Соңғы жылдары осы сала бойынша еліміздің ғылыми және өндірістік ортасында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жоба бар. Әрқайсысы ерекше назар аударуға тұрарлық. Солардың бірі – техника ғылымдарының докторы, профессор Б.Кенжалиев бастаған ғалымдар тобы әзірлеген «Экологиялық қауіпсіз вакуум-термиялық технологияны әзірлеу және түсті металлургияның жарамсыз шикізатынан маркалы селен өндіру» атты ғылыми-техникалық жобасы. Бұл жоба өнеркәсіптік деңгейде сәтті жүзеге асырылды. Қазақстанда көп жыл бойы түсті металдардың полиметалл кендерін өңдеу ісі негізгі металдарды – мыс, қорғасын, мырыш, алтын, күміс және молибден өндіруге бағытталып келді. Олардың жанама компоненттері – селен, теллур, сүрме, мышьяк, висмут сынды бағалы микроэлементтер көп жағдайда өндірісте толық пайдаланылмай, қалдық күйінде қалып отырды. Алайда қазіргі заманның талабы, жаһандық нарықтағы өзгерістер және өнеркәсіптің тиімділігін арттыру қажеттігі бізден шикізатты мейлінше толық игеруді және жоғары қосылған құнды өнімдер алуды талап етеді. Яғни, кешенді әрі экологиялық жағынан қауіпсіз технологияларды енгізу – бүгінгі күннің басты талабы.
Аталған ғылыми жоба – ұзақ жылдарға созылған зерттеулердің, теориялық және тәжірибелік жұмыстардың, сондай-ақ нақты өндірістік шешімдердің нәтижесі. Авторлар: профессор Б.Кенжалиев жетекшілігіндегі ғалымдар В.Володин, Е.Оспанов, С.Требухов, А.Шахалов – селенді тазартудың жаңа, тиімді әрі экологиялық қауіпсіз вакуум-термиялық әдісін әзірлеп, оны «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өндірісіне енгізді.
Қазір бұл технология бойынша өндірілген маркалы селен ГОСТ 10298-2018 стандартына толық сәйкес келеді, негізгі компоненттің үлесі 99,5%-дан жоғары. Мұндай сападағы өнім тек ішкі нарықта ғана емес, экспортқа да жоғары сұранысқа ие. Осы орайда өндірілген 100 тоннадан астам рафинирленген селеннің өзі 300 миллион теңгеден астам таза табыс әкелгені – жобаның экономикалық тиімділігін айқын көрсетеді.
Жобаның тағы бір ерекше қыры – оның экологиялық қауіпсіздігі. Жаңа технология атмосфераға зиянды заттардың бөлінуін күрт азайтады, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді, шикізатты толығырақ пайдалануға жол ашады. Бұл – Қазақстанның экологиялық стандарттарын сақтау мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Сонымен қатар еліміз үшін сирек кездесетін және стратегиялық маңызы бар элементтер – селен, теллур сынды элементтерді өз өндірісімізде тиімді игеру – тек экономикалық пайда ғана емес, технологиялық егемендік пен ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды. Бұл ғылыми жоба – отандық ғылым мен өндірістің өзара тиімді ықпалдастығының жарқын үлгісі болмақ. Бұл жұмыс Қазақстан металлургиясының жаңа деңгейге көтерілуіне, сирек металдарды тиімді өндіру және экспорттау ісіне үлкен серпін береді. Сондықтан профессор Б.Кенжалиев бастаған авторлар ұжымының «Экологиялық қауіпсіз вакуум-термиялық технологияны әзірлеу және маркалы селен өндіру» жөніндегі ғылыми еңбегін әл-Фараби атындағы 2025 жылғы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну – толық негізделген және әділетті шешім деп санаймын.
А.СЫЗДЫҚОВ,
Қ.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар
институтының директоры