Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша аудандық соты ауданның сәулет, құрылыс, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы басшысы Дмитрий Руденкоға қатысты жаңа үкім шығарды. Бұл жолы ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 189-бабы – «Бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде жымқыру» бойынша кінәлі деп танылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Qazaqstan Media сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейінгі сот:
2024 жылдың соңында Руденко Петропавл қалалық сотының үкімімен 10 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін сотталған болатын. Ол кезде оның қатарында Тайынша ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дюсембин мен кәсіпкер Ваге Акопян да жауапқа тартылды. Олардың кінәсі дәлелденіп, Руденко мен Дюсембин 7 жылға, ал кәсіпкер 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жаңа айып:
Алайда бұл іспен бәрі аяқталмады. Руденко жазасын өтеп жатқан уақытта тергеу органдары оның үстінен тағы бір қылмыстық істі тергеуді аяқтаған. Сот материалдарына сәйкес, 2023 жылдың күзіне қарай Руденко ТКШ бөлімінің басшысы қызметін атқара жүріп, әлеуметтік нысандарды орталық жылу жүйесіне қосатын жылу трассасын салуға бюджет қаржысын бөлуді қамтамасыз етуі тиіс болған.
Жұмыстардың сметасын мемлекеттік «ТайыншаКоммунСервис» ЖШС әзірлеп, жалпы құны 4 миллион теңге деп көрсеткен. Алайда, тергеу нұсқасы бойынша, Руденко балама құжаттама сұраған. Оны жекеменшік «СтройСметаKZ» ЖШС дайындап берген. Бұл құжатта смета бірден 24 миллион теңгеден асып кеткен.
Қызмет бабын пайдалана отырып, Руденко жергілікті «Рассвет» ЖК-мен шарт жасасқан. Құжат жүзінде бұл құрылыс қызметтерін сатып алу үшін жасалған. Алайда тергеу Руденко бұл келісім арқылы бюджет ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырып, оның 4 миллионын «ТайыншаКоммунСервис»-ке беріп, қалған 20 миллионын өз пайдасына жаратуды көздеген деп отыр.
«Аудан игілігі үшін»
Сот барысында Дмитрий Руденко өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол өзінің әрекетін аудан мүддесі үшін істегенін мәлімдеді. Мақсаты — нысандардың жұмысын мүмкіндігінше тезірек іске қосып, спорт кешендері мен мұз айдындарының тоңып қалу қаупін болдырмау болған. Сондай-ақ ол қаржының бір бөлігіне жабдықтар – компьютерлер, жарық-дыбыс жүйелері және басқа да керек-жарақтар сатып алынғанын алға тартты.
Оның адвокаты айыпты ҚР ҚК-нің 361-бабына – «Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану» бабына ауыстыруды сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Сот шешімі:
Тайынша аудандық соты Руденконы кінәлі деп танып, оны 8 жылға бас бостандығынан айырды.
«Қазақстан Республикасы ҚК 58-бабының 3 және 6-бөліктеріне сәйкес, Петропавл қалалық сотының 2024 жылғы 30 қазандағы үкімімен тағайындалған жазаға сәйкес, неғұрлым қатаң жазаны жеңілірек жазаға ауыстыра отырып, Руденко Дмитрий Владимировичке 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», — делінген аудандық соттың үкімінде.
Бұған қоса, бұрынғы шенеунікке өмір бойына мемлекеттік қызметте, жергілікті басқару органдарында, сондай-ақ бірқатар қаржы және квазимемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуге тыйым салынды.
Сондай-ақ, сот Руденконы Тайынша ауданы бюджетіне келтірілген залалды — шамамен 16 миллион теңгені өтеуге міндеттеді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.