Табысын жасырғанға тексеру жүргізеді

Табысын жасырғанға тексеру жүргізеді
Бүгінде 854 блогерге 72 млрд теңге табыс салығын төлеу жөнінде хабарлама жіберілді. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді.

– Блогерлер 2026 жылғы 31 наурызға дейін декларация тапсыруы керек, яғни табысын растайды. Жалпы білесіздер, біз блогерлермен бірталай жұмыс атқардық. Мыңдаған блогерге салық төлемі туралы хабарлама жіберілді, – деді Мәди Такиев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін өткен брифингте.

Министр келтірген мәліметке сүйенсек, 854 блогерге 72 млрд теңге табыс салығын төлеу жөнінде хабарлама жіберілді. Оның ішінде 394 блогер 11,8 млрд теңге салық төледі.

– Қалған 438 блогерге қатысты тексеру жүргіземіз, – деп толықтырды ведомство басшысы.

Айта кету керек, бұған дейін 360-қа жуық блогер өз еркімен 10,5 млрд теңге сомасындағы табысын растады. Төлем 256 млн теңге (салық) болды. 

Абылайхан ДҮЙСЕНБЕК