Кәсіпкерлікті дамыту – ел экономикасының басты қозғаушы күштерінің бірі. Осы орайда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бизнес өкілдеріне арналған қолдаудың бірқатар жаңа құралдарын ұсынып отыр. Қордың басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұловтың айтуынша, қазіргі таңда кәсіпкерлерге үш негізгі бағыт бойынша көмек көрсетілуде. Олар: субсидия, кепілдік қоры және жеңілдетілген несие ұсыну, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Даму» қоры жеңілдетілген несие беру шеңберінде кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Өрлеу» атты жаңа бағдарламаны іске қосты. Бағдарлама аясында 750 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінеді, оның 300 млрд теңгесін Қор бөлсе, қалған 450 млрд теңгені екінші деңгейлі банктер бірлесіп қаржыландырады. Бұл бағдарламаға шағын, микро және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Қаражат инвестициялық жобаларға – 7 млрд теңгеге дейін және айналым қаражатын толықтыруға – 3,5 млрд теңге мөлшерінде беріледі.
– Бағдарлама бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 12,6%-дан аспауы тиіс. Ал несиелеудің басым салалары: өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, туризм, білім беру, медицина, – деп нақтылады Талғат Смағұлов.
Аталған бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – құрылыс жобалары бойынша отандық өнімге басымдық берілуі. Яғни, кәсіпкер Қазақстанда өндірілген құрылыс материалдарын қолдануға міндетті.
Талғат Смағұловтың айтуынша, биылдан бастап субсидиялау жүйесі де жаңартылған. Экономиканың басым салаларындағы жобалар үшін портфельдік субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл формат шеңберінде 200 млн теңгеге дейінгі несие алатын микро және шағын кәсіп иелері қолдау ала алады.
Субсидияланатын негізгі басым салалар:
- өнеркәсіп;
- көлік және қойма;
- білім беру;
- туризм;,
- медицина.
Айта кетерлігі, субсидия арқылы берілетін несие мөлшері бұрын 15 млрд теңге болса, қазіргі таңда бұл сома 200 млн теңгеге дейін қысқартылды.
Сонымен қатар «Даму» қоры базасында екі түрлі Кепілдік беру қоры жұмыс істейді. Бірінші қор – 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды, екінші қор – 7 млрд теңгеден асатын ірі инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға бағытталған.
Бірінші кепілдік тетігі бойынша кәсіпкерлер 7 млрд теңгеге дейін несие алса, оның 85 пайызына дейін қор кепілдік береді. Кепілдік тетігі бұрын тегін ұсынылса, қазір кәсіпкерлер мен банктер үшін ақылы. Кәсіпкер жылдық 1,5% мөлшерінде комиссия төлейді. Ал банктер үшін арнайы жарна бар. Сонымен қатар кепілдік енді шартсыз және қайтарымсыз түрде ұсынылады. Яғни, банктер үшін бұл – жоғары сапалы қаржылық құрал. Сондай-ақ бұл тетік әсіресе, кепілге қоятын мүлкі жоқ кәсіпкерлер мен стартап жобалар үшін зор мүмкіндік.
Екінші кепілдік тетігі – 7 млрд теңгеден асатын ірі жобаларға арналған. Бұл жағдайда қор жобаның 30 пайызына дейін кепілдік береді. Аталған бағдарлама аясында комиссия мөлшері – 2 пайыз. Кепілдік басым салаларға, оның ішінде өнеркәсіп, туризм, білім беру және медицина салаларына, оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларға бағытталады.
Осылайша, «Даму» қоры кәсіпкерлерге тиімді қолдау тетіктерін ұсынып, бизнестің дамуына жан-жақты жағдай жасап отыр. Субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы еліміздегі кәсіпкерлер жаңа мүмкіндіктерге ие болуда.