Aikyn.kz Таяу Шығыста басталған қауіпті соғыстың салдарын cnbc.com телеарнасының хабарламасына сүйеніп, талдайды.
Мұнай бағасы соңғы күндердегі өсу үрдісін сақтап қалды. Лондон уақытымен 09:19-да Ice Brent маркалы мұнайының тамыз айындағы фьючерстері бір баррельге $73,81 құрап, алдыңғы сессиямен салыстырғанда 0,57% төмендеген. Ал Nymex-та WTI шілде айындағы келісімшарттары бір баррель үшін $72,7 болды (–0,38%).
Алайда өзге нарықтар дүйсенбі күні әскери іс-қимылдарды елемей отырғандай көрінді. Дәстүрлі қауіпсіз актив алтынның бағасы спот нарығында таңертең 0,42%-ға төмендеп, унциясы үшін $3417,83 болды. АҚШ-тағы алтын фьючерстері де 0,65%-ға құлдырап, $3430-ға дейін түсті.
Тель-Авивтегі қор нарығы өскені. TA-35 индексі 0,99%-ға, TA-125 – 1,33%-ға көтерілді. Еуропа қор нарықтары да дүйсенбіде оң аймақпен ашылды, АҚШ фьючерстері де жасыл түсте болды.
Citigroup Global Markets компаниясының дамушы нарықтардың егемен қарыздары бөлімінің жаһандық жетекшісі Луис Коста нарықтың сабырлы реакциясы қақтығыстың жылдам шешілуіне деген үмітпен байланысты болуы мүмкін екенін айтады.
«Нарықтар барлық ықтимал сценарийлерді ескеріп отыр. Әрине, өте жаман нұсқалар да бар. Бірақ сонымен қатар, қақтығысты тез шешуге немесе Иранды келіссөздер үстеліне отырғызуға үміт бар», – деді ол CNBC арнасының Europe Early Edition бағдарламасында.
Қазір әлемнің басты назары АҚШ-тың реакциясына ауып отыр. Себебі ол әрқашан Израильге қару-жарақ жеткізіп, саяси қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар, Вашингтон мен Тегеран арасындағы ядролық келіссөздердің соңғы раундының аяқсыз қалуы мен президент Дональд Трамптың Иранға қатысты қатал ұстанымы да назардан тыс қалмауда.
NBC News мәліметіне сәйкес, Трамп Иранмен ядролық келісім жасауға күш салуда. Сонымен қатар, ол Израильдің Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеиге қастандық жасау жоспарына қарсы шыққан.
Қақтығыс салдары Канадада (15-17 маусым) өтіп жатқан кезекті G7 саммитінде (Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ және ЕуроОдақ қатысатын жиын) талқыланды. Ақ үйдің мәліметінше, Трамп дүйсенбі күні (16 маусым) саммиттен Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты бір күн бұрын кетіп қалды. Fox News арнасы президент Вашингтонға бара салып, Ұлттық қауіпсіздік кеңесін өткізетінін хабарлады.
Саммиттегі америкалық президенттің сөздері жұмбақ пен сенсацияға толы болды:
«Иран мен ұсынған «келісімге» қол қоюы керек еді. Қандай масқаралық және адам өмірін бекерге қию. Қарапайым тілмен айтқанда, ИРАНДА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ БОЛМАУЫ ТИІС. Мен мұны қайта-қайта айтып келемін! Барлығы Тегераннан дереу эвакуациялануы тиіс!», – деп жазды Трамп Truth Social Media платформасында.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.