Бүгінде Бадам өзенінің бойында орналасқан индустриялық аймақта 1 миллион тоннадан астам өндірістік қалдық жиналып қалған. Мұндай қалдықтар кезінде қорғасын зауытынан қалған. Кезінде зауыт тоқтап, қалдық иесіз күйде қалған болатын. Алайда кейінірек қала әкімдігі осы аумақтан индустриялық аймақ құрып, бірқатар кәсіпорынды осы аймаққа шоғырландырған. Сөйтіп, өңдеуші кәсіпорындар келіп, бұрынғы қалдықты қайта өңдеуге кіріскен. Бірақ бұл шешім жаңа проблемаларға жол ашты.
Экологиялық қауіптің басты себебі – қалдықтардың ашық күйде жатуы. Жел тұрған кезде немесе күннің аптап ыстығында ауаға көтерілетін ұсақ бөлшектер зиянды химиялық қоспалармен бірге қаланың тұрғын аймақтарына таралады. Бұл жағдайға әсіресе Құрсай және Карл Маркс мөлтек аудандарының тұрғындары қатты шағымдануда. Мұндағы халық үйлерінің терезесін аша алмайды, кейбірі созылмалы өкпе ауруларына шалдыққан.
Аталған жағдайға қатысты эколог Әбдімәлік Әшіров алаңдаушылығын білдіріп отыр. Оның айтуынша, қорғасын қалдығы адам ағзасына бір жиналса, оны шығару мүмкін емес. «Қорғасын адам ағзасында жиналып, түрлі ауруларға себеп болады. Бұл у аз мөлшерде жұтылған күннің өзінде де өте қауіпті. Мұндай жағдай созылмалы аурулармен ғана емес, өмір сүру ұзақтығының қысқаруына алып келеді», – дейді эколог маман.
Тұрғындар мәселенің ушыққанын өңдеу зауыты іске қосылған сәттен бастап байқаған. Құрсай мөлтек ауданы тұрғыны Гүлзахира Бөбекбаева 30 жылдан астам демікпемен ауыратынын, қазіргі жағдай оның денсаулығына мүлде кері әсер етіп жатқанын айтты. «Бұрын бұл шаң болмаушы еді. Соңғы жылдары терезе ашып отыру мүмкін емес. Жел тұрса, ауламызға қарай көмір шаңындай қара қап-қара тозаң ұшады. Кір жаю мүмкін емес. Ал үйдің ішіндегі шаңды сүртсең, қазанның күйесіндей қара дақтар қалады», – дейді ол.
Тағы бір тұрғын Гүлнәзия Балқыбекова мәселені бейнежазбаға түсіріп, түрлі органдарға жолдағанын, бірақ еш нәтиже болмағанын жеткізді. «Бұл тозаң желмен бірге ұшпайды, ол үнемі ауада бар. Оны жұтып жатқанымызды, балалардың не деммен тыныстап жатқанын ешкім ойламайды. Мынау – қара көмірдің уыты», – дейді ол ашынған күйде.
Шымкент қаласының Экология департаменті болса, тек ресми арыз түскен жағдайда ғана әрекет ететіндерін алға тартып отыр. Департамент басшысы Ермахан Қозыбаев бұл мәселеге қатысты былай дейді: «Бізге заңды немесе жеке тұлғалардан ресми арыз түссе, барып тексеруге құқымыз бар. Ал былайша өз бетімізбен барып тексеруге, заң бойынша рұқсат жоқ. Бірақ негізгі талап – бұл шаңдатпау керек», – деді ол.
Тұрғындардың айтуынша, бірнеше рет арыз-шағым түсірілгенімен, еш нәтиже болмаған. Тіпті, қала әкімдігі – экология департаментіне, ал олар өз кезегінде санэпидемиологиялық қызметке сілтеп, мәселе жабулы қазан күйінде қалуда.
Бүгінде тұрғындар бұл мәселенің жергілікті деңгейде шешілуінен үмітін үзіп отыр. Билік өкілдері бір-біріне сілтеп, ал экологияны қорғауға міндетті органдардың әрекетсіздігі тұрғындардың наразылығын күшейтуде. Халықтың жалғыз үміті – Үкімет араласса, нақты шешім қабылданып, шаң мен удың астындағы халық тыныс алар күнге жетсе дейді.
Айта кетейік, Шымкенттегі қорғасын қалдығы – жай экологиялық мәселе емес, бұл қоғамдық денсаулыққа қауіп төндіретін дағдарыс. Кеш болмай тұрғанда, нақты шаралар қолға алынбаса, мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығына тікелей залал келуі мүмкін. Бұл – тек Құрсай мен Карл Маркстің ғана емес, Шымкенттің, тіпті бүкіл елдің назар аударатын мәселесі. Үкімет пен тиісті органдар үнсіз қала берсе, бұл дағдарыс адам өміріне айналуы әбден мүмкін.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы