Еленбей жүрген еңбек адамдары

Еленбей жүрген еңбек адамдары
Демократиялық қоғамдағы саяси партиялардың сайлау науқанында ғана емес, сонымен қатар кез келген уақытта белсенді болуы сөзсіз заңдылық. Онсыз қоғамдағы саяси бәсекелестік дамымайды.

Басында баяндалғандай, «AMANAT» – халықтың үніне құлақ асып, сайлаушы­лардың талаптарын бұлжытпай іске асы­ратын партия. Сонда ғана сайлаушылар саяси партияға сенім арта алады және дауыс береді.  Мемлекеттегі ең ірі саяси ұйым  – «AMANAT» партиясы қоғам мен мемлекет игілігі үшін жұмыс істеп,  саяси тұғырнамада айқындалғандай басым бағыт­тарының бірі әлеуметтік-экономи­калық салаларды негізгі басымдықтарының бірі ретінде ұстанған.  

Саяси партиялардың тұрақты дамуы оның түрлі бағыттағы партиялық жоба­ларының нақты әрі сәтті іске асуында. Бұл сайлаушылармен бірге тығыз қарым-қатынас орнатумен қатар елдегі жағдайларға тұрақты түрде көңіл бөліп, «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!» сайлауалды бағдарламасы Жол картасы міндеттерінің кезең-кезеңімен іске асуына септігін тигізеді. «AMANAT» партиясы жобаларының барлығы дерлік топтағы қарапайым адамдардың игіліктері мен әлеуметтік жағдайларды шешумен қатар қоғамдағы азаматтардың тұрмыстық өресін көтеруге, инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған. Жалпы партияның түрлі бағыттағы 13 жобасы қазір сәтті іске асырылуда. Осы орайда, партияның Астана қалалық филиалы TYRGUNDAR AMANATY жобасын жүзеге асыра бастады. Жобаның мақсаты – көппәтерлі тұрғын үйлерде іс-шараларды ұйымдастыру арқылы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту. Жоба арқылы қауіпсіз, жайлы және заманауи қалалық орта құру, аула аумақтарын абаттандыру және тұрғындардың үйлерді басқарудағы белсенділігін арттыру. 

Жоба ақпан айының басында мүліктің меншік иелері бірлестіктері, пәтер иелері кооператив төрағалары мен қарапайым серіктестіктер төрағаларына Астана қаласының коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарының мамандары қатысып, өз саласының қызметтері туралы айтып түсіндірген семинарлардан басталды. Арнайы ұйымдастырылған семинарда тұрғын үй қатынастарын реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді, жұмысты жоспарлау және ұйымдастыру, жылыту маусымына дайындық жұмыстары тура­лы ақпараттар берілді. Сонымен қатар сервистік қызмет субъектілерімен және коммуналдық қызмет көрсететін ұйымдармен шарттар жасасу, тұрғын үйді модернизациялауға қатысудың тәртібі мен электрмен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін пайдалану бойынша негізгі міндеттер мен қолдану, өрт қауіп­сіздігіне қарсы шаралар туралы айтылды. Қорытындысында кондоминиумды бас­қаратын азаматтар тарапынан ұйымдасты­рылған семинарлар кезең-кезеңімен өткізіліп тұрса деген ұсыныстар да айтылды. Семинар қатысушылары үшін аудан әкімі аппараттарының жауапты қызметкерлері «Халық қатысатын бюджет» жобасына қатысудың ережелері мен тәртіптерін түсіндірді. Жоба қатысушылары жөндеу, асфальт төсеу, жиектастар орнату, шағын сәулет нысандары, балалар және спорт алаңдары бойынша өз аулаларын абаттан­дыра алады. Кейбір конкурс қатысушылары аула жағдайының қазіргі күйін растайтын құжаттардың қоса тіркелмеуі, қайталанған өтінімдер, жобаға қатысты фото, эскиз, макет немесе сызбаның тіркелмеуі, ұсынушылар тарапынан жобаны жүзеге асыруға қажетті шығындардың шамамен немесе нақты сметалық есебінің болмауы себептерінен дауыс беру кезеңіне өтпей қалған. Алдағы уақытта жобаның жыл сайын өткізілетінін ескере отырып, ереже талаптарына сәйкес келмеген конкурс қатысушылары үшін  «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы техникалық тексеру мен сараптама кезінде кеткен қателіктерді қайталамас үшін арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 

Қазақстан Республикасының Прези­ден­ті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы сәуірде Үкіметтің кеңейтілген отырысында өткен жиында тұрғын үй саласын тиімді басқаруды реформалау туралы депутаттық  корпусқа тапсырма берген еді. Қазір тұрғын үй мәселесі айналасындағы сұрақтар қоғамда өзекті мәселелердің бірі екені баршаға аян. Биыл, наурыз айының  басында Мәжілістің жалпы отырысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша тиісті заңға түзетулер енгізу бойынша бірінші оқылымы қаралып, мақұлданды. 

Осы орайда тұрғын үйдің тыныс-тіршілігіндегі еңбегі еленбей, салалық білімі мен тәжірибесі жетпегендіктен, екінің бірі бұл қызметті еңсере бермейтін кондоминиум объектісін басқарудағы оңай емес шаруаны айтпай кетпесе де болмас. Үй-жайлардың меншік иелері құрған, көппәтерлі тұрғын үй пәтерлердің кондоминиум объектісін басқаруда жүзеге асыратын, оны күтіп ұстауды қаржылан­дырулар және оның талаптарға сәйкес сақталуын қамтамасыз етуде төрағалардың жұмысы үлкен жауапкершілікті және коммуналдық қызмет көрсету мекеме­лерімен жұмыс істеудің қыр-сырын шебер білуді қажет етеді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің былтырғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл – Президент тарапынан әрбір кәсіп саласына көңіл бөліп, қошемет көрсетіп, құрметпен қараудың бір нышаны мен  түрлі саладағы жұмысшы мамандықтары мен мамандардың беделін көтеру. Мамандықтардың құнды­лығын, оның әлеуметтік-экономика саласына қосып отырған сүбелі үлестері мен ел дамуындағы негізгі рөлдерін дүйім жұртшылыққа түсіндіру мен насихаттау азаматтық парызымыз. 

«AMANAT» партиясының барлық партиялық жобалары түптеп келгенде ел игілігі үшін жасалуда. Әрбір жоба аясында атқарылатын іс-шаралар ауқымды, жауап­кершілігі мол. Партия азаматтық қоғамдағы кез келген санаттағы еңбек адамының мүддесін қорғау үшін атсалысып жұмыс істеуге дайын. Ел сенімін арқалау жауапты іспен қатар  абырой. Ал сенім – бізге берілген аманат!  

 

М.Болысбек, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы