Бұл орайда тек құқық қорғау органдары ғана емес, жалпы қоғамның түйткілді мәселеге араласып, жақын-жуықтарын қорғап қалу ортақ міндетке айналғаны жөн болары сөзсіз. Ақмола облысында да аталған бағытта сала мамандарымен жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Облыс аумағында есірткі бизнесі және нашақорлықпен күрес мақсатында айлық басталып, құзырлы сала өкілдері мен полиция шаралар легін бастаған еді.
Жаһандық қауіп – жергілікті жауапкершілік
26 маусым – халықаралық нашақорлыққа және есірткі айналымының заңсыздығына қарсы күрес күні. Бұл күн – бүкіл адамзатқа ортақ қауіпке айналған нашақорлықпен күресте бейжайлыққа жол бермеуді еске салатын маңызды дата. Аталған күнге орай Ақмола облысында есірткіге қарсы бағытталған және салауатты өмір салтын насихаттауға арналған айлық ресми түрде бастау алды. Бұл іс-шаралар құқық қорғау органдары, білім беру мекемелері, медициналық ұйымдар мен қоғамдық құрылымдардың белсенді қатысуымен өткізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, айлық аясындағы ауқымды іс-шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, айлық шеңберінде өңірде түрлі интерактивті лекциялар, спорттық жарыстар, флешмобтар, ашық есік күндері, скринингтік тексерулер мен ақпараттық науқандар ұйымдастырылып, жастардың есірткіден бойын аулақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстануына баса назар аударылып жатқанын атап өткен жөн. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оқушылар мен студенттерге зиянды әдеттерден аулақ болу жолдары кеңінен насихатталуда. Тек есірткіге тәуелділіктен ада, дені сау, саналы ұрпақ қана қоғамның кемел болашағына үлес қоса алады.
Нашақорлық ахуалы: сандар сөйлейді
Статистикалық деректерге сүйенсек, 2023 жылдың соңында облыста диспансерлік есепте тұрған нашақорлардың саны 413 адамды құраған. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 2,4 пайызға төмендегенімен, алғаш рет есепке алынғандардың саны 56 адамға жетіп, бұл өз кезегінде нашақорлардың санын 34 пайыздық өскенін айғақтап берген. Мамандар мұндай өсімнің басты себебі ретінде түзеу мекемелеріндегі адамдарды медициналық қамтамасыз ету функциясының Денсаулық сақтау министрлігіне берілуін деп атады.
– Аталған өсімнің негізгі себебі – қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтардың есебіне алғаш рет медициналық тұрғыдан тіркеуге алынуы болып отыр. Бұл өзгеріс Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 19 шілдедегі №622 Жарлығына сәйкес жүзеге асты. Аталған Жарлық «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру шаралары туралы» деп аталады және осы құжатқа сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету функциясы Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына берілген болатын, – дейді Ақмола облыстық Психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Александр Высоцкий.
«Спайс» пен «тұз» – басты қауіп
Алаңдатарлық жағдайлардың бірі – синтетикалық есірткілердің кең таралуы. Бұған дейін өңірде тіркелмеген «спайс», «тұз» секілді психобелсенді заттар бүгінде басты қауіптің біріне айналып отыр. Құқық қорғау органдары бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп, синтетикалық есірткілердің таралу жолдарына тосқауылдауға тырысуда. Құқық қорғау органдары мен дәрігер мамандар да бағасының арзандығы мен қолжетімділігі мұндай заттардың жастар арасында тез таралуына себеп болып жатқанын растап отыр.
Ресми деректерге сенсек, 2023 жылы облыс көлемінде жасөспірімдер арасында нашақорлық фактісі тіркелмегенімен, биыл Көкшетау қаласында екі жасөспірім қыздың есірткімен байланысы анықталған. Бұл жағдай білім беру мекемелері мен ата-аналар тарапынан бақылау мен алдын алу шараларын күшейтудің аса маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Жыл басынан бері 23 мыңнан астам адам профилактикалық тексеруден өтіп, 363 жағдайда токсикомания немесе есірткілік улану белгілері анықталған. Тексерілгендердің 8%-ы есірткі немесе психотропты заттарды қолданғаны дәлелденді.
Алдын алу – алдыңғы шептегі міндет
Нашақорлықтың алдын алу бағытында облыстағы білім беру ұйымдарында ата-аналармен, оқушылармен кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Сонымен қатар лекциялар, семинарлар, тренингтер, спорттық және мәдени іс-шаралар арқылы салауатты өмір салты кеңінен насихатталуда. Психикалық денсаулық орталығы нашақорлыққа тәуелді жандарды емдеу, оңалту және қайта әлеуметтендіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Облыстық психикалық денсаулық орталығының мәліметінше, былтыр профилактикалық емдеумен 4 мыңнан астам адам қамтылған. Құзырлы сала өкілдері айлық шеңберінде ұйымдастырылған шаралар легі тек бірреттік науқан емес, бұл – ұзақмерзімді, жүйелі күрестің бір бөлігі. Мектептер мен колледждерде интерактивті дәрістер мен семинарлар, жастар арасында спорттық жарыстар, ашық есік күндері, скринингтік тексерулер мен кеңес беру жұмыстары – барлығы да есірткіге қарсы күрестің пәрменді тетіктеріне айналмақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы