«Ақсақалдық батасы төбемді көкке жеткізді»: Мұхамеджан Тазабекті кімдер туған күнімен құттықтағаны белгілі болды

«Ақсақалдық батасы төбемді көкке жеткізді»: Мұхамеджан Тазабекті кімдер туған күнімен құттықтағаны белгілі болды
Белгілі қоғам қайраткері, ақын әрі публицист Мұхамеджан Тазабек 50 жасқа толды.

Күні кеше айтыскер ақын, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабек 50 жасқа толды. Бұған дейін туған күнін кең көлемде атап өтуді қажет деп санамаған ол, осы жолы "ердің жасы" болғандықтан, мерейтойға ерекше мән бергенін айтты. 

«Аллаға шүкір, бүгін сол биікке жеттім. Жарты ғасырлық өмірден түйгенімді “Енді айтуға болады” атты кітабымда баяндадым», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Мерейтой иесін құттықтағандардың қатарында қоғам, мәдениет өкілдері, облыс әкімдері және ел ағалары бар. Таңертеңнен бастап келіп түскен лебіздердің ішінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің жылы лебізін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та ақынға ақжарма тілегін арнап, шығармашылығына қолдау білдіріп, өңірдің рухани дамуына қосқан үлесін атап өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауы да Мұхамеджан Тазабекке жеткен. Ол бұл хаттың өзі үшін аса қымбат екенін айтып, Елбасының ақ батасы мен жүрекжарды тілегі көңілін толқытқанын жасырмады.

Сонымен қатар Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қор да арнайы құттықтау жолдап, ізгі тілектерін білдірді.

ЕЛУДІҢ жөні бөлек!
Артыңа ойлана қарап, алдыңа үмітпен көз салатын жас…
Аллаға шүкір, бүгін сол биікке көтерілдім. Аз-кем түйгенімді "Енді айтуға болады" кітабымда жаздым.
Бүгін "ердің жасына келдіңіз" деп, ақ тілегін арнап жатқан ағайын көп. Алла разы болсын!
Мені қуандырсаңыздар, Алла сіздерді де қуандырсын!
Таң азанмен құттықтау хат жолдаған, туған өлкемнің басшысы, Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеевке алғысым шексіз!
Сыр өңірін берекеге толтырып, республикада көш бастап тұрған, ақын мен жыршының, жазушы мен драматургтың, өнерпаз бен шебердің қолдаушысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтан ақ тілек, алғыс хат келіп жетті. Алладан қайтсын!
Тұңғыш Президентіміз Нұр ағаның ақсақалдық батасы мен ризашылыққа толы құттықтау хаты төбемді көкке жеткізді. Өзіңіз қалаған еліміздің әр кірпіші нығайып, тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей берсін!
Өзім батасын алып, тәрбиесін көрген Димаш Ахметұлының халықаралық қоры ақ тілек арнап, ықыласын жаудыруда. Алладан қайтсын! деп жазды ол.