Мәселен, елорда тұрғындары өздерінің меншік құқығы бұзылғанын айтып, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабековтен көмек сұрады. Алматы қаласының тағы бір тұрғыны полицияның әрекетіне және еңбек құқығының бұзылуына шағымданды. Сондай-ақ шымкенттік азамат балаларға арналған инновациялық қонақүй ашуды ұсынса, Ақтөбе қаласының тұрғыны жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді сұраған. Депутат бұл мәселенің барлығын жеке бақылауына алып, тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолдады.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Самат Нұртаза биыл көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Ақмола облысының тұрғынымен кездесті. Депутат азаматқа мемлекет тарапынан берілетін өтемақыны алу тәртібін түсіндіріп, мүлікті бағалау процесін жеделдетуге көмектесетінін айтты. Сонымен қатар азаматтарды қабылдау барысында жастар тәрбиесі, хиджаб кию, медициналық көмек алу сияқты әртүрлі мәселе көтерілді.
Азаматтарды қабылдағандардың қатарында Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев та бар. Павлодар тұрғыны білім беру саласындағы мемлекеттік сатып алуларда болған заңбұзушылықтар жөнінде айтты. Оған құқықтық кеңес беріліп, ұсынған құжаттары бақылауға алынды. Ұзынағаш ауылынан келген өтініштер мұғалімдердің жалақысы мен өнер мектебінің құрылысын қамтыды. Бұл мәселелер зерттеліп, тиісті органдарға сұраныс жіберілді. Астана тұрғыны балаларға вакцина салудың салдары туралы айтып, мәселе медициналық сарапшылардың қарауына жіберілді. Ал Қонаев қаласының тұрғыны ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесін Ұлы Отан соғысына қатысушылармен теңестіруді ұсынды. Бұл бастама жан-жақты зерттелетін болды. Сонымен қатар қорғаныс саласының ардагерлерін әлеуметтік қамсыздандыру және медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселелері де қозғалды.