Моноқалаларды дамыту үшін 15 миллиард теңгеге келісімшарт жасады

Моноқалаларды дамыту үшін 15 миллиард теңгеге келісімшарт жасады
Қазіргі уақытта елімізде шамамен 1,5 млн адам тұратын 20 моноқала бар.

Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Моноқалалардың болашағы: оң тәжірибе және тұрақты даму» атты республикалық семинар-кеңес өтті. Жиынға өңірлер мен моноқалалардың әкімдері, сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Президенттің тапсырмасын ескере отырып, моноқалаларды дамытудың жаңа тәсілдері қаралды.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің баяндамалары тыңдалды.

Қазіргі уақытта елімізде шамамен 1,5 млн адам тұратын 20 моноқала бар. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша олардың үлесіне өнеркәсіп өндірісі көлемінің үштен бірінен астамы тиесілі – 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 36,4%-ды құрады.

Кеңес барысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков жыл басынан бері моноқалалар бойынша жалпы құны 15,1 млрд теңге болатын 46 офтейк-келісімшарт пен ұзақмерзімді шарттарға қол қойылғанын баяндады. Бұл кепілдендірілген сатып алу тетіктерін кеңейту мен ірі жүйе құраушы кәсіпорындармен ынтымақтастық арқасында мүмкін болды.

«Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылы моноқалалардағы кәсіпорындармен жасалған ҚПҚ жер қойнауын пайдаланушылардың офтейк-келісімшарттары мен ұзақ мерзімді шарттарының саны 50-ге дейін артып, жалпы сомасы 10,3 млрд теңгені құрады. Биылғы 5 айда жалпы құны 15,1 млрд теңгені құрайтын 46 келісімшарт пен ұзақмерзімді шарттарға қол қойылды», –  деп атап өтті вице-министр.

Отандық өндірушілерге импортты алмастыру саясатын іске асыра отырып, ERG, «Қазақмыс», «Қазмырыш» және басқа да ірі инвесторлар қолдау көрсетеді.