Абзал Құспан, Мәжіліс депутаты: Қылмыстық кодекстегі түзетулер – қоғам сұранысына жауап

Абзал Құспан, Мәжіліс депутаты: Қылмыстық кодекстегі түзетулер – қоғам сұранысына жауап
Елімізде бірқатар қылмыстық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленіп, Мәжілісте мақұлданды.

Жобада «дропперлік» үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу, вейп өнімдерін заңсыз сату мен таратуға шектеу қою, сондай-ақ ерекше қорғалатын жануарлар мен өсімдіктерге қатысты құқықтық нормаларды нақтылау секілді маңызды мәселелер қарастырылған. Аталған заң жобасы азаматтардың қауіпсіздігін арттырып, құқықтық жүйенің заманауи сын-қатерлерге бейімделуіне жол ашады. Заң жобасының ерекшеліктері мен қоғамға әсері жайлы мәжіліс депутаты Абзал Құспанмен сұхбат құрдық.

– Абзал Темірғалиұлы, ең әуелі Қыл­­мыстық заңнаманы оңтай­ландыру мәселелері жөніндегі заң жобасының негізгі мақсаты мен оның қылмыстық процестегі қан­дай өзекті мәселелерді шешуге ба­­­ғыт­талғанына тоқталып өтсеңіз.

– Қолданыстағы қылмыстық, қыл­мыстық процестік, қылмыс­тық атқару кодекстерінің қабыл­дан­ғанына биыл 10 жыл толған екен, сол 10 жыл ішінде 100-ден ас­там заң жобасы аясында 1000-нан астам өзгерістер мен то­лық­ты­рылулар енгізіліп, ол өз ке­зе­гін­де, қылмыстық заңнаманың тұ­рақсыздығына әкеп соқты. Бұл жағдайға орай құқыққолдану­шы­лар мен ғалымдар, тіпті мем­ле­кет басшысы деңгейінде сын-пі­кір айтылды. Осыған бай­­­­ланысты, қа­­­зіргі заң жобасының ең басты мақ­саты, ол – қылмыстық заң­на­маны тұрақтандыру.

– Дропперлік ұғымын қыл­мыс­тық заңнамаға енгізуге қандай се­бептер негіз болды және бұл өзгеріс ин­тернет-алаяқтықпен күресте қандай рөл атқарады?

– Заң жобасын әзірлеу ке­зін­де бұл қылмысты «дропперлік» деп емес, қазақ немесе орыс ті­лін­­де өзгеше атау туралы ұсы­ныс­тар болды. Бірақ соңында «д­роп­пер­лік» деген атау қалдырылды. Се­бебі бұл – ұлттық емес, ха­лық­аралық сипаттағы қылмыс. Дроп­перлер – бұл алаяқтарға, әдетте Қа­зақстаннан тыс жерлерде отыр­ған қылмыскерлерге ақша ау­даруға көмектесетін адамдар. Елі­мізде интернет-алаяқтық дең­гейі өсіп барады, бұл мәселе Мем­­лекет басшысының бақы­лауын­­да тұр. Себебі миллиард­та­ған қаржы шетелге шығарылып жа­тыр. Жапа шегушілер саны көп. Көбіне зардап шегетіндер – ә­леу­мет­тік осал топтар, ең алдымен – ег­де жастағы азаматтар. Сондық­тан біз азаматтарымыз­дың ақ­­­­­­шасының шетелге заңсыз шы­ғуы­на тосқауыл қойғымыз келеді.

Мұндай жағдай өте көп. Дроп­­­перлер көбіне әлеуметтік осал топтардың өкілдері – сту­дент­­­тер, жұмыссыздар, еңбек миг­ранттары. Бірақ олар – жап­пай әрі ауыр қылмыстар жасауға сеп болатын негізгі құрал. Дәл осы адамдар болмаса, қылмыс­кер­лер өз ойларын жүзеге асыра ал­мас еді. Сондықтан мұндай әре­кет­тер­ге тиісті құқықтық баға бе­рілуге тиіс.

– Қылмыстық сая­саттағы гу­ма­низм қағидалары жайында ай­тып жүрсіз. Осыған орай мүге­дек­тігі бар азаматтарға қа­тысты өмір бойына бас бос­тан­ды­ғынан айыру жазасын қол­дан­бау туралы өзгеріс енгізілді. Бұл ба­­ғытта тағы қандай өзекті мә­се­ле­лер қаралды?

– Бұл – І және ІІ топтағы мү­ге­дектігі бар азаматтар. Өзгеріс тек осы санатқа қатысты енгі­зі­ле­ді. Бұл – Қылмыстық кодек­с­те­­гі гуманизм қағидатынан туын­дай­ды. Сондықтан осы норманы толықтыру қажет деп шештік.

Бізде өмір бойына бас бос­тан­дығынан айыруға балама – 25 жыл­ға бас бостандығынан айыру. Бұл жаза жасына немесе мүге­дек­тік тобына қарамастан қолда­ны-л­уы мүмкін. Бірақ өмір бойына бас бос­тандығынан айыру мүге­дек­­­терге қолданылмайды.

Тағы бір түзету – мүгедек ба­ла­ны тәрбиелеп отырған сот­тал­ған азаматтардың шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу (ШМБ) мүмкіндігі. Бұл да Қыл­мыс­тық кодекстегі гуманизм қа­ғи­даттарына және баланың құ­қығын қорғау мүддесіне сай қа­былданған. Норма қарапайым кө­рінгенімен, көп пікірталас ту­дырды.

Нәтижесінде, біз қылмыс жа­сағанға дейін мүгедек баланы тәр­биелеп отырған адамдарға қа­тысты болсын деген шешімге кел­дік. Егер адам расымен де мұн­дай баланы тәрбиелеп келсе, он­да жазаның үштен бір бөлігін өте­геннен кейін шартты түрде мер­зімінен бұрын босап шығуға өті­ніш білдіре алады.

– Заң жобасында вейптерді са­­туға, таратуға және жарна­ма­лау­ға тыйым салу көзделгені бел­гілі. Бұл бастама қандай қоғамдық қауіптерге жауап ретінде ұсыныл­ды және вейп қолданудың нақты қандай салдарлары ескерілді?

– Вейптерге қатысты қыл­мыс­­­­тық жауапкершілік енгізіл­ген­нен кейін еліміздің аумағында аса ірі көлемде вейп сақталған қой­малар анықтала бастағаны ту­ралы ақпараттар түсе бастады. По­лиция қызметкерлері оқиға ор­нына барып, анықтаса да, қа­зіргі заңнамада сақтау үшін жауап­кершілік қарастырылмаған.

Вейптер Қазақстанға басқа елдердің аумағынан бір жолмен кір­гізіліп жатыр. Тіпті, еліміздің өзін­де де өндіріле бастаған. Қой­ма­ларда аса ірі көлемде сақталып отыр – бұл барлық ірі қалаларға тән жағдай.

Қолданыстағы заңнамада тек сату, тарату және кәсіпкерлік қыз­мет үшін қылмыстық жауап­кер­шілік қарастырылған. Бірақ сақ­тау үшін – жоқ. Уақтылы осы мә­­селе ескерілмегендіктен, әріп­тес­­теріміздің өтініші бойынша қол­даныстағы бапты толық­тыр­дық – енді егер сақтау, тасымалдау не­месе жөнелту сату және тарату мақ­сатында және айтарлықтай кө­лемде жүзеге асса, қылмыстық жауап­кершілік қарастырылады. Сан­кция өзгермейді – ол вейпке тыйым салу туралы заңда көрсе­тілген деңгейде қалады.

Мұнда адамның ниеті маңыз­ды. Егер курьер жеткізетін сәлем­де­менің жалпы құны 50 АЕК-тен (196 600 теңге) асса, ол үшін жауап­қа тартылуы мүмкін. Ал бұл со­мадан аз болса – қылмыстық жауап­кершілікке тартылмайды. Же­ке тұтыну үшін сақтағандарға еш­қандай жаза қолданылмайды. Тек тарату мақсатында әрекет ет­кендерге жаза қолданылады.

– Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерге қатысты жаңа бап не үшін қажет болды және бұл өзгеріс табиғатты қорғау ісінде қандай түбегейлі нәтиже береді деп күтілуде?

– Бұл – менің жеке бастамам. Мен Батыс Қазақстан облысынан сайланған депутатпын. Сол өңір­де киіктерге қатысты мәселе өте өзек­ті. 2016 жылы киік жойылып кету қаупінде болған кезде Қытай олардың мүйізін белсенді түрде са­тып ала бастады. Сол кезде киік­тердің барлық бөліктерін, оның ішінде дериваттарын экс­порт­тауға тыйым салынды. 

2023 жылы киіктердің саны кө­бейіп, бұл ауыл шаруашы­лы­ғына кедергі келтіре бастады. Сол кез­де 339-бап күшейтілді, бірақ  заңгер ретінде ол кезде қа­те­лік кеткенін айттым. Себебі барлық құқық­бұзу­шы бір бапқа біріктірілді: бра­ко­ньер­лер де, сатып алушылар да, сату­шылар да, тасымалдаушылар да – бәрі бірдей жауапкершілікке тар­тылды. Бірақ нағыз зиян кел­тіріп отырған – браконьерлер.

Ал қазір 339-бап бойынша жа­за­сын өтеп жатқандар – ауыл тұр­ғындары, ішінде бірде-бір кә­сіби браконьер жоқ. Балыққа қа­тысты да сол жағдай. Мысалы, бе­кіре тұқымдас балықтарды ау­лау. Зардап шегетін – ұстаған адам емес. Еліміз бойынша ша­ма­мен 800 адам осындай баппен сот­талған. Қазір оларды босату кү­­тілуде. Себебі біз оларға қа­тыс­ты кейбір шарттарды жұмсар­ту­да­мыз. Қылмыстық кодекстің 6-ба­бы бойынша, олар жергілікті сот­қа жүгінеді, сот олардың ба­бын 339-1-ге ауыстырады. М­а­те­риал­дық шығын алынып таста­ла­ды және оларда шартты түрде мер­зімінен бұрын босап шығуға не­месе жазаны жеңілдетуге өті­ніш беру құқығы пайда болады.

– Заңда қалыңдыққа қатысты жаңа өзгерістер бар. Осы мәселе жайында толығырақ айтып бер­сеңіз? Бұл өзгерістер азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қалай әсер етеді?

– 1959 жылғы Қылмыстық ко­­­­декс­те мұндай бап болған. Бұл ре­дакция 1997 жылға дейін қол­да­ныста болды. Кейін бұл баптың қа­жетсіздігі немесе өзектілігін жо­ғалтқаны туралы шешім қа­был­данып, кодекстен алынып тас­талды. Бұл жағдайдың ушы­ғуы­на да әсер еткен болатын. Ста­тистика бойынша соңғы кез­де Қазақстанда қалыңдық ұрлау фак­тілері көбейіп келеді. 2019 жыл­дан 2023 жылға дейін Қазақ­стан­да әйелдерді ұрлау фактілері бойынша 214 сотқа дейінгі тер­геп-тексеру басталған. Оның 94,3 пайызы (яғни 201 іс) қылмыс құ­ра­мының болмауына байла­ныс­ты тоқтатылған. Себебі Қыл­мыс­тық кодекстің 125-бабында – адам ұрлау – былай деп көрсетілген: егер ұрлаған адам жәбірленушіні өз еркімен босатса, іс тоқт­а­ты­ла­ды.

Атырауда өткен Ұлттық құ­рыл­тай отырысында бұл мәселеге Мем­лекет басшысы назар ауда­рып, оған құқықтық баға беруді тап­сырған болатын. Осыған орай де­путаттар Мұрат Әбенов пен Ма­рат Башимов заңнамаға өзге­рістер енгізуді ұсынды.

Бұл жерде екі маңызды жаңа ере­же бар. Біріншісі, 125-баптағы «өз еркімен босату» туралы ес­керт­пе алынып тасталды. Қыл­мыс­тық кодекске жаңа 125-1-бап ен­гізіледі – қарапайым тілмен айт­қанда, «қалыңдық ұрлау». Бұл ауыр қылмыс болып саналады. Бап­тың мазмұны мынадай: тұл­ға­ны некеге тұруға мәжбүрлеу – күш қолданамын, мүлікті бүл­ді­ре­мін немесе жоямын деп қор­­­­­қыту, бопсалау, ар-намысына тиетін не­месе жәбірленуші мен жа­қын­дарына зиян келтіретін ақпаратты таратамын деп қорқыту арқылы жүзеге асырылады.

– Сонымен қатар «сталкинг» жай­лы норманы талқылау бары­сын­да қызу пікірталас болды. Де­пу­таттар осыған қатысты қандай ортақ шешімге келді?

– Сталкинг – бұл адамның ер­­­кінен тыс түрде онымен бай­ла­ныс орнатуға немесе аңдуға ба­ғыт­талған, зорлықсыз, бірақ елеу­лі зиян келтіретін заңсыз әре­­­­кеттер. Жаңа 115-1-бап бойын­ша стал­кинг үшін: 200 АЕК-ке дейін (786 400 теңге) айыппұл немесе дәл сон­дай мөлшерде түзету жұмыс­тары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қа­мауға алу жазасы қарастыры­лады.

Сталкинг – бұл бір адамның екін­ші адамға бақылау орнатуға ты­рысуы. Мысалы, жәбір­ле­ну­ші­нің телефонына, компьютеріне шпиондық бағдарлама орнату, жа­сырын камера қою, тыңдау құ­рылғыларын қолдану арқылы. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Кәмила ДҮЙСЕН