Жыл басынан бері 870 адам интернет-алаяқтық үшін жауапкершілікке тартылды – Ішкі істер министрлігі

Жыл басынан бері 870 адам интернет-алаяқтық үшін жауапкершілікке тартылды  – Ішкі істер министрлігі
Полиция байланыс операторларымен бірлесіп, 66,9 млн жалған қоңырауды бұғаттады.

Биыл алты айда 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелген. Оның 870 адам интернет-алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды,  деп хабарлайды Aykin.kz сайты. Бұл мәліметтерді ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте департамент бастығы Жандос Сүйінбай бөлісті.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша,  Ішкі істер министрлігінің құрылымында Өңірлік бөліністері бар арнайы киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды. Құрылым тек интернет алаяқтықты ашумен ғана емес, оның алдын алу, ұйымдастырушылық және заңнамалық реттеу шараларымен де айналысады. 

 – Полиция 74 sim-box құрылғысын және тіркелмеген 88 мыңнан астам sim-карта тәркіледі. Бұл деректерге қатысты 30 адам ұсталды, оның ішінде 14-і – шетел азаматы. Интернет-кеңістікке тұрақты мониторинг жүргізу нәтижесінде заңға қайшы мазмұндағы 59 мың интернет-ресурс анықталып, бұғаттауға жолданды. Жыл басынан бері 870 адам интернет-алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. "Антифрод-орталығы" арқылы банктермен бірлескен жұмыс нәтижесінде азаматтардан ұрланбақ болған 2,6 млрд теңгеден астам қаражаттың шығарылуына жол берілмеді. Полиция байланыс операторларымен бірлесіп, 66,9 млн жалған қоңырауды бұғаттады,  деді  ол.

Республикалық деңгейде әр тоқсанда жедел алдын алу  шаралары өткізіліп отырады.

- Алаяқтарды анықтау мақсатында шетелдік әріптестермен белсенді қарым-қатынас жасалуда, олармен тікелей байланыстар мен жедел ақпарат алмасу арналары қалыптастырылған. Мысалы, осы жылдың қаңтар айында біз Арменияда бірлескен операция өткіздік, онда Еуропа мен ТМД елдерінің тұрғындарын алдап келген алаяқтардың екі call-орталығының көзін жойдық,  деді ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларында орналасқан бес call-орталықтың жолы кесілген.