Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният автобус апатынан екі аяғынан айырылған Алуаның үйіне барып қайтты, – деп хабарлайды Aiqyn.kz. cайты. Бұл туралы Ажар Ғиният Faсebook парақшасында жазды.
– Кеше әріптестеріммен бірге ауыр жарақат алған Алуа есімді қыздың отбасына бардық. Жол-көлік оқиғасы салдарынан сегіз жасар бүлдіршін екі аяғынан айырылды.
Аталған жағдай болған күннен бастап орталығымыз Алуаға қажетті көмекті көрсету жолдарын қарастырып келеді. Бастапқыда протез орнатылғаннан кейін кешенді оңалту курсын ұсынуды жоспарлаған едік. Алайда анасы Махаббаттың айтқан уайымы мен Алуаның мазасыз күйі – көмекті дәл қазір бастау қажет екенін көрсетті.
Қазір Алуа қалалық ауруханада ем алып жатыр. Кеше анасы Махаббатпен кездесуде ауруханадан шыққан соң қызымыз біздің орталықта кешенді оңалту курсынан өтетін болды. Мамандарымыз оның физикалық жағдайын қалпына келтірумен қатар, психологиялық және әлеуметтік бейімделуіне де жан-жақты қолдау көрсетеді.
Алуаға көмек көрсету – біздің кәсіби борышымыздан бұрын, адами жауапкершілігіміз, – деп жазды ол.
Бұған дейін Астана әкімдігі тарапынан Алуаның отбасына пәтер берілетінін жазған болатынбыз.