Дропперді «тәубеге» келтіретін заң дайын

Дропперді «тәубеге» келтіретін заң дайын
Елімізде алғаш рет алаяқтардың көмекшілеріне – дропперлерге қатысты қылмыстық жаза енгізілді. Осыны бизнес қылып, алаяқтардың қатарын көбейтіп жүргендер жетерлік. Енді олардың табанына тас қойып, тоқтау салынбақ. Алайда басқа проблема бой көтерді. Құқық қорғау органдарының және Парламент депутаттарының айтуынша, алаяқтарға банк қызметкерлері көмектесетіні әшкереленді. Оларға да тегеурінді тоқпақ табылса жөн.

«Араағайын» болу абақтыға апарады

Сенат «Кейбір заңнамалық актілерге ҚР қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лық­­тырулар енгізу туралы» заңының жо­ба­сын қарауға алды. Оның Мәжілісте тал­­­қыланған кездегі бастапқы атауы – «Кей­бір заңнамалық актілерге Қыл­мыс­тық, Қыл­мыстық-процестік және Қыл­мыс­тық-ат­қару кодекстерін оңтайландыру мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар ен­гізу туралы» болған еді. 

Төменгі палата заңжобаны 28 мамыр­дағы оты­рысында екінші оқылымда қа­был­дады. Се­наторлар құптаған соң ол Пре­зиденттің қол қоюына жолданады. Мем­лекет басшысы қол­таңбасымен бекіт­се, заң бірінші ресми жа­рияланған күннен бастап 60 күнтізбелік күн өткенде күшіне енеді. 

Жаңа заң жобасы ел тарихында алғаш рет «дропперлік», яғни адамдардың «банк кар­талары мен шоттарын өзгеге заңсыз бер­гені үшін» қылмыстық жаза енгізбек. Бас­тамашыл депутаттардың сендіруінше, бұл ұрлау не алдау жолымен табылған қара­жатты жылыстату және заңдастыру схе­­ма­ларында дропперді пайдалануға қар­сы жаңа тетікке айналады. 

Сарапшылардың түсіндіруінше, дроп­пер де­геніміз – заңсыз алынған қаражатты қол­­ма-қол ақшаға айналдыру үшін алаяқ­тар пай­даланатын адам. Кейбірі заңсыз еке­нін біле тұра, белгілі бір ақыға өз карта­сы­на не банк шотына алаяқтардың қаржы ау­даруына рұқсат етеді, содан соң ол қар­жыны бан­коматтан, кассадан шешіп алып, қаскөйлерге табыстайды. 

Осы сорақылықтың бәрі үшін ешқан­дай жа­за қарастырылмады. Өйткені сала заң­намалық реттеуден тыс қалған, ұлттық заң­намада тіпті «дроппер» ұғымы болмады. Тиі­сінше, құқық қорғау органдарының тү­сін­­діруінше, дропперді – өз атындағы банк карталары мен шоттарын өзгелерге беретіндерді қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін құқықтық негіз болмады. 

Салдарынан әлі күнге дропперлер куә­гер ре­тінде өтеді. Оның сол қызметі үшін ақы ал­ғаны дәлелденсе ғана алаяқтыққа кө­мек­тесуші ретінде жеңіл жаза тартады. Сон­дай-ақ азаматтық талап қою арқылы 800-дей құрбанның өзінен ұрланған жал­пы сомасы миллиард теңгедей ақшаны дроп­­пер­лерден өндіріп алуының деректері тір­­келді.   

Жоғарыда аталған жаңа заң жобасымен Қыл­­мыстық кодекске жаңа 232-1-бабы ен­гізіледі. Оған сәйкес, Қазақстанда «банк­тік шот­қа, төлем құралына немесе сәй­кес­тендіру құра­лына қолжетімділікті заң­сыз ұсыну, беру және және алу, сондай-ақ тө­лем­дерді және (немесе) ақша  ауда­рым­дарын заңсыз жү­зеге асыру» үшін қыл­мыстық қудалау қол­данысқа енгізіл­мек. 

Заңнамалық түзетулер дропперді шы­найы мерзімге соттауды қарастырады. Атап айт­қанда, алаяқтарға өзінің банк шо­тына қол­жетімділікті заңсыз ұсынған адам 3 жыл­ға дейін бас бостандығынан айы­рылуы мүм­кін. Төл банктік шотын пай­далану ар­қылы үшін­ші тұлғаларға заң­сыз ақша ау­дару және төлем жасау үшін 5 жылға дейін темір торға қамау белгіленбек. 

Ел арасында «дропповодтар» деп ата­латындарды, яғни дропперлердің қызметін ұйым­дастырып, пайдаланатын адамдарды өз­генің банктік шотын басқаруға заңсыз қол жеткізгені үшін 7 жылға дейін түрмеге отыр­ғызу көзделеді.

Сонымен қатар жаза басып, өз айыбын мойын­дағанға жеңілдік болады: жаңа бапта көр­сетілгендей, аталған құқық­бұзу­шылықты ­бірін­ші рет жасаған, ол туралы по­лицияға ерікті түрде мәлімдеген, со­н­дай-ақ қылмысты ашу­ға немесе оның ал­дын алуға көмектескен адам, егер ол бас­­қа қылмыстық құқық­бұзу­шылыққа қ­а­­тысы болмаса, онда қылмыстық жа­за­дан босатылады.    

Банк қызметкері дропперді демей ме?

«AMANAT» партиясы фракциясының мү­шесі, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов алаяқ­­тарға, дропперлерге кейбір пайда­кү­нем банк қызметкерлері көмектесетініне назар аудартты. Сондықтан да бұл саланы заң­на­малық реттеу маңызды. 

– Мұның қарапайым азаматтарға қа­тысы бар. Халықпен кездескенде ең көп ай­ты­ла­тыны да – банктік алаяқтық. Бүгін­де бар­л­ық алаяқтық қашықтан, электрон­ды жа­салады. Халыққа қорған бола алмай отыр­мыз. Елді аралағанда жұртшылық: «Ас­танада отырып сіздер көп нәрсені біл­мейсіздер!» деп ренжиді. Қабылдауыма Қос­танайдан бір азамат келді. Ақпанда банк­ке барғанда оған несие беруден бас тар­тылады. 3 ай өткенде, небәрі бір күнде оның атына 4 банк алаяқтарға несие бер­ген! Оның табысын да ешкім тексермеген. Ол ақша бірден басқа адамдар атына ауда­рылып, дропперлер арқылы қолма-қол ақшаға ай­нал­дырылған. Банктер бізді әде­мі сөздермен алдарқатады, бірақ мәсе­лені шешуге асықпайды, – деді М.Әбенов.

Банк қызметкерлерінің дропперлерге дем беретінін бұған дейін «аманаттық» де­­путат Ринат Зайыт та мәселе етіп көтер­ді. Оның айтуынша, жаңа заман мен тех­но­логияларға жылдам бейімделген жыл­пос­тар күн сайын қорғансыз халықтың шотындағы ақшасын ұрлап қана қоймай, мыңдаған адамның атына сырттай несие рәсімдеп, онсыз да зорға жүрген адамдарды зарлатады.

– Өкінішке қарай, жазықсыз жем бол­ған жандардың жағдайын ұғып жатқан Үкімет те, банктер де көрінбейді. Сора­қы­сы, көптеген алаяқтық жасау фактісі не банк­тің, не жергілікті орган өкілдерінің қа­тысуымен болғаны дәлелденген. Мы­салы, Қарағандының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкері мүгедектігі бар, зейнеткер­лік­тегі жалпы жиыны 90 адамның шотындағы ақ­шаны жымқырған. Талдықорған, Аста­на, Алматы қалаларында да банк қыз­мет­керлерінің алаяқтарға азаматтардың жеке мәліметіне қол жеткізуге көмектескені анықталған, – деді депутат.  

2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында кибералаяқтыққа ықпал еткені үшін банк қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 250-бабы бойынша – 15 іс, 254-бабы бойынша 17 іс қозғалды. Қалаулылар заңда банктердің киберқылмыстан қор­ғауға, азаматтардың шоттарының қауіп­сіз­дігін сақтауға міндеттелмегенін, оларға ешқандай жауапкершілік жүктелмегенін айтады.

«Осы әділетті ме? Жоқ. Алаяққа жем бо­лып, банкте сақтаған жинағынан айы­рылып, мойнына жоқ жерден несие жүк­тел­ген жандарға банктер жұдырық жұмсап, шот­тарын бұғаттайды. Бұл – халыққа жа­сал­ған орынсыз қиянат! Сәл қиналса, мем­лекеттен миллиардтаған ел қаржысын қай­тарымсыз алатын, несиеден ойына кел­ген сыйақысын жинайтын қайрымсыз банк­тер өз қателіктеріне жауап беруден жал­тарып, қашанға дейін тайраңдамақ?! На­қақтан нақақ қарызға батқан халықты қор­ғайтын уақыт келді ғой. Ата Заңымыз бойынша мемлекеттің басты байлығы банк емес, халық!» – деді Р.Зайыт.

Миллиардтаған қарыз «кешірілді»

Мәжіліс депутаттары шоттағы қаржы­ның сақталуына банк жауапты болғандық­тан, алаяқтықтан келген зардап пен бар­лық шығынды банктерге өзі өтеуге мін­дет­теуді ұсынды.

Жалпы, алаяқтықпен, соның ішінде дроп­перлікпен күрес мәселелерін жауапты мем­лекеттік органдар бірнеше рет Пре­зи­дент Әкімшілігінің және Бас про­кура­тура­ның алаңдарында талқылады. Бірлескен жос­парлар аясында қаржылық алаяқтыққа қар­сы тұру және жәбірленушілердің құ­қық­­тарын қорғау бойынша нормативтік жә­не практикалық сипаттағы бірқатар шара жүзеге асырылып жатыр. 

2024 жылғы 19 маусымда Президент «Кей­бір заңнамалық актілерге кредит беру ке­зінде тәуекелдерді барынша азайту, қа­рыз алушылардың құқықтарын қорғау, қар­­жы нарығын реттеуді және атқару­шы­лық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заңға қол қойды. 

Бұл заң клиенттің қатысуынсыз алаяқ­тар рәсімдеген несиелерді банктердің құр­­­­­баннан өндіріп алуына және осыны та­лап етіп, олардың үстінен сотқа ша­ғым­дануы­на тыйым салады. Ондай несиені  ен­ді банктің өзі есептен шығаруға және осын­дай банк қарызы бойынша бұрын ұс­тал­ған, төленген сомаларды клиентке қай­таруға міндетті. 

Бас прокурор Берік Асыловтың мәлі­ме­тінше, заңнамаға енгізілген өзгерістерді орындау аясында тергеу кезеңінде 1 мың­нан астам жәбірленушінің 1,5 миллиард тең­геден астам сомадағы кредитінің қа­ры­­зын өндіріп алу тоқтатылды. Сон­дай-ақ банк­тер жәбірленушілердің 1,6 мил­лиард тең­геден аса қарызын есептен шы­ғарды. 

– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ая­сын­да жәбірленушілерге «дропперден» кел­тіріл­­ген залалды азаматтық сот ісін жүргізу ар­қылы (ҚР АК 953-бабы) өз бетінше өн­діріп алудың тәртібі түсіндіріледі. Сол ар­қылы 2024 жылы 800 жәбірленушінің та­лап арызы бойынша 1 миллиард теңгеден астам қаражат өн­дірілді. Қаржылық алаяқ­тық­қа қарсы қосымша тетіктерді іске асыру үшін Үкімет жаңа Жол картасын бе­кітті. Ол 35 іс-шараны қамтиды. Оның ішін­де банктер мен МҚҰ жауапкершілігін рет­теу, жәбірленушілердің ақшасын өтеу, сон­дай-ақ кредит беру кезінде «ойлану ке­­зеңін» енгізу, сөйтіп, ақша аудару мер­зі­­мін кідір-ту мәселелері қарастырылған, – деді Б.Асылов.

Банктегілердің алаяқтарға көмектесу деректері әшкереленді. Бас прокурордың ақ­паратынша, соңғы екі айда қаржы ұйым­дарының қызметкерлеріне қатысты лауа­зым­дық өкілеттіктерін теріс пайдалану (ҚК-нің 250-бабы) және өз міндеттеріне адал қарамау (ҚК-нің 254-бабы) фактілері бойынша 67 қылмыстық іс тіркелді. 

Қорыта айтқанда, бұл бағытта біраз шара қабылданып жатыр. Осы санаттағы қыл­мыстарға қарсы іс-қимылға бағыт­тал­ған бірқатар шара әзірленіп, оны іске асы­­­­руға жауапты мемлекеттік органдар ай­­қындалды. Енді көп нәрсе жоспарланған жұ­мыстардың орындалуына, заңмен бекі­тіл­ген жаңа тетіктердің тиімді қолда­нылуы­­­на байланысты болады.

Елдос СЕНБАЙ