«Қоғамға қайта қосылғанын қалаймын»: екі баласын тұншықтырып өлтірген әйелге қатысты сот басталды

«Қоғамға қайта қосылғанын қалаймын»: екі баласын тұншықтырып өлтірген әйелге қатысты сот басталды
Айыпталушы қазір арнайы емдеу орталығында жатқандықтан, алғашқы сот отырысына қатыса алмады.

Ақтөбеде екі баласын тұншықтырып өлтірген келіншек ісі бойынша сот процесі басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты KTK арнасына сілтеме жасай отырып.

Айыпталушы қазір арнайы емдеу орталығында жатқандықтан, алғашқы сот отырысына қатыса алмады.

Сот залына келгендер аз

Процеске санаулы адам ғана қатысып отыр: мемлекеттік айыптаушы, адвокат және жәбірленуші. Олар келіншекті жазғырғаннан гөрі, психиатриялық ауруханаға мәжбүрлеп емдеуге жіберуді жөн көреді. Себебі екінші баласын дүниеге әкелгеннен кейін, 29 жастағы әйелдің жүйке жүйесі сыр берген.

Оқиғаның жай-жапсары

Жәбірленуші деп танылған күйеуінің айтуынша, келіншек қыс мезгілінде қызын өлтірмек болған. Сол кезде жұбайының төркіні оны емдету үшін Атыраудан Қандыағашқа алып кетіпті. Алайда екі ай бұрын әйел үш жасар ұлы мен 11 айлық сәбиін жастықпен тұншықтырып өлтіреді. Сараптама оның психоз дерті асқынып, қоғамға қауіпті екенін растаған.

Күйеуінің көзқарасы

«Талабым – екі баланың аруағы үшін кінәліні жазалау емес, емдету. Ол опасыздық жасады. Бірақ ауруханадан ем алып, қоғамға қайта қосылғанын қалаймын. Келіншегім ауырып жүргенін байқап, қайын атама хабарластым. Ол: «Қызымды алып кетем, емшілерге апарып, невропатологке көрсетем» деді. Мен қарсы болған жоқпын. Әкесі мен балдызым алып кетті», – дейді күйеуі Жеңісбек Әбілхан.

Енді сот: келіншекке жаза кесу керек пе, әлде психиатриялық клиникаға жіберу қажет пе – осы мәселені шешеді.