Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлеріне марапаттар табыстады. БАҚ қызметкерлері арасындағы жеңімпаздар жеті номинация бойынша анықталды, – деп хабарлайды Аikyn.kz
Салтанатты жиынды ашқан Ерлан Қошанов «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлері мен БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Қазір қоғамды журналиссіз елестету мүмкін емес. Халық сіздердің жазған мақалаларыңыз, сюжеттеріңізден еліміздегі және әлемдегі оқиғалардан хабардар болып отырады. Әсіресе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси-экономикалық реформалары мен ауқымды бастамаларын халыққа дұрыс түсіндіруге мол үлес қосып келесіздер. Соның ішінде Парламентте қабылданып жатқан заңдар сіздер арқылы насихатталып жатыр. Заңды қабылдау бір бөлек, оны халыққа дұрыс жеткізу – ол да негізгі миссияның бірі, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Палата Спикері бүгінде Мәжілісте 700-ден астам БАҚ өкілі аккредиттелгенін атап өтті. Бұл тізім уақыт өткен сайын ұлғайып келеді. Журналистердің жайлы жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.
Депутаттар бұқаралық ақпарат құралдарымен түрлі форматта белсенді жұмыс атқаруда.
– Еліміздің одан әрі дамуын мықты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елестету қиын. Сондықтан бүгінде БАҚ-тың жан-жақты дамуына қажетті жағдайдың барлығы жасалуда. Сіздермен бірге біз жаңа салалық заң қабылдадық. Ол журналистердің құқықтарын қорғауды күшейтті. Блогерлер мен басқа да ақпарат көздері бүгінде БАҚ-пен бәсекелесуге тырысып жатыр. Бірақ мемлекет байыпты журналистикаға сұранысты жүйелі түрде қалыптастырып отыр, – деді Е.Қошанов.
Мәжіліс Төрағасы «Парламент сөзі» сыйлығының тоғызыншы жыл өткізіліп келе жатқанын айтты. Осы уақыт ішінде 140-қа жуық адам марапатталған. Биыл байқауға қатысуға 100-ден астам өтінім келіп түскен. Таңдау оңай болған жоқ. Нәтижесінде, марапаттар былай бөлінді:
– «Үздік баспа жарияланымы үшін» – Зейін Ерғалиева («Егемен Қазақстан» газеті), Владислав Шпаков («Время» газеті);
– «Үздік телевизиялық сюжет үшін» – Асылбек Тойбеков («Жібек жолы» телеарнасы), Мейрамгүл Мәдәлі (Atameken Business телеарнасы), Әлібек Рзабаев (Еуразия бірінші арнасы, «Парламент Online» бағдарламасы);
– «Үздік бейне-сурет материалы үшін» – Алмас Жулубаев («Астана» телеарнасы);
– «Үздік интернет және радио материалы үшін» – Әйгерім Бақпаева («Baigenews.kz» интернет порталы), Азамат Тлепов (Қазақ радиосы), Әйгерім Тукушева («Kursiv.kz» сайты), Тамара Вааль ( «Vlast.kz» сайты);
– «Арнайы репортаж» – Ирина Әлімжанова (Qazaqstan ұлттық арнасы, «Қос палата» бағдарламасы), Алина Шашкина («Tengrinews.kz» интернет порталы), Дәурен Омаров («Адал адам» YouTube арнасы);
– «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» – Еркін Жұматаев («Хабар» агенттігі), Александр Трухачев («КТК» телеарнасы);
– «Парламент сөзі» арнайы номинациясы – «Азаттық рухы» сайтының және «24KZ» телеарнасының ұжымдары.