Астананың Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы қалалық прокуратураның үйлестіруімен бірлесіп, елорда аумағында көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің өз бетінше салыну фактілерін анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта басқарма мен Нұра ауданының әкімдігі бірлесіп, Mardan тұрғын үй кешенінің (құрылысты жүргізуші – Asyl-Nur Qurylys ЖШС) құрылысы бойынша заңбұзушылықты анықтады. Тексеру нәтижесінде құрылыс-монтаж жұмысы Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңына сәйкес қажетті рұқсат құжаттарынсыз басталғаны белгілі болды.
Құрылыс салушыға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Алайда бұл талап орындалмағандықтан, сот құрылыс салушыны өз бетінше салынған нысанды бұзуға міндеттеді. Заңды күшіне енген сот шешімін орындау аясында Астана қаласы Әділет департаменті нысанды мәжбүрлеп бұзу жұмысын жүргізіп жатыр.
Осыған дейін осындай жолмен Inter Stroy Astana ЖШС салған QURMANGAZY тұрғын үй кешені де заңсыз салынғаны үшін бұзылған болатын.
Айта кетейік, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ жасанды интеллект негізіндегі (AI-чат-бот) үлескерлерді қолдау бойынша онлайн-орталықты іске қосты. Чат-бот тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша азаматтарға кеңес береді.
Пайдаланушылар құрылыс салушының атауын, БСН немесе тұрғын үй кешенінің атауын енгізу арқылы өзекті ақпарат ала алады: https://homeportal.kz/.