Бір ғана жылдың ішінде 1000-ға жуық адам зардап шеккен. 2024 жылдың соңына дейін Атырау облысында 600-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 73 адам қаза тауып, 858 адам жарақат алған.
Жыл басынан бері Атырау облысы бойынша 655 жол апаты тіркелген. 36 адам қаза тауып, 950 жарақат алған. Бір өкініштісі, ажал жас таңдамайды. Көз жұмғандар арасында тұтас отбасылар, балалар, ересектер де бар ...
Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, көп жағдайда апаттар адамның немқұрайдылығы мен асығыстығынан болады. «Жүргізушілер ережені сақтамайды, ал жаяу жүргіншілер жарықсыз жерден өтеді. Әсіресе, ауылдық аймақтардағы жолдарда малдың жолға шығуы өте қауіпті. Қазір біз «Сергек» пен басқа да цифрлық жүйелерді кеңейтудеміз. Бірақ басты құрал – тәртіп пен сана», – дейді ол.
Есболат Балабаев – арбаға таңылған ерікті. Ол полиция қызметкерлерімен бірге үнемі рейдке шығып, өзінің де кезінде жол апатының құрбаны болғанын жүргізушілерге айтып, оларды жол ережесін сақтауға шақырып жүр.
«Қаламызда жол-көлік оқиғалары жиі болады. Бүгінде Атырауда 400-ден астам адам жол апатынан зардап шеккен. Өзіміз де осы жағдайды бастан өткерген соң жол апатының салдары қандай ауыр болатынын жақсы түсінеміз. Жол қателікті кешірмейді. Сондықтан жолда әрдайым абай болыңыздар», – дейді қоғам белсендісі.
Белсендінің айтуынша, бізге тек бақылау емес, түсіндіру керек. «Балалармен, жасөспірімдермен жүйелі жұмыс жүргізу керек. Қазіргі мектептерде «Жолда жүру мәдениеті» сабағы қайта енгізілсе, тиімді болар еді. Жол қауіпсіздігі тек полицейдің емес, әр отбасының жауапкершілігі» дейді ол.
Атыраулық тұрғын, 20 жылдан бері көлік тізгіндеп жүрген кәнігі жүргізуші Қабиболла Рахмановтың айтуынша, Атырауда жол апаттарының едәуір бөлігі тар, кеңейтілмеген жолдарда болады. «Бұл әсіресе қаланың шеткі аудандарында және республикалық бағыттарда анық байқалады. Жолдарда маневр жасау мүмкіндігі аз болғандықтан, қарсы бағытқа шығу немесе бірін-бірі басып озу әрекеттері көп жағдайда апатпен аяқталады. Сондықтан жолды кеңейтуге, үш, төрт жолақты жол салуға мән беру керек» дейді ол.
Сөзінің жаны бар, бір ғана Атырауда қалаішілік жолдың көбі екі жолақты ғана, ал кей көшелер мүлде кеңейтілмеген. Қазір жаңа ықшам аудандар – Нұрсая, Талғайраң, Балауса, Бір-лік – көлік қозғалысы тығыз учаскелерге айналып барады.
Республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Атырау – Астрахань», «Доссор – Құлсары – Бейнеу», сондай-ақ «Орал – Атырау» бағытындағы жолдар – ең қауіпті учаскелердің қатарында. Бұл жолдарда тәулігіне 9 мыңнан астам көлік өтеді. Алайда жол жүктемесі үшін есептелген мөлшер небәрі 3,5 мың. Яғни, жолдар ауыр көлік қозғалысына лайықталмаған.
Қалаіші мен маңындағы негізгі жолдар екі жолақты ғана, ал көлік саны жыл сайын артып келеді. Облыс көлемінде жаяу жүргіншілерге қатысты тіркелген оқиғалар саны – 514. Оның ішінде 18 адам қаза тапқан.
Жол ережесін мектептен бастау керек дегеннің жаны бар, себебі жыл басынан бері Атырау облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 268 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан алты жасөспірім көз жұмған. Тағы 310-нан астам бала түрлі дене жарақатын алған. Бұл сандар жол қауіпсіздігі мәселесінің қаншалықты өзекті екенін көрсетіп отыр. Жолға үй жануарларының немесе жайылып жүрген ірі қараның шығуы – өңірдегі апаттардың бір себебі. 2023 жылдың өзінде жануарлар себеп болған 30-дан астам оқиға тіркелген.
Бүгінде өңірде «Сергек», «Кибер-шериф», Ekin Patrol сияқты цифрлы бақылау жүйелері енгізілуде. 300-ден астам полицей мен 125 автокөлік жол қозғалысын қадағалауда. Сонымен қатар «Жол қауіпсіздігі апталығы», «Қорғау» мобильді қосымшасы, арнайы патрульдік топтар іске қосылып отыр.
Айта кету керек, Атырау облысы бойынша жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3051,6 шақырым, соның ішінде республикалық маңызы бар 990 шақырым, облыстық маңызы бар 973 шақырым, аудандық маңызы бар 1088,6 шақырым. Атырау облысы арқылы өтетін республикалық маңызы бар трассалар мен ауданаралық тасжолдардың жағдайы сын көтермейді. Шұрық тесік, арнайы белгілер мен жарықтандыруы жеткіліксіз жолдар көлік жүргізушілерін қатерге итермелеп отыр.
Тобықтай түйін:
Атыраудағы жол апаттарының көбеюі – кешенді мәселе. Ол тек тәртіпке емес, жол сапасына, жолдың еніне, инфрақұрылымға да байланысты. Қала мен облыста көлік саны көбейіп жатқан шақта жолдарды кеңейтпей, қауіпсіздік мәселесін шешу мүмкін емес. Уақыт – шешуші фактор. Егер нақты қадамдар бүгін басталмаса, ертең тағы да сандар емес, тағдырлар зардап шегеді.
Айта кету керек, биылғы 1 қаңтардан 31 мамырға дейінгі аралықта республика бойынша 12 219 жол апаты тіркелген. 17 мыңнан астам адам зардап шегіп, соның 700-ден астамы ажал құшқан. Бұл қорқынышты болса да, ресми дерек. Жылағың келеді. Дегенмен дәл қазір сіз бен біздің қолымыздан келетіні – жол бойында қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтау болып тұр. Себебі көлік тізгіндеген жүргізушінің жол ережесін сақтауы – үйге аман жетудің кепілі.
Баян Жанұзақ, Атырау облысы