Бүгінгі балдырған – ертеңгі ел тірегі

Бүгінгі балдырған – ертеңгі ел тірегі
Мемлекетіміздің алдына қойған алып мақсаттарының, жүзеге асқан жарқын істерінің болашақ иесі, игілігін көрер мұрагері – бүгінгі балдырғандар.

Елдің ертең тізгінін қолына алатын да солар. Сондықтан әрбір баланың қауіпсіздігінің сақталуы, болашаққа сенімінің нығаюы, дамуы үшін орнықты ортаның құрылуы – тікелей ел басшылығының назарында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың мемлекет үшін стратегиялық маңызды басымдыққа ие екенін жалықпай айтып жүр. Оның тапсырмасымен Үкімет және жауапты министрліктер кәмелетке толмағандардың жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр. 

Жаз жайнатып, күн күлдіріп...

«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз!» деп оқу жы­лы аяқтала салысымен оқу­шы­лар­дың алғашқы легі лагерьге ат­тан­ды. Биыл оның түр-түрі ашылды: ту­ристік база түріндегі клас­си­ка­лық лагерлер, киіз үй лагерлері, па­­латалық лагерьлер, мектеп жа­нын­дағы лагерлер, қала сыртын­да­ғы лагерлер, тіпті қонақүйлер ішін­дегі лагерьлер бар. 

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуын­ша, биыл жалпы саны 3,2 мил­лион­нан астам бала жазғы дема­лыс­пен қамтылады. Бұл – ел та­ри­хындағы рекорд. Мысалы, 2023 жылы – 2,76 млн, 2024 жылы  2,94 миллион оқушы лагерлік де­малысқа қол жеткізіпті. Түлектерді қос­пағанда, елде 3,7 миллион оқу­шы барын ескерсек, онда үл­кен каникулда жас ұрпақтың ба­сым бөлігі мемлекеттің ша­паға­ты­н­а бөленуге тиіс. Министрдің мә­­ліметінше, осы жылы оқушы­лар­дың жазғы демалысы үшін 191 кә­сіби, 10 мыңнан астам мектеп жа­нындағы, шатырлы және киіз үй демалыс орындары жұмыс іс­теп жатыр. Олардағы орын саны 3,2 млн балаға есептелген. Со­ны­мен қатар 936 мектептен тыс ме­ке­меде 500 мыңнан астам бала қо­сымша біліммен қамтылады. Оның ішінде жазғы үйірмелер мен секциялар және жазғы дайындық мектебі бар.

Жолдағы қауіпсіздік мәсе­ле­сіне байланысты әрі жол шығынан көп шығындалмау үшін бұған дейін батыстағы балалар – не­гі­зінен батыста, оңтүстіктің бала­лары – оңтүстікте демалатын. Қа­зақ­станның унитарлы мемлекет еке­нін ескеріп әрі туған өлкені ға­на емес, бүкіл Қазақстанды жас ұр­паққа таныту, отаншылдық се­зімін ояту мақсатында бұл тәжі­ри­бе өзгереді. Үкімет басшысы Ту­ризм министрлігіне балалар ту­­­­­­ризмінің географиясын кеңей­туді, бұл үшін әкімдіктермен өңі­ра­ралық өзара іс-қимылды жолға қоюды жүктеді. 

Балаларға тек ата-анасы жауап­­ты емес. Әкімдерге ба­лалар лагерьлерінің лайықты жұ­мысын қадағалау, олардың са­ни­тариялық-эпидемио­логия­лық, өртке, терроризмге қарсы қауіп­сіз­дік талаптарына сәй­кес­тігін жеке ба­қылауға алу жүктел­ген. Ден­сау­лық сақтау министрлігі – жазғы де­малыс кезінде балалардың та­мақтануын тұрақты санэ­пид­бақы­лаумен қамтуға міндеттелді. ТЖМ алдына – су айдындары мен бас­сейндерді құтқару жабдықтарымен жарақтандырып, персоналды суда және өрт кезінде балаларды құт­қаруға дайын ету міндеті қойылды. Ішкі істер министрлігі – қоғамдық тәртіпті сақтау үшін әрбір балалар ор­талығы мен лагеріне, көпшілік іс-шаралар өтетін орындарға учас­келік полиция инспекторларын бекітуге жауапты. 

Елдің басты байлығы – бала денсаулығы

Мемлекеттің балаларға қам­қор­лығы тек жазғы демалысына жәр­демдесумен аяқталмайды. Са­ламатты ұлтты қалыптастыру үшін жас ұрпақтың дені-қары сау болуға тиіс. Осы орайда рес­пуб­лика бойынша алғаш рет барлық оқушыны әртүрлі маманнан құ­ралған комиссиясының кешенді тек­серуі тәжірибесі енгізілді. Ден­саулық сақтау министрі Ақмарал Әл­назарованың айтуынша, әр мек­теп емханаға бекітілді және мек­теп мейіргерімен 95% қам­тыл­ды.

– 2024-2025 оқу жылының қо­ры­тындысында оқушылардың 90%-ы профилактикалық тек­серу­ден өтті, бұл былтырғы жылғы дең­гейден 9%-ға жоғары. Бала­лар­ды динамикалық бақылаумен қам­ту 3%-ға өсті. Көбіне ас қо­ры­ту, көру, тыныс алу ағзаларының ау­рулары, сондай-ақ стома­то­ло­гия­лық проблемалар анықталады, – дейді елдің бас дәрігері.

Мектеп медицинасын жаң­ғыр­ту шеңберінде келесідей шара жү­зеге асырылып жатыр: бірін­ші­ден, білім ордаларындағы меди­ци­на маманының жүктемесі тө­мен­­детілді: бұрын 700 балаға 1 мек­теп мейіргері бекітілуге тиіс болса, бұл мөлшерлеме 500 балаға дейін кемітілді. Екіншіден, 1 000-нан астам оқушысы бар мектеп­тер­де енді тіс ауруларының алдын алу кабинеттері ашылады. Үшін­ші­ден, бұдан былай әрбір емхана жа­нынан мектеп медицинасы бө­­­­­лімшесі ашылады. Төртіншіден, кә­сіптік тексерулер жүргізу тәртібі қай­та қаралады және мамандар­дың біліктілігін арттыру қолға алы­нады. ДСМ дерегі бойынша әр ба­ла дүниеге келгеннен меди­ци­на­лық бақылаумен қамтылған. Жыл сайын туғаннан 6 жасқа дейін 2 миллионнан астам бала ск­ринингтен, 4,5 миллионы – про­филактикалық тексеруден, 1,5 миллионы  міндетті иммундаудан, екпе егуден өтеді. 

Жаңа туған нәрестелерге ерек­ше назар аударылады. Қазақ­стан – Орталық Азияда неонаталдық көмек стандартын енгізген бірінші ел. Реа­нимацияда бір сәбиге бір мед­бикеден келеді. Сондай-ақ мың маманнан тұратын неонатологтар онлайн-қауымдастығы құрылды. Қазақстандық дәрігерлер салмағы 500 грамнан асатын жаңа туған бөбекті аман сақтауға тырысады. Тө­сек қорының 20%-ға ұлғаюы нә­тижесінде туа біткен патоло­гия­сы бар сәбилерге жыл сайын 1,5 мың­ға дейін ота жасалады. Отадан кейінгі өмір сүру деңгейі 93%-ға жетті.

Мұның сыртында Денсаумин бас­шысының мәліметінше, ба­ла­лар медицинасын цифрландыру, автоматтандыру үшін заманауи IT-шешім енгізіліп жатыр. Ол вак­­­­цинациялауды және тексеруді жоспарлауға, балалардың өтінішін онлайн тіркеуге, eGov және sms арқылы ата-аналармен 1414 нө­мі­рімен байланыс орнатуға бағыт­тал­ған. Сондай-ақ балалар ден­сау­лығына қатысты деректерді «Күн­делік», Bilim.Class, «Білім ал» EDUS.Mektep жүйелерімен ин­тег­рациялау пысықталады. Ба­ла­сы­ның е-күнделігін тексеретін ата-ана мектептегі кешенді тексеру ба­рысында баласынан не анық­тал­ғанын да біле алады. 

Денсаулық сақтау ми­нистр­лі­гінің құрылымдары 2025 жылдың ба­сынан барлығы 191 мектепті, оның ішінде 54 ас блогын тексерді. Неге аз? Ведомство түсіндіруінше, заң­нама бизнес субъектілерін көп тексеруге тыйым салады екен. Сон­дықтан биыл былтырғыға қара­ғанда тексеру саны 23 есеге азайыпты. Өткен оқу жылында тек­серулер прокуратура орга­ны­ның тапсырмасымен жоспардан тыс тәртіппен жүргізілді. Соның өзін­де биыл көптеген жүйелі бұзу­шы­лық әшкереленді. Оның ішін­де мектеп пен асханасының апат­тық ғимаратта орналасуы, са­­­­­ни­та­рия­лық-эпиде­мио­ло­гия­лық қорытын­дының болмауы, мек­тептердің ша­мадан тыс жүк­телуі, сани­тар­лық-техникалық жағдайлардың нашарлығы және басқасы бар. Нәтижесінде, 150 ұйғарым берілді, 12 млн теңгеден астам айыппұл са­­лынды, жауапты 31 адам жұ­мыс­тан шеттетілді, 6 іс сотқа бе­ріл­ді. Өңір әкімдеріне жаңа оқу жылы басталғанша бұзушылықтарды жою жүктелді. Бұған қоса, 2025 жыл­ғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында дұрыс та­мақ­тану бойынша халықаралық ұсы­нымдарға сәйкес әзірленген «Та­мақ­танудың жаңа стандарты» жә­не көпнұсқалы үлгілік-перс­пек­тивалық мәзір-меню енгізі­леді. Министрдің пікірінше, та­мақ­­танудың жаңа стандарты ба­ла­ларды дұрыс тамақтануға үй­­­­ретеді, семіздік, қант диабеті, жү­рек-қан та­мырлары, басқа ауру­лардың да­му қаупін азайтады. Қант­ты 3,6 есеге, тұзды 5 есеге азай­туды көз­дейді.

Білім мен қауіпсіздік – дамудың қос қанаты

Бүгінде елімізде 6,9 млн ба­ла тұрады, оның 3,9 мил­лио­ны мектепте, 556 мыңы кол­ледж­де, 1 миллионнан астамы ба­лабақшада. Оларға қамқорлық әр бағыттан байқалады. Президент тапсырмасымен, білім ошақтарын және колледждерді бейнебақылау камераларымен жабдықтау, сырттағы дәретханаларды ғимарат ішіне көшіру, лицензияланған күзет қызметін енгізу сияқты балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау іс-шаралары атқарылды. Дабыл түймелері мен турникеттер орнатылды, қауіп­сіз­дік нұсқаулары күшейтілді. 2025 жыл­дан мектептер мен кол­ледж­дер­де «111» байланыс орталығына жыл­дам жүгіну үшін QR-кодтар ен­гізілді. Жыл басынан 77 мыңнан ас­там өтініш түсті. Буллинг үшін әкім­шілік жауапкершілік енгізілді. Бү­кіл ел бойынша буллингке қар­сы финдік Kiva және отандық ДОСБОЛLiKe бағдарламалары жұ­мыс істейді. Психологиялық қол­дау орталықтарының да рөлі маңызды. 2024 жылы 250 мыңнан ас­там оқушы мен ата-анасы көмек ал­ды. Медиация қызметтері, бала­лар омбудсмендері жұмыс істейді.

2024 жылы бала құқықтарын қор­ғаудың құқықтық жүйесін ны­ғай­туда елеулі өзгеріс болды. Құ­қық­тық база едәуір күшейтіліп, ба­лаларды қорғаудың пәрменді те­тіктерін енгізуге ықпал еткен 3 не­гізгі заң қабылданды. Кәмелетке тол­мағанды қорлау үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді, баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп тү­сіруге тыйым салынды, бала­лар­ға қарсы қылмыстар жазасы күрт кү­шейтілді.

2019 жылдан бері Қазақстанда 1 200 жаңа мектеп ашылып, 1 мил­лион­нан аса оқушыны орынмен қам­тыды. Бүгінде Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасымен «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы аясын­да елімізде 460 мың оқушыға ар­­нал­ған 217 мектептің құрылысы жалғасты. Былтырдан бері 105 мектеп пай­да­лануға берілді, оның 44%-ы ауыл­да. Тағы 112 «жайлы мектеп» жыл соңына дейін аяқталады. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мек­теп­ке дейінгі біліммен қамту 93,1%-ды құрайды, балабақшаларға ке­зек 2 есеге азайды. 2025 жылы ба­­­­­­­­ла­бақ­шамен қамтуды 95%-ға дейін ұл­ғайту жоспарланған. Осы мақсатта жаңадан 64 мың орын ашылады.

Ұлттық қордан – болашаққа инвестиция

Президент былтыр іске қо­сыл­ған «Ұлттық қор – ба­ла­ларға» жобасына былтыр 2006 жыл­дан 2023 жылға дейін қоса ал­ғанда туылған 6 919 131 бала қа­тысты. Қаржы министрлігінің мә­ліметінше, олардың әрқай­сы­сы­на 100,52 доллардан аударылды. Жас ұрпаққа былтыр жалпы со­масы 695,5 миллион доллар беріл­ген. Бұл балалардың жалпы саны­нан 304 815 адам 2024 жылы 18 жас­қа жетті, оларға жалпы сомасы $30,6 млн аударылды. Биыл қа­тысу­шылар саны 6 921 035 балаға дейін өсті, оның 324 430-ы биыл 18 жасқа толады. Осы жолы әр ба­лаға 129,38 доллардан тиді. Сөй­тіп, бағдарламаға екі жылдан қа­ты­­сып келе жатқан балаларда ин­­вестициялық кірісті қоса есеп­те­генде, жинақтардың жалпы со­ма­сы – $232,94. Ұлттық қордан бе­ріл­ген жалпы сома – $1,5 млрд.

«БЖЗҚ» АҚ бас маманы Ме­руерт Исабекованың айтуынша, 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша былтырдан бері кәме­лет­ке толған балалар 13,34 млн дол­ларын нысаналы мақсатқа пай­даланып үлгерді. Осы соманы 108 694 бала игерді. Оның ішінде тұр­ғын үй жағдайларын жақсарту мақ­сатында 7,95 млн доллардың 64 325 өтініші, білім алу ақысын тө­леу үшін 5,38 млн доллардың 44 369 өтініші орындалды. Тарата айт­қанда, 4,79 млн доллардың 39 065 өтініші қазақстандық оқу ор­нына түсу ақысын төлеуге жұм­сал­ған. 437,15 мың доллар тұратын 3 935 өтініш иесі ол қаражатын шы­ғындамай, білім алу үшін жи­нақ­тау депозитіне аударған. 122,91 мың доллардың 1 113 өтініш иесі шет­елдік оқу орындарына қабыл­да­ныпты. 

Қорыта айтқанда, Қазақстан өзі­нің мемлекеттік саясатының маңыз­ды басымдығының бірі ре­тінде өскелең ұрпақтың сау-са­ла­мат­ты, білімді, қауіпсіз және жан-жақты дамуы үшін жағдай жа­сауды бекітті. Және сол мін­де­тін абыроймен атқарып келеді.

Айхан ШӘРІП