Қызылордада «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы қарқынды жүргізіліп жатыр

Қызылордада «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы қарқынды жүргізіліп жатыр
Жыл басынан бері Сыр өңірінде әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі макрокөрсеткіштері бойынша өсім қалыптасқанын көрсетіп отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Қызылорла облысында атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз.  Соның ішінде көше бойларын көгалдандыру, жасыл-желектерді күтіп-баптау және арық жүйелерін тазалау бағытында атқарылған жұмыстардың ауқымы кең. Бұл жайында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланды.  

Жалпы есепті мерзімде өңірде өнеркәсіп өндірісі 0,4 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 18,2 пайыз, ауыл шаруашылығы 2,3 пайыз, құрылыс жұмыстары көлемі 64,5 пайыз, сауда көлемі 4,9 пайыз артқан. Оның ішінде аймақ экономикасына тартылған инвестиция көлемі 27,1 пайыз артып, 230 млрд. теңгеге жеткен. 

AMP

Нәтижесінде жыл басынан бері Сыр өңірінде әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі макрокөрсеткіштері бойынша өсім қалыптасқанын көрсетіп отыр.

AMP

Өз кезегінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Еркебай «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндап өтті. 

«Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы елімізде нәтижелі жүзеге асырылуда. Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласындағы 9 жобаны қаржыландыру үшін «Өнеркәсіпті дамыту қорымен» жұмыс жасап, сараптама кезеңдерінен толық өткізу бойынша бұған дейін бірнеше рет тапсырма берілді. Қала, аудан әкімдері, жобаларды қатаң бақылауға алып, жұмысты жеделдетіңіздер. Заңсыз қоқыс орындарын тез арада жойыңыздар. «Таза Қазақстан» бағдарламасы – бір реттік науқан емес. Қоршаған ортаны таза ұстау, туған жерімізді көркейту, көгаландыру, абаттандыру тұрғындардың күнделікті әдетіне айналуы тиіс», – деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.

Негізінен өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды одан әрі жүйелі жалғастыру үшін  «Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Қызылорда облысының өңірлік жоспары» бекітілген. Жоспарда санитарлық тазалық, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру бағытындағы 43 іс-шара қарастырылып отыр. 

Сол сияқты биыл «Үлгілі елді мекен» конкурсын өткізуге, волонтерлік жобалар мен бастамаларды іске асыру және басқа да шаралар өткізуге тиісті қаржы қаралыпты.

Жалпы жиында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасымен қоса қаңтар-мамыр айларының қорытындысымен бюджеттің игерілуі,  салық базасын ұлғайту мәселелері қаралып тиісті жұмыстардың өңірде жүзеге асырылу барысы талқыланды. Соның негізінде бұған дейін жүктелген тапсырмалардың орындалу барысы сараланып,  алдағы міндеттер айқындалды. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы

 Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.