Қалам мен қоғам: баспасөздің болашағы қандай?

Қалам мен қоғам: баспасөздің  болашағы қандай?
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген еді. Осыдан 33 жыл бұрын Қазақстанда тек 10 республикалық мемлекеттік газет пен журнал шығарылса, қазір олардың саны 3 985-ке жетті. Басылымдардың әрқайсының қағаз ғана емес, сандық нұсқасы да бар.

 Дегенмен соңғы 3 жылда 591 газет жабылыпты. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай, қазақ баспасөзінің бүгіні мен болашағы туралы «Алаң» бетінде сарапшыларды сөйлеттік.

– Кезінде Алаш арыстары шы­ғарған «Қазақ», «Сары Арқа», «Бір­лік туы» сияқты газеттер ұлт­ты ағартумен тікелей айналысты. Ал бүгінгі жаңа Қазақстанның баспасөзі бұл міндетті қаншалықты атқарып жүр? 

AMP

Еркін Қыдыр, 

Аstana Аqshamy газетінің бас редакторы: 

–Ахмет Байтұрсынұлының қазақ баспасөзі, ұлт туралы айт­қан сөздері әлі де өз құнын жо­ғалтқан жоқ. Еуропаның бір ой­шылы: «Газет – ұлттың өзімен-өзі пікір­лесетін, өзімен-өзі сырласа­тын мінбер» деген екен. «Біз қан­дай ұлтпыз? Не істеуіміз керек?» деген сұрақтарды көшеде, авто­бустың ішінде айта бермейміз. Осындай құнды пікірлерді қоз­ғай­тын мін­бер керек. «Қазақ қай­да бара жа­тыр? Қазақ ойдан, тойдан құтыла ма?» деген сұраққа жауап іздейтін мінбердің міндетін ХІХ-ХХ ға­сырда ұлттық газеттер атқарып келді. Алдағы уақытта да атқаруға тиіс. Ақаңдардың зама­нында Қазпошта болған жоқ. Га­­зетті та­рату да оңай жұмыс емес еді. Со­ның өзінде ұлттық ба­сы­лымдарға байлар малын беріп, әртүрлі кө­мек көрсетті. Алаш арыс­тары сө­зіміз халыққа жетсін деп қиын­дыққа қарамай газет шы­ғарды. 70 жыл бойы қызыл империя кезінде жасалған жүйе­нің бәрі қолымызда тұрса да, қазір кейбір газеттердің тиражы төмендеп жатыр. Газет – ұлттың сөзін айтатын мінбер. Ұлт­тық құ­рылтай лауазымды тұ­л­ғалар мен халық өкілдері қатысып, жы­лына бір рет ұлт мәселесін тал­қы­лайтын орын. Ал күнделікті қа­зақтың әңгімесі ұлттық бас­пасөз­де айтылуы керек. Сондық­тан газет ешқашан мәнін жой­майды. Баспасөздің міндеті тек ақпарат жеткізу емес. Ақаңдардың зама­нында газет оқырманға 1 айда жететін. Сондықтан баспасөз ұлт­тық мәселені қозғайтын мін­берге айналуға тиіс. Жылт еткен ақпа­ратты қазір газет арқылы жеткізе ал­майсың. Газеттің мис­сиясы бұ­рын да, қазір де бұлай бол­маған. Ақпаратты кезінде те­леграммен жеткізсе, қазір интер­нетпен жет­кізеді. Ал ол ақпарат баспадан баспасөзге басылып, оқыр­манға жет­кенше ескіріп қа­лады. Сондықтан газетте ескір­мейтін, халық ара­сындағы мәсе­лелер, ұлт алдын­дағы міндеттер жазылуы керек. Бұл мәселелер өз­геруі, жаңғы­руы мүмкін. Бірақ ешқа­шан ескірмейді.

Гүлмира Әшірбекова, 

ЕҰУ, Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің оқытушысы: 

–Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлы демократиялық бағыт­та­ғы бас­пасөздің нағыз үлгісін көр­сетті. Қазіргі медиаменед­жер­дің қыз­ме­тін Ахмет Байтұр­сын­ұлы мен Мір­жақып Дулатұлы атқарды. Сон­дық­тан дәл «Қазақ» газетіндей ба­сылым шығара алсақ, журна­листикада ғана емес, қоғамда да біраз өзгеріс болар еді?! Дегенмен бүгінгі баспасөз де бұл міндетті қал-қадірінше атқа­рып келеді. Газетте көтерілген қан­шама мә­селе көп ұзамай, жұрт назарына ілігеді. Сондықтан да болар, газет журналистерінің ең­бегі елене бермейді. Мәселен, су тасқыны­ның алдын алу,  сақтану шаралары алдымен газетте жазылды. 

Алайда баспасөздің бәрі бір­дей емес. Газеттердің басым бөлігі мемлекеттің ақпараттық сая­са­тын жүргізетіндіктен, тапсырыс­ты орындап отырғанын айтуымыз керек. Тапсырыспен мақала жазу журналистің ұстанымына кері әсер етеді. Ізденіп, зерттеп жа­зудан қалады. Шаблоннан шыға алмайды. 

Дегенмен журналистика стан­­дарттарына сай тілшілердің де еңбегін атап өтуіміз керек. Олардың қатарында Aiqyn, Ana tili, Turkystan газеттері бар. Egemen Qazaqstan ресми басылым болғанына қарамастан, оқырман­ның сұранысына сай танымдық мақалалар жариялайтынын жа­сырмаймыз. Оқырман ретінде газет тілшілерінің тынымсыз тірлігін ерекше бағалаймын.

Ербақыт Амантайұлы, 

«Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры: 

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлы осыдан бір ғасыр бұрын айтып кеткен бұл сөзі бүгінде өзектілігін жойған жоқ. Қанша жерден Бұқаралық ақпарат құ­рал­дары: сайт, телеарна, радио, жаңа медиа дамып жатқанымен, газет өзінің алғашқы міндетінен әлі тайған жоқ. Соның ішінде ағартушылық газеттің басты ұс­танымы болып қала береді. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзін қа­райтын болсақ, олар негізінен елдік мәселелерді көп көтергенін байқаймыз. Қазақ баспасөзіндегі өзекті мәселенің бірі – жер мен тіл мәселесі. «Жерді жеке­меншік­ке береміз бе? Әлде мемлекетте қалуы керек пе?» деген тақырып жиі талқыға түскен. Қазақ баспа­сөзі халықты сауатты­лық­қа үй­реткен. Ол кез бен қазір­гі уақытты салыстыруға келмей­тін шығар. Сауаттылық деген сөз­дің өзі де абстрактілі ұғым. Әріп таныған­ның бәрі сауатты емес. Соңғы кезде байқасаңыз, кей­бір азамат­тар қой терісін жа­мылған дін­дарларға еріп, Сирия асып, со­ғысқа қатысып жатыр. Біреулер­дің арбауына түсуде. Бұл да діни білімнің, саяси қабілеттің таяз­дығын көрсетеді. Қарапайым ха­лық онлайн алаяқтарға да жиі алданады. Ол қаржылық сауатты­лықтың төмендігін білдіреді. Са­уаттылық, ағартушылық деген ұғымды біз әріптанумен шекте­меуіміз керек. Сондықтан қазір де газеттер ағартушылық бағытты жалғастыра беруі қажет. Бүгінде не көп? Әлеуметтік желі көп. Ол жерде жалт-жұлт еткен ақпарат та көп. Бір жаманы, әлеуметтік же­ліде ақпаратқа сүзгі жоқ. Жастар жақсы мен жаманды айыра ал­мағандықтан, бүкіл мәліметті өзіне сіңіреді. Бірақ оның зиянын байқамайды. Бұл қоғамға ағарту­шылық жұмыстың әлі де керек екенін аңғартады. 

– Әлемге әйгілі қолбасшы Наполеон Бонапарт: «Төрт жүз мылтықтан төрт баспасөздің күші артық» депті. Дегенмен еліміз бойынша соңғы 3 жылда 591 газет жабылған. Бұған не себеп?                                                      Еркін Қыдыр:

– Кезінде ең көп басылым оң­түстік өңірден шықты. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары Шым­кент, Түркістан маңында же­кеменшік көп басылым дүние­ге келді. Олар үлкен жобаға айна­лып, оқырмандардың да қызығу­шылығына бөленді. Ал қазір жас­тардың кітап, газет-журнал оқу үрдісін естен шығарып алдық. Мысалы, біздің буынның уақы­тында мектептегі оқушыларды балалар басылымына жазылуға міндеттейтін. Содан оқушылар баспасөзді саралап оқып, кейін ұлттық газеттерді таразылауға көшетін. Қазір бұл үрдіс үзіліп қалды. Мектепке барып «газетті насихаттайық» десең, «мектепте насихат айтуға болмайды» деп кіргізбейді. Мемлекеттік, жеке­мен­шік басылымдар да мектепке кіріп газетті түсіндірумен айна­лыса алмайды. Газет оқымайтын ұрпақ адам ретінде ұлттық құн­дылықтардан алыстай береді. Қа­зір көшеде газет ұстап жүрген адамды көру де қиын. Ақаң аңса­ған ұрпақ болашақта «газет» де­геннің не екенін түсінбесе, бұл ұлт үшін үлкен қасірет. Сон­дық­тан балабақша, мектептерде ба­лалар басылымының таралуына жағдай жасауымыз қажет. 

Гүлмира Әшірбекова: 

– Газеттердің жабылып қа­луы­на басты себеп – нарық та­лабына сай келмеу, медиаме­нед­жменттің дұрыс жоспарланбауы. Журналист оқырман сұранысын ескерумен бірге өзіндік пози­ция­сы, көзқарасы да болуы керек. Мәселен, Жанболат Аупбаевтың мақалаларын әлі күнге дейін ре­дакциялар сұрап алып жариялай­ды. Өйткені Жанболат ағаның таңдаған тақырыбы бар. 

Газеттің жабылуына екінші себеп – оқырманның жоқтығы. Баспасөзді жаздырып оқитын оқырман азайып кетті. Әлеу­мет­тік желілердің қоғамдық санаға ықпалы күшейіп барады. 

Отандық журналистикада  тапсырысқа тәуелділік басым. Бәрін кінәлаудан аулақпын, де­генмен әлемдік тәжірибеден өзі­мізге қажетін алу, іздену, зерттеуге шорқақтық байқалады. 

Мәселен, газеттің веб-редак­циясы мен дәстүрлі редакциясы арасында өзара бәсекелестік болса, оқырман сұранысы еске­русіз қалмас еді. Қолжетімділіктен гөрі өтімділік маңызды. Оқыр­манды қажет ақпаратын сатып алып оқуға бейімдеу – уақыт та­лабы. Цифрлық технология мүм­кіндіктерін газет шығару ісінде пайдаланған дұрыс. Сондай-ақ газет тілшілерінің әлеуметтік ме­диа­дағы белсенділігі өте маңызды.

Ербақыт Амантайұлы:

– 591 газеттің жабылғаны көп көрінгенімен, зауыт, фабрика­лар­мен, кіші кәсіпорындардың жабылғанымен салыстыратын болсақ аз. Себебі кәсіпорындар мыңдап, он мыңдап жабылып жа­тыр. Бұл – нарықтың заңдылы­ғы. Бір қарасаң, жақсы сайттар жұмыс істеп тұрады. Кейін сол ақпараттық порталдар бір жыл­дан кейін жабылып қалады. Сон­дықтан газет болсын, кәсіпорын болсын оның ашылуы, одан ке­йін жабылуы –  нарықтың заңды­лығы. Ал газеттердің жабылуы – әлемдік үрдіс. Біз қазір мұның тек зиянды жағын айтып, «газеттер жойылып жатыр» дейміз. Де­генмен ең белсенді, ең креативті, оқырман тарта алатын басылым­дар нарықта қалды. Ал айтар ойы, жазар сөзі жоқ, бөлінген қаржы­ны жұмсаумен ғана шектелетін газеттердің нарықтан кеткені дұрыс та шығар. Мен мұны ірік­теу деп ойлаймын. Осы қиын ке­зеңнен сәтті өткен басылымдар бірнеше жылдан кейін қарыштап дамитынына сенемін.                                                              

– Кезінде интернет пайда бол­ған кезде «газет енді жойы­ла­ды» деген жаңсақ пікір айтылды. Бірақ уақыт газеттің оқырманға әлі де керек екенін дәлелдеді. Бұ­ған Жапония, Америка сияқты дамы­ған елдердегі газет өндірісі дәлел. Ал енді қазақстандық ба­сылым­дарды сол деңгейге жет­кізу үшін қандай жұмыстар атқа­рылуы ке­рек? Газет мемлекет қолдауынсыз өмір сүре ала ма? 

 Еркін Қыдыр:

–Иә, кезінде интернет пайда болған кезде «газет жойылады» деген. Бірақ бұл пікір шындыққа айналған жоқ. Жапонияда күніне 2 мезгіл, 2,5 миллион тиражбен шығатын газеттер бар. Соңғы тех­нологияны жақсы меңгерген ұлт­тың бір – жапон халқы. Бірақ Жапония технологиямыз дамыды екен деп, газетті шетке ысырып қой­ған жоқ. Олар газетті дәстүр ре­тінде сақтап қалды. Халқы Жа­по­ниядан бірнеше есе көп Қы­тай­дың өзінде газеттер 2,5 мил­лион тиражбен шықпайды. Ал Франция өз тілінің дәрежесін арттыру үшін, келген мигранттар­дағы ағыл­шын тілінің үлесін азай­ту үшін француз тілінде шы­ғатын басылымдарға ерекше қам­қорлық жасайды. Мұн­дай қам­қор­лықты біздің елі­мізге де жа­сауға болады. Мысалы, елімізде қанша кітапхана бар болса, со­ның бәріне мемлекет өз есебінен газет жазып беруі қажет. Алып көр­шіміз Ресей астанасы Мәс­кеу­де 17 миллион халық бар. Сол қаланың «Вечерняя Москва» деген газеті күніне 2 рет шығады. Таңертең 57 мың данамен, кешке 500 мың данамен жарияланады. Аптасына бір рет етжеңді нөмірі 24 бет болып, 800 мың тиражбен шығады. Міне, ертеңін ойлаған ұлттар басылымдарына әртүрлі қолдау көрсетіп келе жатыр. Жа­ңа медиамен қатар дәстүрлі ме­дианы да дамытып келеді. Газетке ұлттың мінбері, мәдениеттің бір саласы, стратегиялық бағыт ре­тінде қарап, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі қажет. Осыдан бір жыл бұрын Қауіпсіздік кеңесінің оты­рысында ұлттық мүддені қорғауға арналған шешімдер қабылданды. Сонда «ұлттық қа­уіпсіздікті сақ­тау үшін баспасөздің дербестігі керек, оған қолдау кө­рету қажет» деген пікір айтылған. 

Басылымдардың ең үлкен мә­селесі – жазылу бағасының қым­баттығы. Екіншіден, газет тарату мәселесі де күн тәртібінде. Себебі газетті таратумен монополист Қазпошта ғана айналысады. Бас­қа мекемелер үшін газет тасымал­дау тиімсіз. Өйткені Қазақстан­ның территориясы үлкен, әлем бо­йын­ша жер көлемі жағынан 9-орын алады. Канадада да осы проблема бар. Сондықтан мем­ле­кет газет жеткізумен айналысатын мекемеге дотация беруі керек. Сол кезде газеттің бағасы да өс­пейді. Мемлекет салық төлеу­ші­лер есебінен газет таратуға кө­мек­тесуі қажет. Кейбір шет мем­ле­кеттер ұлттық басылымдарды қолдау үшін жеткізумен айна­лы­сатын фирмаларға, баспахана­ларға да дотация береді. Себебі қазір газетті басатын қағаздың өзі қымбат. Егер осы үрдіс қолға алынса, жаңа басылымдар да пайда болып, баспасөз нарығында бәсекелстік болар еді. 

Астана қаласында «Инфо­Цес», 30 жыл бойы шыққан «Ка­раван», 100 жылдан астам шығып келе жатқан «Экспресс К» деген басылымдардың бәрі қазір жоқ. Бұлар меншік иелерінің қол­дамағандығынан, сайтқа айналып кетті. Себебі газет пайда табатын кәсіп көзі емес, ұлт үшін қызмет ететін мінбер. Қазіргідей қымбат­шылықтың кезеңінде қағаз ба­сылымдарды шығару өте қиын. Сондықтан мемлекет тарапынан баспасөзге көмек болуы керек. 

Гүлмира Әшірбекова: 

– Екінші сұраққа жауапта газетті оқылымды етудің жолда­рын атап өттім. Газет журналис­теріне шығармашылық еркіндік қажет. Сондай-ақ тілшіге төлене­тін қаламақы да маңызды. Отан­дық газеттердің оқырманын арттыру үшін сараптамалық мақа­лаларды көбейту, журналистік зерттеу қажет. Сонымен қатар көптеген редакция аудиториямен байланыс тәсілдерін жаңғыртуы қажет. Әлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы да өзекті тақырып кө­теруге болады. Халықаралық мә­селелерге қатыс­ты сараптамалық мақала көп оқы­лады деген ой­дамын. Бір сөзбен айтқанда, га­зетті оқылымды ету үшін редак­ция жұмыла жұмыс істеп, редак­тор менеджер ретінде жаңашыл болғаны дұрыс.

Ербақыт Амантайұлы: 

– Қазір көп адам ақпаратты әлеуметтік желіден оқиды. Ақ­па­рат та адамның күнделікті тамақ ішу, қарын тойдыру сияқты қа­жеттілігінің бірі. Біз оқырманға тиісті деңгейде ақпарат бере алмасақ, ол ақпаратты басқа ре­сурстардан іздейді. Интернеттің, әлеуметтік желінің дамуымен газеттің біраз оқырмандарының сол жаққа кетіп қалғаны жасырын емес. Бірақ менің ойымша, жаңа медиа мен дәстүрлі медианы, интернет пен газетті бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ. Кері­сінше екеуі бір-бірін толықтырып тұрады. Мысалы, газеттің де әлеу­меттік желіде парақшалары, сайттары бар. Оқырман қаласа га­зеттен, қаласа сайттан оқи ала­ды. Жапония мен Америка ғана емес, көрші Ресейде, Түркияда, Ұлы­британияда мықты басы­лымдар жүз мыңдаған тиражбет шығып жатыр. Бұл деңгейге біз­дің басылымдар әлі жете қойған жоқ. Бірақ республикалық, ай­мақтық газеттер өз деңгейін ұстап тұр. Солтүстік өңірдің баспа­сөзінің қарашаңырағы «Солтүстік Қазақстан» газетінің алғашқы нөмірі осыдан 105 жыл бұрын «Кедей сөзі» деген атпен шыққан. Газеттің бастауында Мағжан Жұ­мабаев, Смағұл Садуақасұлы, Қош­ке Кемеңгерұлы сияқты Алаш­тың қайраткерлері тұрды. Ке­йін Қазақ автономиясы құры­лып, Алаш арыстары автоно­мия­ны бостандық деп түсінсе керек, газеттің атын «Бостандық» деп ауыс­тырған. Оның ішінде «Авто­номия кімдікі?» деген мақалалар жазды. Саясат өзгерген сайын газеттің атауы «Кеңес ауылы», «Ленин туы» деп шықты.  Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылдан бастап газетіміз «Сол­түс­тік Қазақстан» деген атаумен шы­ғып жатыр. Әр кезеңде тира­жы да әртүрлі болды. Сонау 1920 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі аралықтағы газеттердің тігінді­лерін алып қарағанда, газетіміздің ең үлкен тиражы 10 мыңға жет­кенін байқадық. Бұл аймақтық басылым үшін, қарагөздеріміз аз солтүстік үшін жақсы көрсеткіш. Ал кей жылдары тираж саны 4-5 мыңға дейін түсіпті. Ал қазір газеттің тиражы 9 мың. 

Оқырман тарту үшін олармен тікелей жұмыс істеу керек. Каби­нетте отырып, «газетке жазылың­дар» деп мақала жариялап отыр­саң, газетті ешкім оқымайды. Оқыр­­­мандармен байланыс орнату аса маңызды. Солтүстік Қазақстан облысында 13 аудан болатын болса, жыл бойына сол аудандарға екі реттен барамыз. Бір барғанда басшымен қоса редактор, жур­налистерден құрал­ған 4-5 адам ауданнан көлік алып, ауылдарды 4-5 бағытта аралай­мыз. Өйткені бір ауданда кемі 20-30 ауыл бар. Оны 2 күнде қам­тып үлгеруіміз керек. Сондықтан ауылдардағы мектеп, кітапхана, әкімдік сияқты әлеуметтік меке­мелерде оқыр­ман­дармен кездесіп газеттің мақ­са­тын түсіндіреміз. Газеттің тира­жын оқырмандармен тікелей кез­десу арқылы ғана кө­бейтуге болады. Әйтпесе, редак­ция­да оты­ра берсең оқырман да көбей­мейді. Кейбір газеттердің тара­лымының құлдырап бара жатқа­ны – оқыр­мандармен жұ­мыс­тың ақсаға­нынан. Нарық заңы осыны талап етеді. Мемле­кеттің қолда­уынсыз өмір сүріп жатқан газеттер бар. Бірақ қазір­гідей алмағайып кезең­де газетті мемлекет қолдаса, ешбір ұтыл­май­ды. Себебі мем­ле­кет тек ке­ре­к ақпаратты газет ар­қылы тара­тып, әлеуметтік желідегі жал­ған ақпаратқа, жалған идео­логияға тұсау сала алады. Шетел­дегі сияқ­ты қазақ газеттерінің құрыл­тай­шы, жарнама арқылы өз күнін көретін кезі келеді. Бірақ қазақ­тілді баспасөз үшін қазір бұл үр­діске көшу қиын. 

 

Дайындаған Көктем ҚАРҚЫН