Бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың ұсталғаны рас па?

Бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың ұсталғаны рас па?
Руслан Жақсылықов 8 маусымда Қорғаныс министрі лауазымынан босатылған еді.

Кейбір БАҚ-та Қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшысы Руслан Жақсылықовтың ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда бұл жалған ақпарат болып шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Экс-министр бұл ақпаратты Tengrinews.kz бас редакторымен телефон арқылы сөйлесіп, жоққа шығарды.

– Бос сөз. Ең алдымен, ресми дереккөздерге сену керек. Мен демалыстамын. Маған демалуға мүмкіндік берілді. Үш жарым жылдан бері еңбек демалысына шықпадым. Өздеріңіз білесіздер, әскери қызмет сондай болады, – деді Жақсылықов.

Сондай-ақ, ол құқық қорғау органдарына жүгінетінін де мәлімдеді.

– Ар-намысым мен абыройыма нұқсан келтіретін жалған ақпарат үшін жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүрмін, – деді экс-министр.

Еске сала кетейік, Руслан Жақсылықов 8 маусымда қорғаныс министрі лауазымынан босатылған еді.