Бүгінгі Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімінің жасалуына назар аударды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметке сілтеме жасап. База мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру арқылы цифрлық шешімдер негізінде құрылады.
Премьер-Министр отандық адал өндірушілер тізілімге автоматты түрде қосылатынын атап өтті. Өз кезегінде «жалған өндірушілер» бұл тізілімге ене алмайды. «Жаңадан өтініш берушілер қарапайым өтініштің және автоматты цифрлық тексеру негізінде ешқандай бюрократиясыз қосыла алады. Сарапшыларды шақыру мен басы артық тексерулерден өтудің және көп қағаз толтырудың қажеті болмайды. Барлығы цифрлық режимде, адамның қатысуынсыз жүргізіледі. Осыны баса айтқым келеді. Бұл сапалы бақылауды қамтамасыз етіп, міндетін адал атқармайтын тауар өндірушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап тізілім нақты отандық өндірушіні анықтау тетігіне айналады», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар өңдеуші сектор өнім шығару көлемі жағынан тау-кен саласын басып озды, – деген Премьер-Министр, осы қарқынды үдете түсу керек деді. Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы қол қойған елішілік құндылық институтын одан әрі жетілдіру жөніндегі заң шеңберінде отандық өндірісті дамыту және қолдау шаралары да қаралды. Премьер-Министр отандық өндірістің дамуы экономикалық өсімнің негізі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы аталған бағыттың маңыздылығына ерекше мән беріп келеді. Үкімет қазақстандық тауар өндірушілер бәсекеге қабілетті болуы үшін олардың өндірістік жүктемесін арттыруға бағытталған елшілік құндылықтарды дамыту тетіктерін іске қосуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылдан бастап өңдеуші сектор өнім шығару көлемі жағынан тау-кен саласын басып озғанын атап көрсетуге болады. Осы қарқынды үдете түсу керек», – деп атап өтті Олжас Бектенов.