Бұл – барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі. Қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру қажет. Бұл – ауқымы кең маңызды міндет» деп заң және тәртіп қағидатының өзекті екенін атап өтті. Әрі бұл қағидаттың ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келетініне тоқталды. Ал бүгінде прокуратураның заң мен тәртіптің сақталуын қадағалаудағы орны айрықша.
Қылмыстық юстицияда азаматтардың құқықтарын қорғау құралдары ішінде прокуратураның конституциялық функциялары – заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау, сотта мемлекет мүддесін білдіру және қылмыстық қудалауды жүзеге асыру үлкен маңызға ие.
Қылмыстық процестік заңнама прокуратураның алдына қылмыстық процесс сатыларының заңдылығын қамтамасыз ету бойынша міндеттер қояды. Олар – қылмыстық құқықбұзушылықты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркеуді, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, сотта қылмыстық істерді қарауды, үкімдердің заңдылығын қадағалауды, олардың орындалуын, соның ішінде пробациялық бақылауды және әлеуметтік ортаға бейімдеуді қамтиды.
Ал прокурорлардың өкілеттіктері жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі – сотқа қатысу. Прокурор қылмыстық істер бойынша сотта мемлекет мүддесін білдіре отырып, қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарының сақталуын қадағалайды. Сот төрелігінің объективті болуына, әділдікті қалпына келтіруге, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге және кінәсізді соттауға жол бермеуге, сондай-ақ жәбірленушінің құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ықпал етеді.
Мемлекеттiк айыптауды қолдай отырып, прокурор сот процесінде сотталушы жасаған қылмыстың мән-жайын баяндайды, дәлелдемелерді және iстi дұрыс шешу үшiн маңызды өзге де материалдарды ұсынады, оларды зерттеуге қатысады. Тараптардың жарыссөзінде сөйлейді, жасалған қылмысқа түпкілікті саралау береді, жаза мөлшерін ұсынады, жәбірленушінің құқықтарын қалпына келтіру жөнінде шаралар қолданады. Осылайша, прокурорлар Конституцияның 76-бабының 1-тармағында көзделген сот билігінің конституциялық мақсаты – азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыруына ықпалдастық етеді.
Қылмыстық істер бойынша сотта мемлекет мүддесін білдіруге аудандық буыннан бастап Бас прокуратураға де-
йінгі прокуратура органдарының барлық деңгейі қатысады. Қылмыстық-процестік заңға сәйкес жеке айыптау істерін қоспағанда, прокурор сотқа мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысуға міндетті. Прокурор заңдылық, кінәсіздік презумп-
циясы қағидатының сақталуын, сондай-ақ әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруді қамтамасыз ете отырып, жа-
рия-құқықтық және имандылық-тәрбиелік маңызы бар мемлекеттік функцияларды жүзеге асырады. Соттарда прокурор өзінің жеке немесе ведомстволық мүдделерін көздемейді. Сотта ол заң мүддесін, заңды бекіткен мемлекет мүддесін қорғайды. Әділ үкім шығарудың негізгі шарты – жазаны даралау. Сондықтан кінәлінің жеке басына қатысты көптеген мән-жай, атап айтсақ, оның мінез-құлқы, шын ниетпен өкiнуі, айыбын мойындауы, қылмыстық құқықбұзушылықты ашуға көмектесуі, басқа да сипаттамалық жайттар, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі. Прокурор соттың назарын сотталған адамды түзеу мен қайта тәрбиелеуге ықпал ететін нақты жаза тағайындауға бағыт береді.
Қылмыстардың қауiптi және кең таралған түрлерi бойынша әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру мақсатында мемлекеттiк айыптаушылар сотты неғұрлым қатаң жаза тағайындауға бағдарлайды. Соңғы бес жылдағы сот тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қоғамға сезімтал қылмыс санаттары – ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың 98%-ы бас бостандығынан айыруға кесілген. Сонымен қатар прокурорлар бұрын бас бостандығынан айырумен байланысты емес жеңіл жаза түрлеріне сотталып, түзелу жолына түспеген, керісінше қайта қылмыс жасаған адамдарды қатаң жазалау қағидасын ұстанады.
Ескере кетсек, 2024 жылы сотталған 26 мың адамның 11 мыңнан астамы нақты бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сот процесі кезінде судья айыптаушы жағына не қорғаушы жағына шығуға құқығы жоқ және олардың біреуінің мүддесін білдіре алмайды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру толық жасалмаған жағдайда тергеу кемшіліктерін жою мақсатында судья өз бастамасымен дәлелдемелер жинай алмайды. Ол – төреші. Бұл – заң талабы.
Ал прокурор болса сот төрелігін жүзеге асырушы емес. Ол фактілерге сүйенген, дәйекті әрі нақты дәлелдемелер негізінде үкім шығаруға сотты бағыттайды. Сол себепті мемлекеттік айыптаушыға жоғары талаптар қойылады. Ол – кәсіби тәжірибесі бар, заңгер ретінде сауатты, жоғары білікті маман болуға тиіс. Сот процесі прокурордан заңнаманы, сот отырысының тәртібін, оған қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін терең білумен қатар, іс материалдарын терең зерделеуді, айыптау тактикасын мұқият әзірлеуді, процеске жан-жақты дайындалуды қажет етеді.
Тергеу сатысында жинақталған дәлелдемелерді сотқа ұсыну жеткіліксіз. Айыптаушы прокурор үшін сотта өзінің позициясын дәлелді қорғай алуы, сөз саптау шеберлігінің болуы, өзіне сендіре білуі, логикалық ойлау және шешендік дағдыларға ие болуы аса маңызды. Сонымен қатар жалпы адамдардың, әсіресе қылмыскерлердің психологиясын терең ұғуы тиіс. Ішкі моральдық дайындық та қажет. Жоғарыда аталған факторларды ескеріп, мемлекеттік айыптаушы процеске қатысушылар алдында өз уәждерін нақты дәлелдей отырып, дұрыс құрылған қорытынды сөз сөйлеуі керек.
Тағы бір маңызды мәселе – сотта мемлекеттік айыптаушыдан басқа ешкім тағылған айыптың көлемін өзгерте алмайды. Бұл процеске қатысушы ретіндегі оның ерекше құқығы, демек, оған артылған үлкен жауапкершілік.
Прокурор сотталушының кінәсін немесе кінәлі емесін дәлелдеу үшін өзінің барлық процестік өкілеттіктері мен заңды әдістерін пайдалануға тиіс. Егер прокурор сотталушының кінәсі дәлелденбеген немесе заңды бұза оты-
рып алынған деген қорытындыға келсе, онда айыптаудан бас тартып, сотқа сотталушыны ақтауға бағыттайды. Сот тәжірибесінде мұндай жағдайлар аз емес. 2023 жылдан бергі уақыт ішінде прокурорлар 18 адамға қатысты айыптаудан бас тартып, оларды соттың ақтауына себепкер болды.
Жалпы, соттардың ақтау үкімдерінің саны туралы мәселеге келсек, оған ықпал ететінін объективті алғышарттар бар. Атап айтсақ, біздің елімізде қылмыстық сот процесінің халықаралық оң тәжірибесі қолданылады. Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде кең таралған еуропалық модельді басшылыққа алады. Соның нәтижесінде сот-тергеу парадигмасы жазалаудан құқық қорғау бағытына ауысып келеді. Бұл модель бойынша полиция, прокуратура және сот арасында өкілеттіктер нақты бөлінген, азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша олардың жауапкершілік шеңбері нық анықталған.
Үш буынды модель шеңберінде прокурор мән-жайлар мен жиналған дәлелдемелерге объективті баға береді, ал егер де болған іс-әрекетте қылмыс құрамы немесе белгілері болмаса, күдіктінің кінәсі дәлелденбесе, iстi тоқтату туралы шешiм қабылдап, әрi қарай қылмыстық қудалаудан бас тартады. Осылайша, прокурор істі сотқа жеткізбейді, тергеу сатысында-ақ жазықсыз адамдарды негізсіз қудалауға жол бермейді. Мәселен, бір жылда орташа есеппен сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген, адамдар күдікті деп танылған 1 300-ге жуық істі прокурорлар сотқа дейін тоқтатады. Ал мұндай істердің сотта ақталу үкіміне ұласатыны даусыз.
Айыптау сапасын арттыру мақсатында Бас прокуратура алаңында тұрақты түрде Мемлекеттік айыптаушылар форумы өткізіліп, құқық қолдану тәжірибесіндегі мәселелер талқыланады, оны жетілдіруге бағытталған шешімдер ұсынылады. Форум жұмысына Президент Әкімшілігі, Парламент депутаттары, Конституциялық және Жоғарғы Сот судьялары, адвокаттар мен танымал ғалымдар қатысады.
Тәжірибе алмасу және мемлекеттік айыптаушылардың біліктілігін арттыру үшін жыл сайын «Үздік мемлекеттік айыптаушы» байқауы өткізіледі. Байқау нәтижелері бойынша «пул» құрылады. Соңғы конкурс нәтижесі бойынша оның құрамына негізінен аудандық звено өкілдерінен тұратын 16 үздік прокурор іріктеліп алынды.
Прокуратура қызметінің тағы бір бағыты – қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелерде заңдылықты қамтамасыз ету. Соның ішінде бас бостандығынан айыру орындарында ұстау режимі мен шарттарын сақтауды, сотқа дейінгі қамауда отырғандардың, оқшаулаумен байланысты емес жазаларға кесілген адамдардың құқықтары мен тұрмыс жағдайын қадағалау. Бұл жүйеде прокурорлық қадағалау сотталған адамның негізгі және қосымша жазаны өтеуді бастаған сәттен бастап, ресоциализацияны қоса алғанда соттылығы жойылғанға дейінгі барлық қылмыстық-атқару қызметін қамтиды.
Елімізде жүзеге асырылып жатқан қылмыстық-атқару жүйесін реформалау сотталғандардың құқықтарын қорғау деңгейін, жазаларды орындаудың тиімділігін, сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету сапасын айтарлықтай арттырды. Бұл салаға қоғамдық бақылау комиссиялары мен ұлттық алдын алу механизмін құру, толық пробация циклін қосу сипаттас бірқатар халықаралық стандарт енгізілді. Мемлекет қызметінің бұл бағыты аса маңызды және қылмыстық-атқару саясатын жүзеге асыру жүктелген уәкілетті органдардың келісілген жұмысын талап етеді.
Заңнама бұл міндетті, яғни мүдделі органдардың жұмысын үйлестіруді прокуратураға жүктейді. Осы мақсатта прокуратура қылмыстық-атқару мекемелері, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да органдар мен қоғамдық бақылау комиссиялары араларын байланыстыра отырып, колониялардағы олқылықтарды жою жолдарын іздестіруге бағыттап, тиісті шаралар қолданады. Мұндай үйлестіру қызметі заңдылықты күшейтуге, пенитенциарлық саясатты ізгілендіруге, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Прокуратураның қолдауымен осы бағытта жасалған іргелі жұмыстардың бірі – пенитенциарлық жүйеде цифрлық технологиялардың кеңінен енгізілуі. Қазір барлық мекемеде шамамен 40 мың бейнекамера орнатылды. Прокурорлар осы құрылғылар арқылы колониялардағы жағдайға алшақтан бейнемониторниг жасайды. Бұл құрылғылар заңсыз әрекеттерді жылдам анықтап, оларға алдын ала шара қолдануға мүмкіндік береді. Осындай кешенді алдын алу шараларының нәтижесінде соңғы жылдары азаптау туралы сигналдар айтарлықтай азайды (2022 жылы 138 болса, 2024 жылы 6-ға дейін кеміді).
Сондай-ақ прокуратураның бастамасымен 78 мекемеде тікелей сот пен прокуратураға электронды шағым түсіретін 612 терминал орнатылды. Қазір терминалдарды басқа ақпараттық жүйелермен интеграциялау мәселесі қаралып жатыр. Осы жұмыстың нәтижесінде сотталған адамдар прокуратураға өтініш жіберуге, соттарға ізгілік шараларын қолдану туралы ұсыным беруге, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге тікелей жолдауға мүмкіндік алады.
Жалпы практика көрсетіп отырғандай, еңбекпен қамтылған сотталғандар режимді сақтап, түзелуге ынталы келеді. Сондықтан біз колонияларда жұмысқа орналастыруға ерекше мән береміз. Қабылданған шаралар жаңа өндіріс орындар, цехтары бар модульді ғимараттар, басқа да жаңа жұмыс орындары ашылуда, яғни колонияларда жұмыспен қамту деңгейі артып келеді. Сотталғандарды еңбекке тарту үшін колонияларға шағын және орта бизнес субъектілері тартылуда. Соңғы он жыл ішінде қылмыстық-атқару мекемелеріндегі шағын және орта бизнес субъектілері саны 50-ден 285 ке өсті. 2024 жылы 65 жаңа өндіріс орны ашылып, онда мың жарымнан астам сотталған жұмысқа орналасты.
Бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан адамдарды түзету процесінде білім беру зор маңызға ие. Қазір пенитенциарлық жүйедегі мектептер мен колледждерде бес мыңнан астам адам оқиды. Бұл мекемелерде білім беру сапасын арттыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі және жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, оқыту әдістемелері мен материалдық-техникалық базаны жақсарту шараларын жүзеге асыруда. Сондай-ақ прокуратура органдары денсаулық сақтау, қылмыстық-атқару жүйесі және жергілікті билік органдарымен бірлесіп, колонияларда медицина сапасын арттыру бағытында бірқатар жұмыс атқаруда. Сотталғандар сырқатын алдын ала анықтауға арналған скрининг тексерулерден өтеді. Денсаулық сақтау министрлігінде сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету басқармасы да құрылған.
Сонымен қатар колонияларда 54 медициналық бөлім жөнделіп, бір медициналық пункт жаңадан салынды (Батыс Қазақстан облысында). Қызылорда облысындағы тергеу изоляторына күрделі жөндеу жасалып, Ақтөбе облысында жаңа амбулатория салуға дайындық жұмыстары басталды. Жоспар бойынша 2025 жылы – 7, ал 2026 жылы 3 денсаулық сақтау орны салынбақ.
Пробация институтының тиімділігін арттыру үшін прокуратура кешенді бағыттарды, соның ішінде – әрбір сотталған адамды жазасын өтеп шыққан соң әлеуметтік ортаға бейімдеу, жұмысқа орналастыру және басқа да әлеуметтік-тәрбиелеу сипатындағы шараларын қолдананады. Жазасын өтеп келгендер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Цифрлық отбасы картасы» платформасына енгізілді. Осы арқылы оларға тиісті мемлекеттік қызметтер көрсетілуде. Бұл платформаға прокурорлар да қосылды, енді олар ресоциализацияға жауапты органдардың жұмысын онлайн қадағалайтын болады.
Алайда пробация шарттарын бұзғандарға қатаң шаралар қолданылады. Былтыр пробация шарттарын бұзған 3 500 ден астам адамның жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде рецидив 12 %-ға төмендеді.
Соттардың қылмыстық істерді қарау, үкім шығару, оларды орындау, сондай-ақ жазасын өтеп жатқан адамдардың құқықтарының сақталуын қадағалау кезінде прокуратура өзінің негізгі функцияларының бірі – құқық қорғауды жүзеге асырады. Прокурорлар өздерінің өкілеттігіндегі құқық құралдарын қолдана отырып, қылмыстық қудалау орбитасына тартылған азаматтардың заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермейді, сондай-ақ жазаның бұлтартпастығы принципін және жәбірленушілердің құқықтарын қалпына келтіруді қамтамасыз етеді.
Әсет Шындалиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары