Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында маусым айында болған қамыс өрті ауа сапасының нашарлауына әсер етіп, жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мәселе ҚР Парламенті Мәжілісінде де көтерілді. Атырау облысына жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов пен Әділ Жұбанов Қашаған кен орнындағы жұмыс сапарынан кейін тікұшақпен резерват аумағына барды. Депутаттар резерват басшысы Дәурен Есқабылов пен Атырау облысы ТЖД басшысы Нұрлан Жаңабаевпен кездесті.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, резерватта батпақты жерлермен жүретін арнайы техника жетіспейді. Резерват басшылығы мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқанын мәлімдеді.
Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, осыған дейін резерваттың үш жылдық кезеңіне 951 миллион теңге қаржы бөлінген. Дегенмен сумен жүретін машиналар мен тікұшақ сияқты маңызды техникамен жабдықтау мәселесі әлі толық шешілген жоқ.
– Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отыр. Қамыс өртіне қарсы нақты шаралар қабылдануы қажет. Осы іссапардан кейін резерватты жергілікті атқарушы орган құзыретіне беруді ұсынамыз. Бұл арқылы қаржыландыру мен техникалық қамтамасыз ету мәселесін оңтайлы шешуге болады, – деді депутат.
Сонымен қатар депутаттың сұрағына жауап берген Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басқарма басшысы Ануарбек Бермағамбетов резерватқа 2023 жылы Атырауға 219 млн теңге, биыл 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлінгенін хабарлады. Бұл қаражатқа арнайы техникалар сатып алынуда. Алайда резерват орман қоры нысандарына жатпайтындықтан, тікұшақ сатып алу жоспарда жоқ екенін жеткізді.
– Қазіргі таңда тікұшақтар тек орман қоры бар, өрт қаупі жоғары 11 облысқа ғана бөлінген. Ал резерваттың мәртебесіне байланысты мұндай мүмкіндік қарастырылмаған, – деді комитет өкілі.
Сондай-ақ ол резерватты жергілікті атқарушы органға беру үшін заңға өзгеріс енгізу қажет екенін атап өтті.
Баян Жанұзақова