Жазғы маусымда елордадағы 1-10 сынып аралығындағы 210 мыңнан астам оқушыны көңілді демалыспен қамту көзделіп отыр. Олардың ішінде халықтың әлеуметтік осал санатындағы 11 мыңнан астам бала бар. Сонымен қатар қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне 4 мыңнан астам бала демалса, 13 қосымша білім беру ұйымының базасында тақырыптық күндізгі лагерьлер мен қолданбалы өнер, шет тілдері және жүзу бағыттары бойынша қысқамерзімді үйірмелер жұмыс істейді. Биыл лагерьлер креативті идеялар мен цифрлық жаңашылдыққа толы.
Атап айтар болсақ, Астанадағы №109 келешек мектебіндегі лагерьде балаларға робот жетекшілік етіп жүр. Ашылғанына көп уақыт болмаса да білікті ұстаздар мен білімді шәкірттерінің арқасында заманауи озық технологияны еркін меңгерген ұжымның жаңалығы көп. Ондағы білім беру бағдарламасы да заманға сай. Келешек мектеп лагерінде демалып жүрген оқушылар Темірбек есімді ақылды роботтың жақын досына айналған. Бұл құлтемір былтырдан бері елорда мектептерінде цифрлы технологияның мүмкіндіктерін әйгілеп, оқушыларды ынтықтыра түскен. Жасанды интеллектінің игілігін көрген оқушылардың робототехникаға қызығушылығы артқан.
– Робототехника курсына №74 мектептен келген Темірбек атты робот балалармен танысып, балалар өздерінің жұмыстарын көрсетіп, робот жасауға қызығушылықтарын арттыруда. Біздің мектебімізде лагерь үш маусымға жоспарланған, қазір екінші маусым жүріп жатыр. Бұл жерде балалар тек қана ойнап қоймайды, ой-санасын дамытады. Шығармашылық қабілеттерін шыңдайды. «Темірбекті» осы оқушылардың қатарластары құрастырған. Робот үйірмесіндегі оқушылар талпынысының нәтижесі. Былтырдан бері бұл робот елорда мектептеріндегі ашық сабақтарға қатысып, пайдалы дәрістер оқуға машықтанған. Енді жазғы демалысты балалармен бірге қызықтауда, – деді №109 орта мектеп директоры Жанар Ермұхамбетова.
«Темірбек» – заманауи жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған робот. Ол сөйлеу, сұраққа жауап беру, адамды қашықтан сезу секілді мүмкіндіктерге ие. Робот №109 келешек мектебінде STEM бағыты бойынша өтіп жатқан үйірмеге қатысып, оқушылармен еркін байланыс орнатты. «STEM үйірмесі – оқушыларды болашақ технологияларына қызықтыру, осындай құрылғыларды өз қолымен жасауға ынталандыру. Мұндай кездесулер балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, жаңа идеяларға шабыт береді», – дейді ұйымдастырушылар.
М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының информатика пәні мұғалімі Айдана Айтжанованың айтуынша, роботты оқушылар төрт айда құрастырып шыққан.
– «Темірбек» – мектебіміздің 7 және 11-сынып оқушылары төрт айда жасап шығарған жобасы. Қазір ол ашық сабақтар мен іс-шараларда гид ретінде белсенді қатысып жүр. Болашақта оны толық қозғала алатын, тапсырма орындай алатын деңгейге жеткізу жоспарланып отыр, – деді мұғалім.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ