Сенімсіз статистика синдромы
Соңғы уақытта «Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында тұр» деген ақпарат барлық БАҚ-та айтылды. Бұл тек қазақтілді аудиторияда талқыланып қоймай, орыс тілді БАҚ-та осы мәселені жарыса жазуда. Барлығының сүйенгені «Қазақстанда ажырасу көрсеткіші 2024 жылдың басында 1000 адамға шаққанда 4,6-ны құрады» деген worldpopulationreview.com сайтының зерттеуі. Біздің назарымызды аударған – осы статистиканың жыл сайын өзгермей жүргені. Google-дан іздесеңіз, 2022-2023-жылдары да Қазақстан 4,6 деген көрсеткішпен Мальдивтан кейін екінші орында тұр. Сонда бұл сан өзгермей ме? Әлде, біздің БАҚ фактчекинг жасауға еріне ме?
– Бұл ақпарат әлеуметтік желіде кеңінен вирусталып, әжептәуір резонанс тудырғаны да белгілі. Бірақ бір қарағаннан-ақ осы көрсеткіш маған күдікті көрінді, себебі ресми статистика бойынша бізде ажырасу коэффициенті ешқашан 3-тен асқан емес. Ал жоғарыдағы 4,6 деген сан қайдан шықты? Ол үшін шағын фактчек жасап көрейік. Бірнеше сайтты ақтарғаннан соң барлығы worldpopulationreview.com деген ресурсқа сілтеме жасайтынын байқаймыз. Бірақ бұл еш ресми ұйым емес, жай статистикалық агрегатор екен. Олар 2023 жылғы ажырасу бойынша жарияланымда Қазақстанды екінші орынға қойған және ақпарат көзі ретінде Біріккен ұлттар ұйымына сілтеме жасаған, – дейді әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев.
Осылайша, әлеуметтанушы ерінбей БҰҰ сайтына барып, әлеуметтік статистика бөлімінен ажырасуға қатысты жинақты жүктейді. Ішін ашса, Қазақстан бойынша соңғы статистика 2021 жылға берілген және ажырасу коэффициенті 2,5 деп тұр. Ал бұл – біздегі ресми көрсеткіш. Ендеше жоғарыдағы ресурс қате дерек берген болып тұр. Бір қызығы, олардың фейк ақпаратын, тіпті біздегі үкіметке қарасты Экономикалық зерттеулер институтының өзі көшіріп алып, мақала қып шығарыпты. Сонда өздеріне қарасты Ұлттық статистика бюросы беретін деректермен салыстырмағаны қызық.
– Сонымен біз ажырасу жағынан әлемдегі лидерлерге жатпаймыз. Тіпті, Уикипедияның өзінде дәлірек ақпарат берілген. Ресми дерек бойынша ажырасу коэффицентінің рекорды 2019 жылы орнаған – мың адамға шаққанда 3,23 ажырасу. Бірақ 2020 жылдан бері төмендеу байқалады, 2022 жылғы ресми дерек бойынша бұл коэффициент 2,27 құраған, – дейді әлеуметтанушы.
Серік Бейсенбаевтың айтуынша, соңғы жылдары ажырасу тақырыбына қоғам назары ерекше ауды. Бұл күн тәртібінде отбасы, бала тәрбиесі мәселелерінің алдыға шығуымен байланысты. Урбанизацияға, жаһандануға байланысты қоғамдағы құндылықтар өзгеріп келеді. Соның нәтижесінде бұрынғы әлеуметтік нормалар ауыса бастаған. Яғни неке, отбасы адамдар үшін басты құндылық емес, екінші орынға ауысып жатыр. Әсіресе, қалалы жерде бұл көріністі байқауға болады. Кез келген қоғамда әлеуметтік нормалардың өзгеруі қайшылық туғызады. Сондықтан да қоғамда ажырасуға деген қызығушылық басым.
– Екінші мәселе, ол ақпараттық сауаттылық, фактчекинг мәдениетінің төмен болуы. Адамдар бірінші көрген ақпаратына сене салады да, оны шындық екен деп әрі қарай тарата береді. Жаңалықтың рас-өтірігін тексеру дағдысы жетіспейді. Бұл ажырасудың жалған статистикасының БАҚ беттерінде қайта-қайта жариялануына әкеледі. Оған тойтарыс беретін бірлі жарым сарапшылар бар. Бірақ олардың жарияланымдары көп таралмайды. Сондықтан бұл мәселе – мемлекеттік БАҚ-тың назарында болатын жауапкершілік. Өйткені олардың аудиториясы үлкен, – дейді әлеуметтанушы.
Былтыр Ұлттық статистика бюросы «Ажырасу бойынша Қазақстанның әлемде екінші орында тұрғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды» деп ресми хабарлады. Бюро мақала авторларына әлемдік ресурста қате берілген деректер бойынша хат жолдады. Сондай-ақ ресми дереккөздерге сілтеме жасауды және таратылатын деректерді алдын ала тексеріп отыруды ескертті. Бірақ біздің БАҚ ресми статистиканы емес, рейтинг үшін жалған ақпарат таратуды тоқтатар емес.
Ипотекалық бағдарламаға өзгеріс керек
Нақты дереккөздерге сүйенсек, Қазақстан ажырасу саны бойынша әлемде 114 елдің ішінде 15-орында тұр. Ал ажырасу статистикасының бұрмалануына әсер етіп жатқан тағы бір жағдай – үй алу үшін өтірік ажырасатын отбасылардың көптігі. Себебі елімізде үй алатын барлық ипотекалық бағдарламада «отбасы мүшелерінің атында жылжымалы мүлік болмауы керек» деген қатып қалған қағида бар. Былтыр Астана қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы банк» АҚ төрайымы Ләззат Ибрагимова толық емес отбасыларға берілетін ипотеканың шарттары неге өзгергенін түсіндірді. «Бақсам, бақа екен» демекші, адам баласынан қулық артылған ба, баспана кезегіне тұру үшін ажырасуға баратындар көбейіпті.
– Біз қарыз берудің үш жылдық қорытындысына талдау жасадық және кейінгі төрт жылда «толық емес отбасы» санатының аса жоғары қарқынмен өсіп келе жатқанын көрдік. Өкінішке қарай, Қазақстанда отбасы құндылықтарының дамып жатқанына қарамастан, 2017 жылы 54 626 ажырасу тіркелген. 2018 жылы олардың саны 54 797-ге дейін өсіп, 2019 жылы 59 796- ға жетті. Ажырасуға өтініш беру COVID-19 пандемиясы кезінде қиынырақ болып, ажырасу саны 48 мыңға дейін қысқарды. 2021 жылы бұл сан қайтадан өсіп, 48 239-ға жетті, – деді Ләззат Ибрагимова.
Оның пайымдауынша, баспана кезегіне тұру үшін жалған ажырасуға баратындар саны көбейген. Осыны ескерген Үкімет арнайы қаулы қабылдап отыр.
– «Толық емес отбасы» бағыты бойынша ажырасу туралы куәлік өткізгендер көп. Соған байланысты Үкімет қаулысы аясында «толық емес отбасылар» санатын «Шаңырақ – 5-10-10» жобасына ауыстыру ұсынысы қолдау тапты. Мұндағы айырмашылық сыйақы мөлшерлемесіне қатысты. Әр отбасы деңгейінде айырмашылық шамамен 30 мың теңгедей болатын шығар, – деді «Отбасы банк» АҚ төрайымы.
Экономист Айбар Олжай ипотекалық бағдарламаларға мораторий жарияламаса, бұл қитұрқылықтың алдын алу мүмкін еместігін айтты. Себебі бұл мәселе бұрын да болған, қазір де бар. Ажырасудың негізгі статистикасын арттырып отырған осындай схемалар. Тұрғын үй нарығындағы «Отбасы мүшелерінің атында үй болмауы керек» деген шарт отбасының ажырасуына әкелуде.
– Бұл мәселені шешу үшін мораторий жариялауға болады. Соңғы 5 жылда ажыраспаған адам ғана Отбасы банктің, мемлекеттің ипотекалық бағдарламасына қатысса. Ал таяуда ғана ажырасқан адамдардың бағдарламаға қатысуына шектеу қоюға болады. Яғни, 3-5 жыл аралығында «суыту мерзімін» белгілеуіміз керек, – дейді экономист.
Былтыр қалың көрермен назарына қазақстандық «Ұялам, но үй алам» деген кино ұсынылды. Сюжет желісі бойынша, Айжан мен Сырым – Алматыда пәтер жалдап тұратын көпбалалы ерлі-зайыпты. Баспанасыз жүру мен тұрмыстық қысым Айжанды шаршатады. Ол үй алуды армандайды. Айжан үкімет тарапынан берілетін жеңілдікпен баспана алу бағдарламасына қатысу үшін, күйеуі Сырымды заң жүзінде ажырасуға көндіреді. Сырым бұл идеяға қарсы болса да, әйелі үшін келіседі. Олар заң жүзінде ажырасып, мемлекетке «жалғызбасты ана» ретінде тіркеледі. Осылайша, үй алу кезегіне тұрады. Бірақ бәрін жасырып жүру оңай болмайды. Кино шынайы оқиғаға негізделгендіктен аудитория күле отырып, жылады. Себебі әр адамның айналасында осындай оқиға болып жатыр.
– Екінің бірі үй алу үшін ажырасып жатпаса да, бұл мәселе қоғамдағы бар құбылыс. Үй алғысы келіп, құжат жасап, өтірік ажырасқандар болды. Олар өз-өздерін алдайды. Үкіметті алдайды. Өтіріктің құйрығы бір тұтам. Біз кинода мұны әдемі әзілмен жеткізе алдық деп ойлаймын. Киноның астарында отбасылық құндылықтарды бәйгеге тігіп, ойыншық қылуға болмайды деген мағына жатыр, – дейді киноның продюсері, сценарий авторы Ақболат Өтебай.
Бір арманға жету үшін, бүкіл елдің атына қара жағудың қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екенін уақыт көрсетер. Дегенмен біз Қазақстанның ажырасу саны бойынша әлемде көш бастамайтынын, статистикаға да күмәнмен қарау қажеттігін естен шығармауымыз керек.
Көктем ҚАРҚЫН