2025 жылдың маусым айында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге жасаған ресми сапары екіжақты қатынастар тарихындағы маңызды оқиға екені анық. Бұл кездесудің басты нәтижесі – сауда-экономикалық, энергетикалық, цифрлық даму және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бағыттарымен қатар, білім мен ғылым саласындағы өзара ықпалдастықтың жаңа серпін алуы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай көшбасшысы арасындағы келіссөздер нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Бұл құжаттарда адами капиталды дамыту, технопарктер құру, бірлескен ғылыми-зерттеу бастамаларын іске асыру және технологиялық инновацияларды ілгерілету мәселелері нақты көрініс тапты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР Төрағасымен кездесуінде Қазақстанның Қытаймен арадағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге және бұл қатынасты «алтын кезеңге» көтеруге ерекше мән берілетіні атап өтілді. Президент Тоқаев Қытайды Қазақстанның бейбіт, сенімді және уақыт тезінен өткен серіктесі ретінде сипаттап, қос ел арасындағы достық байланыстардың тарихы өзара түсіністік пен құрметке негізделгенін айтты. Геосаяси тұрақсыздық пен халықаралық сын-қатерлер кезеңінде Қытай тарапынан ешқандай саяси шарт қойылмай, егемендік пен қауіпсіздікке көрсетілген құрмет бұл серіктестіктің шынайылығын дәлелдейді. Қазақстан Президенті Қытайдың әділ әлемдік тәртіпті орнықтыруға бағытталған бастамаларын қолдайтынын, бейбіт дамуға негізделген сыртқы саяси ұстанымын жоғары бағалайтынын жеткізді.
Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылым мен білім саласындағы серіктестіктің маңызы 2025 жылғы 17 маусымда өткен «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитінде ерекше аталды. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қытаймен гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтеру үшін 2026 жылды «Қазақстан мен Қытай арасындағы Білім және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама – тек екі ел арасындағы академиялық ықпалдастықты кеңейту ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия өңірінің зияткерлік дамуына ортақ үлес қосатын тарихи қадам. Президент Қ.Тоқаевтың пайымынша, ортақ жоғары технологиялық болашаққа жету үшін адами капиталды дамыту және сапалы білім мен ғылымды ілгерілету – басты басымдық. Қазақстан бұл бағытта білім беру инфрақұрылымын жаңғыртып, заманауи зертханалар мен инженерлік академиялар ашуға, Қытайдың алдыңғы қатарлы технологиялық компанияларымен ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін нақты білдірді.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасында білім беру мен ғылым саласындағы ықпалдастық нәтижесі бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы ашылып, ІТ, материалтану және телекоммуникация салаларында қос дипломды магистрлік бағдарламалар жүзеге асырылуда. 2024 жылы Астана халықаралық университетінде Пекин тіл және мәдениет университетінің филиалы жұмысқа кірісті. Сонымен қатар, елімізде Конфуций институттарының Астана, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында жұмыс істеуі – мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың кеңеюін айғақтайды. Кәсіптік және техникалық білім саласында да серіктестік қарқын алып келеді. Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ашылған «Лу Бань шеберханасы» – осы бағыттағы алғашқы табысты жоба. Бұл шеберхана заманауи қытайлық жабдықпен жабдықталып, инженерлік білім беру мен технология трансферіне тың серпін беріп отыр.
Орталық Азия мен Қытай арасындағы өзара сенімділік пен прагматикалық әріптестік өңірлік даму үшін стратегиялық мәнге ие болып отыр. Қазақстан Президенті бұл форматтағы қатынастарды институционализациялау қажет екенін атап өтіп, 2026–2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Бұл бастама, әсіресе ғылым, технология және адами капитал бағыттарында нақты жобалармен қамтамасыз етілсе, екіжақты ғана емес, өңірлік дамуға да зор үлес қосары сөзсіз. Сонымен бірге, Қазақстанның Қытаймен жасақтап жатқан заманауи білім беру және зерттеу инфрақұрылымы өңірдегі дарынды жастарға халықаралық деңгейдегі мүмкіндіктер ұсынуға жол ашады.
Президенттің пікірінше, ғылыми ынтымақтастық пен бірлескен кадрлар даярлау өңірлік цифрлық, «жасыл» және индустриялық трансформацияның қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Бұл бағытта Қытайдың тәжірибесі мен ғылыми әлеуетін ұтымды пайдалану Қазақстан үшін де, бүкіл Орталық Азия үшін де тиімді. Білім беру мен зерттеу саласында ашықтық пен сапаны арттыру, бірлескен бағдарламалар мен академиялық ұтқырлықты дамыту – болашақтағы тұрақты дамудың іргетасы.
Қорыта айтқанда, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік ғылым мен білім саласында жаңа белеске көтерілді. Бұл бағытта жасалып жатқан қадамдар – екі елдің ұзақмерзімді мүдделерінің тоғысқан тұсы. 2026 жылдың «Білім және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялануы – осы серіктестіктің мазмұн жағынан тереңдеуінің көрінісі. Адами капитал мен зияткерлік ресурстардың дамуына негізделген бұл ынтымақтастық үлгісі бүкіл өңір үшін жаңа ғылыми өркениеттің көкжиегін ашады.
Жаукеева Назерке Нұрланқызы, Қоғамдық саясат институтының сарапшысы