Қаланың көрінбейтін қаһарманы
Алпысбай ағаның жұмыс күні өзгелерден ерте басталады. Сағат таңғы үште ұйқыдан тұрып, Қоянды ауылындағы үйінен шығады. Төрт шамасында қызметтік автобуспен Астанаға қарай жолға шығып, сағат бесте жұмыс базасына келеді. Осында арнайы жұмыс киімін киіп, басшылықтан тапсырма алады. Таңғы сағат алтыда бекітілген аумағына аттанады.
– Бізге бүгінде Республика даңғылы мен Сарыарқа даңғылы аралығындағы аумақ бекітілген. Бұл – әкімшілік ғимараттар, мектептер мен аялдамалар жиі орналасқан, жүргінші де, көлік те үзілмейтін тығыз аумақ. Осы учаскеде 13-14 адам бірігіп еңбек етеміз. Әрқайсымыз өз секторымызды білеміз. Алтыдан бастап, онға дейін бас алмай жұмыс істейміз. Одан кейін 12-ге дейін үзіліс. Түскі үзілістен сағат 15:00-ке дейін жұмыс қайта жалғасады. Аптасына алты күн бойы, дүйсенбіден сенбіге дейін осы кестемен жүріп-тұрамыз, – деді ол.
Жаздың аптап ыстығы мен Арқаның қытымыр қысы – бұл істің ең ауыр тұстарының бірі. Ауа райының кез келген жағдайында көшеде бірнеше сағат бойы жүру, қар күреу, шаң сыпыру, жапырақ пен қоқыс жинау – мұның бәрі шыдам мен тәртіпті талап етеді.
– Жазда 35 градус ыстықта жұмыс істеу оңай емес. Ми қайнатар аптапта аңқаң кеуіп кетеді, кейде басымыздан күн өтіп, әлсіреп қаламыз. Ал боранды қыста аязда сағаттап қар күрейміз. Қарды сыпырып, техникамен алып кетуге дайындаймыз. Қозғалыста болғанмен, суық өтпей қоймайды. Бірақ жұмыс ауыр екен деп, қол сілтеп кетуге болмайды, – деп жымиып қойды Алпысбай аға.
Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл салаға жастардың келуі сирек. Себебі жұмыс тәртібі қатал, еңбек ауыр. Қазіргі тазалықшылардың көбі – орта және егде жастағы азаматтар.
– Жастар тез жалығады. Ал мұнда тәртіпке бағыну керек, уақыттан кешікпеу керек. Әр көшені, әр аялдаманы – бекітілген жоспарға сай, уақытылы тазалаймыз, – деді «Астана Тазалық» қызметкері.
Ортақ жауапкершілік ортаны көркейтеді
Алпысбай аға үшін көше тазалығы – қала мәдениетінің айнасы. Оның сөзінше, соңғы он жылда тұрғындар арасында тазалық мәдениеті біршама артқан. Аула мен тротуарға қоқыс тастау азайған, қоғамдық тәртіпке мән беретіндердің қатары көбейген.
– Қазір адамдар тазалықты бағалай бастады. Әсіресе, таңертеңгі уақытта өткен жұрт сыпырғыш ұстап жүрген бізге «Алтын қолдарыңыз аман болсын!» деп алғысын айтып жатады. Сол бір ауыз сөз де адамға күш береді, – дейді ақсақал.
Расымен де, бұл пікірді ресми деректер де растайды. Мәселен, қалалық әкімдік мәліметіне сүйенсек, соңғы бес жылда көшелерге тасталған қоқыс көлемі 18 пайызға азайған. Бұл – тек тазалау сапасының емес, қала тұрғындарының экологиялық жауапкершілігі арта түскенінің де көрсеткіші.
Елорданың бірнеше ауданында жүргізілген қоғамдық сауалнама нәтижесі де тұрғындардың көзқарасы өзгергенін айғақтайды. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 67 пайызы «қала тазалығына өзімді жауапты сезінемін» деп жауап берген. Ал 72 пайызы «қоғамдық орынға қоқыс тастаған адамды ескерту жасап тоқтатар едім» депті. Бұл – ел ішінде экологиялық мәдениеттің тамырына су жүре бастағанының белгісі.
Қала тұрғындарының қатысуымен өтетін сенбіліктердің де қарқыны күшейіп келеді. Әсіресе, көктемгі және күзгі маусымда әр сенбі сайын 10 мыңнан аса адам тазалық шараларына өз еркімен қатысады. Мегаполис тұрғындары ортақ жауапкершілікке осылайша бет бұра бастаған.
Ұқыпты ұлт ұтылмайды
Қала тазалығына келгенде әр елдің өзіндік жолы, қалыптасқан мәдениеті мен инновациялық шешімдері бар. Мәселен, Сингапурда қоғамдық орындарда қоқыс тастаған адамға салынатын айыппұл 500 сингапур долларына дейін жетеді. Мұндай қатаң тәртіп нәтижесінде қалада бір тал шемішке қабығын табудың өзі қиын. Тіпті, бұл елде арнайы «тазалық офицерлері» жұмыс істейді – олар қаладағы тазалықты күн сайын қадағалап, тәртіп бұзғандарға шара қолданады.
Сеул мен Гонконгте де тазалық сақтау бойынша нақты алгоритм бар. Мысалы, кей аудандарда әр көше учаскесіне жауапты еріктілер тобы жұмыс істейді. Олар тазалыққа бақылау жасап қана қоймай, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал кей мекемелер мен бизнес орталықтарға өз аумағындағы санитарлық жағдай үшін жауапкершілік заңмен жүктелген.
Грузияда, әсіресе Тбилиси қаласында көше тазалау ісі жекеменшік компанияларға сеніп тапсырылады. Бұл бәсекелестік тудырып, тазалық сапасын арттыруға әсер еткен. Әр аудан бойынша арнайы мобильді қосымшада шағым қалдырып, нақты мекенжай бойынша тазалау жұмысын бақылауға мүмкіндік бар.
Соңғы жылдары Астана тазалығына жауапты мекемелер цифрлық басқару жүйесін енгізіп, көше тазалығы бойынша арнайы техникалармен жабдықталуда. Дегенмен жоғарыдағы елдер тәжірибесі көрсетіп отырғандай, тазалық тек техниканың күшімен емес, тұрғындар мәдениетімен де тығыз байланысты. Көшенің тап-таза болуы – әр адамның жүріс-тұрысына, жауапкершілігіне, ортақ мүддені түсіне білуіне байланысты.
– Қала таза болса, көңіл де таза болады, – дейді Алпысбай аға. – Айнала тап-тұйнақтай болып тұрса, адамның жүрегінде де тыныштық орнайды. Сондықтан біздің жұмыс – тек сыпырып өту емес, адамдарға жайлы орта жасау дер едім.
Осыны айтты да, Алпысбай аға сыпырғышын қайта қолына алып, күнделікті дағдылы жолына беттеді. Артында қалып бара жатқан тап-таза жолға қарап, бір сәтке менің ойым да тазарып қалғандай күй кештім.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ