Шымкент қалалық перзентханада үшемдер дүниеге келді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
24 жастағы қала тұрғыны Феруза Рахимова өзінің алғашқы жүктілігінде екі ұл және бір қыз баланы өмірге әкелді. Сәбилер жүктіліктің 31-аптасында мерзімінен бұрын туылып, бастапқыда жағдайлары ауыр болған. Олар біраз уақыт аппараттың көмегімен тыныс алып, жансақтау бөлімінде дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Дегенмен, білікті медицина қызметкерлерінің көмегімен нәрестелер толық ем алып, салмақ қосып, еме бастады. Қазір анасы мен үшемдердің жағдайы жақсы. Қуанышқа кенелген отбасы үшемге Мұстафа, Мұса, Хадия деп есім берген, – дейді басқарманың баспасөз қызметі.
Айта кетерлігі, Шымкент қаласында туу көрсеткіші артып келеді. 2025 жылдың басынан бері 12 648 сәби дүниеге келген, олардың ішінде 149 егіз және үш үшем тіркелген. Бұл – отбасылар мен қала тұрғындары үшін зор қуаныш пен үміттің белгісі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.