Бес жылда елімізде 40-тан астам жаңа су қоймасы салынбақ

Бес жылда елімізде 40-тан астам жаңа су қоймасы  салынбақ
2025 жылы ведомство республикалық бюджет және халықаралық қаржы ұйымдары есебінен 98 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.

Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылдың соңына дейін Қазақстанда жаңадан 42 су қоймасын салу және жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасын реконструкциялау жоспарлануда, деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Primeminister.kz-ке сілтеме жасап. 

Президенттің тапсырмасы бойынша, Үкімет Су ресурстары және ирригация министрлігі атынан су саласындағы толыққанды ахуалмен бөлісті. Олардың мәлімдеуінше, Солтүстік өңірлерде жаңа су қоймалары 216 елді мекенді су басуына жол бермей, 1,5 млрд м3 қарғын суды жинауға көмектеседі. Оңтүстікте олар суару алаңдарын 295 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2025 жылы ведомство республикалық бюджет және халықаралық қаржы ұйымдары есебінен 98 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.

Министрлік қазірдің өзінде Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында суару желілерін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізуде. Қызылорда облысында өткен жылдан бастап жалпы ұзындығы 232 шақырым – Жаңа Шиелі, О-2, Келінтөбе, Әйтек, Сунақата 5 су арнасында суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орната отырып, гидропосттарды реконструкциялау жобасы іске асырылуда.

Сонымен бірге Қызылорда облысының 16 магистралды және шаруашылықаралық арналарын автоматтандыру мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жобаларды жүзеге асыру 2025 жылдан 2027 жылға дейінгі мерзімге жоспарланған, арналардың жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымнан асады.

Сондай-ақ 2025-2027 жылдары Түркістан облысында 80 арнаны және Жамбыл облысында 77 арнаны автоматтандыру жоспарланған. Қазіргі уақытта автоматтандыруға жататын арналар санының ұлғаюын ескере отырып, жобалау-сметалық құжаттама өзектендірілуде.

Автоматтандыру жобаларында су ресурстарын жоспарлау, пайдалану және басқару мүмкіндігі бар бағдарламалық шешімді қоса алғанда, шығын өлшегіштері бар қақпаларды орнату қарастырылған. Процесті қашықтан басқару және автоматтандыру объектіге шығу қажеттілігін жояды және судың таралуын бақылауға мүмкіндік береді. Операциялар қашықтан орындалады және тәуліктің кез келген уақытында автоматты түрде жұмыс істеу үшін ыңғайластырылады.

Суару арналарында автоматтандыруды енгізу жеке шаруашылық деңгейінде де, өңір ауқымында да бірқатар маңызды артықшылықтар мен ұзақмерзімді тиімділік әкеледі. Бұл шылқытып суару немесе жеткіліксіз суару факторларын жояды, фермерлер арасында ресурстарды ашық бөлуді қамтамасыз етеді.

Нәтижесінде, бұл жобалар егіндік судың шығынын 20-30%-ға азайтуды және ауданы 420 мың гектардан астам суармалы жерлердегі суды есепке алуды қамтамасыз етуі тиіс. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өндірушілерімен су беруге қатысты 22,5 мың шарт жасалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 мыңға артық.

Бұдан басқа, осы жылдың соңына дейін топтық су құбырларын салу бойынша 24 жобаның 12-сін аяқтау жоспарлануда, бұл жалпы тұрғыны 423 мың адамды құрайтын 153 ауылды сапалы ауызсумен қамтамасыз етеді. Тағы 52 елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылады.

Сонымен қатар биыл жаңадан 4 су қоймасының құрылысын бастау және жұмыс істеп тұрған 4 су қоймасын реконструкциялау жоспарлануда. Батыс Қазақстан облысындағы құрылысы дайындалып жатқан «Үлкен Өзен» су қоймасы (28 млн м3) тасқын суларды жинақтау және ауыл шаруашылығы алқаптарын суару үшін пайдаланылатын болады.

Алты облыс аумағында цифрландыру элементтерін қолдана отырып, 115 арнаны қайта жаңарту жоспарлануда және Астана су қоймасын толтыру үшін құрылыстар салумен қатар қолданыстағы арнаны кеңейту және тазарту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан басқа, 2025 жылы көлемі 256 мың га аспалы 1,9 мың шақырым астам суару каналдарын пайдалануға беру көзделген. «Қазсушар» филиалдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін Үкіметтің қолдауымен 757 бірлік арнайы техника мен көлік сатып алу жұмыстары басталды. Бүгінде  273 арнайы техниканы «Қазсушар» филиалдары қабылдады.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, биыл 150 мың гектар суармалы жерге қосымша су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен бірге субсидияларға сараланған тәсіл енгізілді: суды үнемдейтін технологияларды қолданатын фермерлерге үлкен көлемдегі мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл тиімді суару жүйелеріне – жаңбырлату, тамшылату, лазерлік орналастыру тәсілдеріне көшуді ынталандырады.