Таңертеңнен басталған мерекеде жағажай футболы, шығармашылық шеберлік сабағы, фудкорт мен жәрмеңке ұйымдастырылды. Мәселен, былтыр Ақшағылды 30 мыңнан астам адам бетке алып, фестивальдің бел ортасында болса, биыл одан да көп. Қазақстанның барлық аймағынан 50 мыңға жуық адам келіпті.
Балалар үшін «Көк трактор» көңілді шоу-бағдарламасы құлақ құрышын қандырды.
Қарағанды облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Айсұлу Ерниязова мен «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев келушілерді құттықтап, туризмнің туын көтеріп жүрген Балқаш брендіне тоқталды. Келушілерге жайдары демалыс тіледі.
– Біз осында үшінші жыл қатарынан фестиваль өткізіп келеміз. Орналасуы да ыңғайлы, қала сыртында. Жыл сайын кәсіпкерлерді қолдау артып келеді. Егер өткен жылы 25 сауда нүктесі болса, биыл 90-ға жетті. Фестиваль қарқын алып, бағдарлама толығып, қызықты бола түсуде. Бұл туризмді ілгерілетуге ықпал етеді, – деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.
Фестивальдің бірінші күні желкенді регата өз желкенін керді. Оған алты команда қатысты. Оған Алматы, Түркістан облыстарынан, Шымкенттен суда жүйткіген қайықшылар келді. Балхаш өз командасын таныстырды.
– Балқаш көлі желкенді спорт үшін тамаша су айдыны, мұнда үнемі жел соғады. Регата үшін үлкен кеңістік маңызды. Жарысты халықаралық жарыстардың ережелері бойынша өткіземіз, – деп атап өтті Қазақстанның желкенді спорт бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы Ерсұлтан Нарбаев.
Фестивальде «Килиманджаро» тобы, қазақстандық эстрада жұлдыздары Qanay, Қайрат Баекенов және Nazima өнер көрсетті.
Фестиваль аясында сондай-ақ жастар форумы, туризм саласының өкілдеріне арналған семинар-тренинг, «Екінші өмір» экологиялық акциясы да қатысушыларды жинады.
Кәсіпкерлік басқармасы басшысы Ирина Любарская қатысушыларды Қазақстандағы алғашқы QAZ ELI онлайн брондау жүйесімен таныстырды.
Айта кету керек, QAZ ELI – туристік қызметтерді брондаудың алғашқы отандық онлайн-жүйесі. Бұл платформа қонақүй, пәтер, демалыс орындары, пансионат, экскурсия және көлік қызметтерін онлайн түрде брондауға мүмкіндік береді. Ақпараттық турлар мен аймақтың туристік әлеуетін таныстыратын арнайы таныстырылымдар да жоспарға енгізілген.
Balkhash Tour fest-2025 аясында алғаш рет алып қазыбургер жасау жарысы өтті. Салмағы 100 келі болатын рекордтық бургер қала тұрғындары мен қонақтарына тегін таратылды.
– Фестивальге дайындық жұмыстары 3 ай бұрын басталып кетті. Басты сахна, кәсіпкерлердің орны, біздің демеуші дәмханаларымызға арналған орындар жасақталады. Бізде алғаш рет қазы-бургерден жарыс ұйымдастырылды. Көлемі – 1 м 20 см, салмағы 100 келіні құрайтын қазыбургер жасап, ресми түрде рекорд орнатамыз, – деген болатын мереке барысында Balkhash Tour fest-2025 ұйымдастырушысы Ренат Аламанов.
Фестивальдің ерекше қонақтары – Балқашта тұратын ерекше күтімді қажет ететін 12 бала жергілікті кәсіпкерлердің, соның ішінде Daru кофеханасының тәтті сый-сияпаттарын алды. Кәсіпкер балаларға өзінің өнімдерін тегін ұсынды. Мұндай игі істер жергілікті бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін айқын көрсетеді. Бұл – кәсіп қана емес, қоғамға деген жанашырлықтың белгісі.
Сонымен қатар фестиваль аясында «Бірлік. Идея. Әрекет» республикалық волонтерлер форумы ресми түрде ашылды.
Осылайша, фестивальде экология мәселесіне ерекше назар аударылды.
– Балалар үшін көл үстіне алғаш рет орнатылған үлкен батут та дайын. Бір уақытта 40 балаға дейін көңілді уақыт өткізе алады. Шара барысында қауіпсіздік бірінші орында – құтқарушылар мен төтенше жағдайлар қызметі тәулік бойы бақылау жүргізеді, – дейді Ренат Аламанов.
Есте қалардай өткен екі күн қонақтар мен Балқаш қаласы тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы