Бағаға қысым күшейіп барады: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

Бұл туралы баспасөз мәслихатында ҚР ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті. Шешім нақты деректердің, жаңартылған болжамдардың және инфляциялық тәуекелдер тепе-теңдігін талдауы негізінде қабылданды.

Ұлттық банктің ресми есебінде көрсетілгендей, мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,3%-ға жетті. Бұл көрсеткішке ең алдымен сервистік инфляция әсер етті. Яғни, реттелетін тарифтер мен нарықтық қызметтердің айтарлықтай қымбаттауы байқалды. Бағаның өсу қарқыны азық-түлік тауарлары бойынша да жеделдеп келеді.

Сонымен қатар, сыртқы сектор тарапынан бағаға қысым күшейіп отыр.

«Бұл Ресейдегі жоғары инфляцияның сақталуына, жоғары сұраныс пен валюталық ауытқулар аясында әлемдік азық-түлік бағасының өсе түсуіне, сондай-ақ сауда қақтығыстарының күшеюінен және шикізат тауарлары бағасының құбылмалылығынан туындаған жоғары белгісіздікке байланысты. Жаһандық баға орнықты түрде өсу үрдісінде қалды. Сауда-саттықтағы шиеленіс инфляциялық тәуекелдерді күшейтіп, өнеркәсіп пен қызмет көрсету секторында іскерлік белсенділікті тежей түсті. Осы жағдайларда нарық тарапынан саясатты  одан әрі жұмсартуға қатысты күтулер болғанымен, орталық банктердің риторикасы әлі де ұстамды қалпын сақтап отыр», – деп атап өтті Ұлттық банк.

Қалыптасып отырған жағдайға байланысты 2025 және 2026 жылдарға арналған инфляция болжамы қайта қаралды. Биылғы жылы инфляция 10,5–12,5% аралығында, ал 2026 жылы – 9,5–11,5% деңгейінде болады деп күтілуде. 2027 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 5,5–7,5% деңгейіне дейін төмендейді. Бұл тежеуші сипаттағы ақша-кредит саясаты мен алдағы салық-бюджет консолидациясы аясында бюджеттік қолдау шараларының біртіндеп қысқаруы нәтижесінде болмақ.