Сырда жалпыұлттық патриоттық акция өтті

Сырда жалпыұлттық патриоттық акция өтті
Қызылордада 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай патриоттық акция болды. Облыс орталығындағы Рәміздер алаңында өткен іс-шарада тәуелсіздік ұғымының маңызы кеңінен түсіндіріліп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға баса мән берілді.

Салтанатты шара жергілікті театр әртістері мен облыстық филармонияның аралас хорының және «Ай-Ару» би ансамблінің «Алаштың асқақ арманы» қойылымы мен шымылдығын түрді. Акцияда Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр халқын мерейлі мерекесімен құттықтап, мемлекеттік рәміздердің маңызына кеңінен тоқталды.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады», – деген болатын. Рәміздердегі әрбір нышан халқымыздың өткені мен бүгінін бағамдап, келешекке ұмтылған адал ние­тімізді, байыпты мақсатымыз­ды айшықтайды. 

Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Бұл бастама – тек атаулы жыл емес, қара­пайым еңбек адамдарына деген шы­найы құрмет», – деді Нұрлыбек Маш­бекұлы.

Хордың сүйемелдеуімен мемлекеттік Әнұран жанды дауыста шырқалды. Шара барысында жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер орындап, 10 автокөлік 35 велошеруші қала көшелерінде шеру ұйымдастырды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы