді жоюы мүмкін бірқатар жүйелік мәселелер әлі де бар. 

Біріншіден – бруцеллез, негізгі эпизоотиялық қауіп-қатер. Бұл созылмалы инфекциялық ауру, елеулі экономикалық шығындарға әкеледі және халықтың денсаулығына қауіп төндіреді. Аурушаңдықтың төмендеу тенденциясына қарамастан, бруцеллез Қазақстанда ғана емес, көрші мемлекеттерде де таралған мәселе.  Бруцеллезге қарсы күрес стратегиясы, Ауыл шаруашылығы министрінің № 587 бұйрығымен бекітілген, жалпы ғылыми негізделген.

Екіншіден – заманауи санитариялық талаптарға, инфрақұрылымға сәйкес келетін ветеринариялық пункттердің болмауы, басым көпшілігінің материалдық-техникалық жағдайы жасақталмағаны тағы бар. 99 жұмыс істеп тұрған ветеринариялық пункттің ішінде:

  • 38-і жеке ғимараттарға ие, олардың көпшілігі апатты жағдайда;
  • 36-ы әкімдіктер ғимараттарында орналасқан;
  • 18-ы ауыл шаруашылығы құрылымдарының ғимараттарында;
  • 7-і жеке үйлерде орналасқан.

Электр энергиясы, жылу, интернет, суық және ыстық сумен жабдықтау, санитария және жануарларға арналған бөлмелердің болмауы іс-шаралардың тиімділігін және халықтың сенімін төмендетеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ветеринариялық бақылау комитетінің басым бағыты Жамбыл облысы үлгісі бойынша толық инфрақұрылымы бар ғимараттарды салу қажет. 

Үшіншіден, мал өлекселерін көму орындары және сібір жарасы жерлеу орындарын ретке келтіру. Облыс бойынша 157 мал өлекселерін көму орны және 101 сібір жарасы жерлеу орны бар. Көму орындарын ұстауға жыл сайын 10 миллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. 2024 жылы сібір жарасы жерлеу орындарын жөндеуге 52,0 миллион теңге бөлінді. Бүгінде 83 нысанның 62-сі санитариялық нормаларға сәйкес келтірілді. Индикативті жоспар бойынша қосымша 57 көму орны қажет, оның ішінде 12-сі 2024 жылға, 22-сі 2025 жылға және 23-і 2026 жылға жоспарланған.

Төртіншіден, арнайы мал сою орындары. Облыс бойынша 356 елді мекенге арналған 56 арнайы сою орны (19 сою пункті және 37 сою алаңы) тіркелген. Арнайы сою орындарына қажеттілік 27 бірлікті құрайды. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, арнайы сою орындарын салуды ұйымдастыру – кәсіпкерлік қызметтің құзыреті, ал ауру малдарды санитариялық союды ұйымдастыру – жергілікті атқарушы органдардың міндеті,   – дейді ШҚО Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов.

Оның сөзінше, Шығыс Қазақстан облысындағы эпизоотиялық жағдай тұрақты. Ал бұл дегеніміз  –ветеринариялық қызметтің жүйелі жұмысының нәтижесі.

 – Бруцеллез, инфрақұрылымдық тапшылықтар, кадрлық қиындықтар мен арнайы сою нысандарының жетіспеушілігі сияқты мәселелерге қарамастан, инфекция ошақтарының азаюында оң динамика байқалады. Жоғарыда аталған мәселелерді шешу барлық деңгейдегі басқару органдарының келісілген жұмысын талап етеді.
Сондықтан "жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші, біз барлық мүдделі тараптардың қолдауымен қойылған мақсатқа қол жеткізетінімізге сенімдіміз, – деді ол.

Рауан Бердібек