Жазғы демалыс жайлы болсын десек...

Жазғы демалыс жайлы болсын десек...
Оқу жылы аяқталып, оқушылар көптен күткен кезекті жазғы демалысқа шықты. Алайда балалардың бос уақытын қызықты әрі пайдалы, ең бастысы қауіпсіз өткізу ата-аналармен қоса, білім беру мекемелерін де аса қатты алаңдатып тұр.

Балалар демалысының жағдайы аса ауыр халдегі аймақтардың бірі  сексен көлді Ақмола облысы дегенге кім сенеді? Бурабай мен Зерендінің, Сандықтау мен Ереймен­таудың баурайындағы тұмса табиғатты жағалай орналасқан лагерлердің жағдайы күн өткен сайын құлдырап барады.

Балалар және жасөспірімдер туриз­мі ассоциациясының төрағасы Қайрат Сұл­тановтың айтуынша, тек Ақмола облысында ғана сегіз бірдей жазғы лагерь 25 жылдан астам уақыт бойы жұмыс іс­темейді. Басқа ондаған лагерьдің де жағдайы мәз емес.

– Жұмысы мүлде тоқтаған бұл сауықтыру орталықтарының бәрі кепілде немесе сатылмайды. Барлығының басшылары қалпына келтіру үшін ақша, несие қажеттігін айтады. Егер біз тек Ақмола облысындағы тұралап қалған жазғы лагерьлер мен бала­лар сауықтыру орталықтарын іске қоссақ, онда біз тұтас Қазақстан бойынша балалардың 20 пайызын қала сыртындағы демалыспен қамтамасыз етеді екенбіз. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр бізде балалардың 4 пайызы ғана демалуға мүм­кіндік ал­ды, – дейді Қайрат Сұлтанов. 

Ассоциация төрағасының сөзіне сенсек, өңірде соңғы 25 жылдан бері жұмыс істе­мейтін лагерьлер қайта іске қосылса, 700-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Сон­дай-ақ лагерлердің қайта тірілуі жергілікті азық-түлік өндірушілердің де тауарларының молынан сатылуына мүмкіндік бермек. 

– Бәрі тек сауықтыру орталықтарындағы балалардың санын ғана көреді. Бірақ ешкім сол үш айда балалар немен тамақтанады деп сұрамайды. Мәселен, мына статистикаға назар аударсаңыз. Тек екі жарым ай ішінде 7 тоннаға жуық сиыр еті, 3,5 тонна жұмыртқа, 20 мың дана жұмыртқа, 31,5 мың бөлке нан кетеді. Ал егер барлық лагерьді іске қоссақ ше? Өніммен тек курортты аймақтар­ды ғана емес, балалар лагерьлерін де қамтамасыз ету қажет болады. Мәселен, Беларусь аумағында 220 лагерь бар. Әрбір лагерлер бізде баяғыда тарап кеткен совхоздар, тіпті кондитерлік фабрикаларға бекітіліп берілген, – деп толықтырды Қайрат Сұлтанов. 

Маман пікірінше, балалар лагерьлері мен демалыс орталықтарына, тіпті мемлекет тарапынан да ешқандай қолдау жоқ. Ке­рісінше, салықпен бұғаулап, басқа да қар­жылық және бюрократиялық қиындықтардың құрсауында қалған. 

– Қазір бізге экономикалық қызметтің жалпы жіктеушінің 5 510-ы бергенін қа­лаймыз және сол бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бір қызығы, күні бүгінге дейін қала сыртындағы балалар жазғы демалыс лагерлерінің өз ЭҚЖЖ-лары жоқ. Лагерді нөлден бастап құрғысы келетін кәсіпкерлер бар. Бірақ күні бүгінге дейін ешқандай салық жеңілдігі жоқ. Бізге әлеуметтік тұрғыдан маңызды, яғни балалар демалысы олардың денсаулығы деп емес, таза бизнес өкілі ретінде қарайды. Сондай-ақ мәзірді бекітуін жылдар бойы қақсап сұрап жүр­мін. Лагерьлерде әлі күнге мәзірлер бекітіл­меген, – дейді Қайрат Сұлтанов. 

Аймақтағы лагерлерді алаңдатарлық тағы бір аса өзекті мәселе, медициналық кадрлар тапшылығы шешімін таппай келеді. Балалар және жасөспірімдер туризмі ассоциациясы дерегінше, бүгінде балалардың қала сыртындағы демалысы тек Денсаулық сақтау министрлігімен ғана 11 бұйрықпен реттеледі. Әрі олардың бәрі бір-біріне қа­рама-қайшы келеді. Лагерьлердің меди­циналық пунктке лицензиясы болуға тиіс. Алайда балалар сауықтыру орталықтарының 75 пайыздан астамы жеке кәсіпкерлік субъектісі ретінде жұмыс істейді. Ал «Лицен­зиялау туралы» заңға сәйкес, фармбақылау тек заңды тұлғаларға, ал жеке тұлғаларға тек дәрігер беріледі. 

– Сондықтан дәрігер балалар алдында жауапкершілік алғысы келмейді. Екінші бір мәселе, бүгінде дәл сол ережелерге сәйкес фармбақылау лицензия алу үшін барлығы 7 атау жазады. Ал санитарлық-эпидемиялық бақылау қондырғысыз 43 атауды талап етеді. Яғни, медициналық пункті жарақтау үшін айырмашылығы – 2,5 миллион теңге. Ал біз іс жүзінде жылына 2,5 ай ғана жұмыс істейміз, – деп түйіндеді Қайрат Абайдоллаұлы. 

Балалардың жазғы демалысына лагерьлер тапшылығын Ақмола облыстық мәслиха­тының депутаты Айдын Төребаев та атап өтіп, облыстық мәслихаттың кезекті жиы­нында аса өткір мәселе көтерді. 

– Қосшы қаласында қазір 100 мыңнан астам халық тұрады. 12 мыңнан астам оқушы бар. Бірақ балаларға іс жүзінде лагерь мүлдем жетіспейді. Қалалық білім бөлімінің дерегінше, 8 мектеп базасында 1-4-сыныптың 5 166 оқушысы мектеп жа­нындағы лагерьмен қамтылады. Бұл – бастауыш сынып балаларының 93 пайызы. Алайда басты мәселе орта және жоғары буында оқитын 6 022 бала еш назарсыз қалған. Тек 125 бала әлеуметтік осал топтар есебінен, 10 бала кәсіподақтар қаржысы­мен, 300-400 бала ата-аналар қаржысы­ның есебінен лагерьлерде демалады. Яғни, қал­ған мыңдаған бала мүлде демалыссыз қалып отыр. Уақытты созбай, нақты іске көшу қажет. Қосшы қаласына балалар ла­ге­рін салу – бүгінгі күннің өзекті талабы, – деп түйіндеді сөзін Айдын Бертісбайұлы. 

Өңірдегі жазғы лагерьлер мәселесінің өзекті жайын осы салаға жауапты Ақмола облысының Білім басқармасы да мойындады. 

– Алдын ала мәлімет бойынша, қала сыртындағы лагерьлерде биыл 15 500 бала (11,6 пайыз) демалады. Бұл былтырмен салыстырғанда мың балаға көп. Облыс аума­ғында өзге өңірлерден келетін шама­мен 3 200 бала демалады. Мемлекеттік ла­герьлерге жолдама құны – 40-120 мың тең­ге, жекеменшік – 100-140 мың теңге ара­лығында. Қазір лагерьлерде 4 542 педагог жұмыс істеуде, педагог тапшылығы жоқ. Биылғы 20 мамырға дейін қала сыртындағы лагерьлердің барлық қызметкері Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті арқылы соттылығына тексерілді. Әрбір лагерь­дің ашылуына санитарлық-эпидемиология­лық қорытынды алу туралы ақпарат Білім басқармасының аккаунттарында бірден орналастырылады, – дейді Ақмола облысы Білім басқармасы басшысының орын­баса­ры Ботагөз Дүйсенова.

Білім басқармасының мәліметінше, аймақта 1 маусымнан бастап «Жас Даурен», «Парус», «Звездный» лагерьлері іске қо­сылса, 15 маусымға дейін қалған 12 лагерь өз жұ­мысын жалғастырмақ. Аймақта 1-5-сы­нып оқушыларына арналған мектеп жанын­­да­ғы 208 күндізгі лагерлер бес ауы­сымда 36 400 ба­ланы қамтымақ. Сондай-ақ 5-9-сы­нып оқушыларына тамақсыз 350 бейіндік алаңдар жұмыс істейді. Онда 70 939 бала қамтылмақ. Сонымен қатар аймақтағы климаттық жағдайларға байла­нысты 17 маусымнан бастап шығынсыз түрдегі киіз үй және күркелі (палаткалы) лагерьлерде тағы 4 600 баланы қамту көзделіпті. 

P.S. Қалай дегенмен де, балалардың жазғы уақытта алаңсыз әрі пайдалы демалуына мүмкіндік беретін лагерьлердің жеткіліксіздігі аса қатты сезіліп тұр. Бұл орайда облыс аумағында да, республика көлемінде де ондаған лагерьдің іс жүзінде жабылып қалуы мәселені одан сайын күрделендіре түскен. Онымен қоса, заңнамалық тұрғыдағы өзгерістердің қажеттілігі мен жауапкершілік талаптарының ақсап тұрғандығы – өз алдына бір төбе. Сондықтан жауапты органдар балалар демалысын ұйымдастыруды бүгіннен қолға алмаса, уақыт созбақтауды кешірмейті­нін ескерсе дейміз... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы