Домбыра тартып меңгерудің сегіз ережесі

Домбыра тартып меңгерудің сегіз ережесі
Сіздерге 20 жылдық тәжірибесі бар, 300-ден астам адамға домбыра тартуды үйреткен маманның кеңестерін ұсынамыз.

Қазіргі таңда жаңа бір нәрсені үйренгісі келген адамға түрлі бағытта кеңес беретін материалдар жеткілікті. Шет тілін меңгеру, көлік жүргізу, компьютерлік бағдарлама үйрену сияқты салаларда нақты әдістемелер мен нұсқаулықтар бар. Сол сияқты домбыра тартуды үйрететін курстар да көбейіп келеді. Алайда олардың сапасы әртүрлі: бірінде тек саусақ қимылдарын жаттатумен шектелсе, енді бірінде ұлттық мұраны терең түсіндіруге тырысады. Осындай әркелкілікте бастаушы адамға дұрыс жолды таңдау оңай емес.

Әсіресе, жаз мезгілі бос уақыт көбейетін, шығармашылыққа көңіл бөлуге таптырмас кезең. Домбыра үйренуді ойлап жүргендер үшін бұл  ерекше мүмкіндік. Осы ретте, сіздерге 20 жылдық тәжірибесі бар, 300-ден астам адамға домбыра тартуды үйреткен маман ұсынған 8 нақты әрі пайдалы кеңесті ұсынамыз. Бұл кеңестер жаңа бастағандарға бағыт-бағдар болып қана қоймай, ұлттық өнерді саналы түрде игеруге көмектеседі.

1-кеңес. Лайықты домбыра таңдаңыз

Домбыра тартуды үйренуді шешсеңіз, ең алдымен жасайтын қадамыңыз өзіңізге лайықты аспапты таңдау. Бұл – үйрену үдерісінің сапасына тікелей әсер ететін маңызды кезең. Қазіргі кезде түрлі сауда орталықтарында, музыкалық дүкендер мен базарларда әртүрлі пішіндегі, көлемдегі және сападағы домбыралар сатылады. Таңдау көп болған сайын, алғашқыда қайсысын алу керектігі жайлы ойланып, абдырап қалу да жиі кездеседі.

Алдымен назар аударатын басты нәрсе домбыраның өлшемі. Әр адамның бойына, жасына және қолының ұзындығына қарай домбыра да әртүрлі болуы тиіс. Жалпы ереже бойынша, домбыраны жерге тік қойғанда, оның ұзындығы шамамен сіздің беліңізге дейін жетуі керек. Бұл ыңғайлы отырыс пен дұрыс қол қимылдарын қамтамасыз ететін негізгі өлшем. Мысалы, балаларға арналған домбыралар шағын әрі жеңіл болады, ал ересектерге ұзындау әрі салмақтырақ үлгілер ыңғайлы келеді.

AMP

Бұдан бөлек, домбыраның екі негізгі бөлігіне, яғни шанақ пен мойынға да мұқият қарау қажет. Шанақ –домбыраның дөңгелек немесе сопақша келген негізгі бөлігі, яғни оның «денесі». Ол дыбыстың сапасын анықтайды, сондықтан шанақ тым үлкен де, тым кішкентай да болмағаны жөн. Өте үлкен шанақ бастапқыда аспапты ұстауды қиындатып, қозғалысты шектейді. Ал тым кішкентай шанақ домбыраның үнін толық шығармауы мүмкін.

Домбыраның мойыны – шанақ пен басын жалғайтын ұзынша бөлік. Бұл бөлік тым жуан болса, әсіресе жаңа үйренуші үшін саусақпен ойнау қиындай түседі. Сондықтан мойын ыңғайлы, қолмен еркін қамтитындай жіңішке болғаны дұрыс. Мойын мен шанақтың арасында тепе-теңдік сақталған домбыра ұстағанда да ыңғайлы, ойнағанда да жеңіл сезіледі.

Қорыта айтқанда, домбыра таңдауда ең алдымен сыртқы сұлулығына емес, қолайлығына және құрылымына мән беріңіз. Себебі алғашқы тәжірибеңіз осы аспаппен байланысты болмақ. Ыңғайсыз немесе сапасыз домбыра бастаушыны тез жалықтырып, үйрену қарқынын бәсеңдетуі мүмкін. 

2-кеңес. Ыңғайлы үйрену тәсілі керек

Қазіргі таңда домбыраны үйренудің үш негізгі тәсілі бар. Әрқайсысының өз артықшылығы мен қиындығы бар, әрі адамның қабылдау ерекшелігіне қарай тиімділігі де әртүрлі. Сондықтан алдымен осы әдістерді түсініп алған абзал.

Бірінші тәсіл құймақұлақ арқылы үйрену. Бұл  көру мен есту арқылы күйді санамен сіңіру. Кәсіби музыкалық ортада «слухпен үйрену» деп те айтылады. Бұл  қазақ халқының ғасырлар бойы қолданған табиғи тәсілі. Аталарымыз домбыраны дәптерсіз, нотасыз үйреніп, күйлерін ауыздан-ауызға, құлақтан-құлаққа жеткізді. Бұл әдіспен үйренген күй  жүрекке жақын, көңілге қонымды, сондықтан оны ұмыту да қиын. Музыкалық есту қабілеті жақсы дамыған жандар үшін бұл ең жылдам әрі табиғи жол.

Екінші тәсіл нота арқылы оқу. Баршаға белгілі «до, ре, ми...» деп басталатын жеті дыбыстан тұратын классикалық нота жүйесіне негізделеді. Бұл тәсіл кәсіби музыкалық білімге бастар жол, әсіресе консерватория не музыка мектебі сияқты ортада кеңінен қолданылады. Дегенмен  бұл әдіс ең күрделісі. Себебі жеті нота әртүрлі октавада (биіктікте), ырғақтарда түрленіп кете береді. Егер осы салада терең білім алғыңыз келсе, нотаға үйрену қажет, бірақ бастауыш деңгей үшін бұл жол біраз ауыр тиюі мүмкін. Ыждағаттылық, табандылықты қажет етеді.

Үшінші тәсіл  сандық нота жүйесі. Бұл дәстүрлі нота емес, домбыраның мойнындағы пернелерге негізделген, сандармен белгіленетін бейнелік әдіс. Әр пернеге белгілі бір сан сәйкес келеді де, күй сол сандар арқылы жазылып, қағазға түсіріледі. Мысалы, «1–2–3» деген жазу белгілі бір саусақ қимылдарын білдіруі мүмкін. Бұл әдіс бастапқыда жеңіл көрінгенімен, нотадағыдай музыкалық мазмұн мен дәлдік бермейді. Дегенмен көпшілікке қолжетімді, қазіргі онлайн сабақтарда жиі қолданылатын тәсілдердің бірі.

Біздің пікірімізше, ең тиімді әрі табиғи тәсіл  құймақұлақпен үйрену. Себебі бұл әдіс арқылы күйді естіп, қайталап отырып, жаттап үйреніп аласыз. Бұл біздің бабаларымыздан келе жатқан, халықтың жадында сыналған жол. Ал қалған тәсілдерді қажетіне қарай қосымша құрал ретінде қарастыруға болады.

3-кеңес. Үйрететін емес, жетелейтін ұстаз керек

Домбыраны үйрену жолындағы ең маңызды қадамдардың бірі  өзіңізге лайықты ұстаз таңдау. Себебі жақсы ұстаз тек саусақтарды қалай қоюды ғана емес, күйдің мағынасын, өнердің рухын да үйретеді. Бір білімді жанның айтқаны бар: «Жай ұстаз тек үйретеді, ал мықты ұстаз шабыттандырады». Сол себепті ұстаз таңдағанда оның арнайы музыкалық білімі, тәжірибесі және сабақ беру стилі жайында нақты сұрақ қойыңыз. Егер жауабы көңілге қонымды болса, алғашқы 2–3 сабағына қатысып көріңіз. Осы уақыт ішінде оның сабақты қаншалықты жүйелі, түсінікті әрі шабыттандыра өткізетіні бірден байқалады.

Айта кетерлігі, бүгінде домбыра үйрететін мамандар көп, ал олардың бағасы мен сапасы әртүрлі. Кейде қымбат бағада үйрететін ұстаз өте білікті болуы мүмкін, бірақ бұл әрдайым солай бола бермейді. Сол сияқты бағасы арзан мұғалімнің де тәжірибесі мол, әдісі жақсы болуы ықтимал. Бағадан бұрын ұстаздың үйрету тәсіліне, балаға немесе ересекке қаншалықты бейімделіп жұмыс істейтініне мән беріңіз.

4-кеңес. Асықпаған арбамен қоян алады

Күй үйренуді бірден күрделі туындылардан бастау  өзіңізге артық салмақ салу деген сөз. Бұл өнер жолында сенімді қадам жасау үшін алдымен қарапайым, шағын шығармалардан бастау әлдеқайда тиімді. Оңай күйлер арқылы сол қол мен оң қолдың қимылдарын үйлестіруді үйренесіз, саусақ пен қағыс техникасына да бойыңыз үйрене бастайды. Бастапқы кезең сіздің музыкалық «сауатыңызды» ашып, болашақта күрделі күйлерді меңгеруге берік негіз қалайды.

Сондықтан алғашқы сабақтарда техникалық емес, эмоционалдық жеңілдік пен түсініктілік маңызды. Мәселен, алғашқы 4–5 сабақта «Еркем-ай», «Келіншек», «Жастар биі» сияқты халық ән-күйлерінен бастап, өзіңізге сенімді сезінуге көмектеседі. Бірнеше сәтті орындалған шығарма әрі мотивация, әрі шеберлікке апарар баспалдақ.

5-кеңес. Ұстаз тек бағыттаушы, ал жетістік – өз қолыңда

Домбыраны үйрену  мұғалімнің айтқандарын үнсіз тыңдап, жай қайталаумен шектелмейді. Сабақ барысында кез келген (сабаққа қатысты, қисынды) сұрақты қойып отыру үйренудің ең тиімді жолы деп білгейсіз. Бір нәрсе түсініксіз болса, оны кейінге қалдырмай, дәл сол сәтте нақтылап алған дұрыс. Мысалы, сол қолдың пернені басудағы қиындығы немесе қағыстың орындалуы жайында еркін сұраңыз. Мұғаліммен ашық байланыс орнату сіздің үйрену үдерісіңізді жеңілдетеді. Сондай-ақ үйреніп жатқан күйдің шығу тарихын, композиторын, мазмұнын біліп алу  оны тереңірек түсінуге көмектеседі.

Сабақта үйренген материал бұл тек бастамасы ғана. Нақты нәтижеге жету үшін сіздің сабақтан тыс уақытыңыздағы еңбегіңіз шешуші рөл атқарады. 45–60 минуттық сабақта бәрін қамту мүмкін емес. Сондықтан үйге келген соң, сол күні өткен материалды бірден кемінде 5 рет қайталап, «сіңіріп» алған жөн. Бұл  есте сақтауды жеңілдетеді және келесі сабаққа дайын болуға мүмкіндік береді.

Үздіксіз дайындық  жетістік кілті. Мүмкіндік болса, күніне үш мезгіл, ал ең кемі кешқұрым 20–30 минут күйлерді қайталап отырған өте пайдалы. Домбыра сабағы тұрақтылықты көбірек талап етеді. Бір-екі күн үзіліс жасасаңыз да, саусақтар мен жатталған дыбыстар «ұмыта бастайды». Сол себепті, сабақтағы белсенділік пен үйдегі тәртіпті дайындық қатар жүргенде ғана нақты ілгерілеу болады.

6-кеңес. Шыдамдылық  шеберліктің бастауы

«Сабыр түбі  сары алтын» демекші, кез келген жаңа істі меңгеруде төзімділік пен тұрақтылық қажет. Домбыра үйрену де дәл сондай: бірден күрделі күйлерді ойнай алмайсыз, бұл – қалыпты жағдай. «Адай» немесе «Ерке сылқым» сияқты күрделі шығармаларға жету үшін алдымен қарапайым негіздерді меңгеріп, қол мен ойды үйрету керек. Бұл жолда асықпау, жоспармен үйрену сіздің пайдаңызға жұмыс істейді.

Ең бастысы өзіңізге күмәнданбаңыз. «Менде талант жоқ» деген ойға жол бермеңіз. Себебі домбыра үйрену туа біткен дарынымен ғана емес, күнделікті еңбекпен келетін шеберлік. Және бұл тек музыкалық қабілетті емес, жалпы ми қызметін де дамытады: жаңа нейрон байланыстары пайда болып, есте сақтау, шоғырлану қабілеті артады. Яғни, домбыра тек саусақ емес, сана үшін де пайдалы жаттығу.

7-кеңес. Үйрену курспен аяқталмайды

Курс аяқталды екен деп, домбыраны бұрышқа қойып қоюға болмайды. Үйренген нәрсе күнделікті қайталанбаса, уақыт өте ұмытыла бастайды. Қол жаттығуы, ойда сақтау қабілеті және есту дағдысы... бәрі де тұрақты жаттығуды қажет етеді. Сол себепті курс біткен соң да, аптасына бірнеше рет күй тартып, бұрын үйренген шығармаларды қайталап отыру өте маңызды.

Домбыра үнемі машықты жақсы көретін аспап. Адам тартпаса, аспаптың өзі де «сөйлемей» қалады. Бір рет үйреніп қойған күйді араға ай салып тартсаңыз, кей дыбыстарды ұмытып, қозғалыс икемсізденіп кетуі мүмкін. Ал үнемі қайталап отырған адамда күй біртіндеп ішкі әлемнің бір бөлігіне айналады. Сол кезде ғана шын мәнінде домбыра тартуды меңгердім деуге болады. Ұстазыңыз жоқ болса да, өзіңізбен жұмыс істей білу нағыз өнер иесінің қасиеті.

8-кеңес. Онлайн  ба, офлайн ба?

Сөз соңында айтарымыз  домбыраны онлайн да, офлайн да үйренуге болады. Бірақ егер сіз мүлде нөлден бастасаңыз, ең дұрысы   алғашқы 1–2 айда ұстаздың қасында отырып, домбыраның негіздерін, қол қимылдарын, отырыс пен қағысты дұрыс меңгеріп алған жөн. Өйткені бастапқыда жіберілген қате негіздер кейін түзетуге қиын болады.

Негізгі іргетасы қаланған соң, үйренуді онлайн форматта жалғастыруға әбден болады. Қазір сапалы видеосабақтар, арнайы платформалар мен онлайн-курстар жеткілікті. Бірақ ең бастысы қай форматта оқысаңыз да, тәртіп, қайталау және ниет тұрақты болуы керек екенін тағы қайталап айтқымыз келеді.

Домбыра үйрену бұл тек өнерге қадам емес, өз тамырыңа, ұлттық болмысыңа қайта оралу. Әр перне бір сөз, әр күй бір тарих. Домбыра тарту арқылы сіз тек әуен емес, өзіңіздің ұлтыңызды да түсіне бастайсыз. Сондықтан тартынбаңыз, домбыраны қолыңызға алыңыз  алда үлкен жол, үлкен рухани саяхат күтіп тұр.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялау кезінде авторын көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.