Қазақстанда жергілікті полиция қызметі таратылады

Қазақстанда жергілікті полиция қызметі таратылады
Ішкі істер министрлігі Жергілікті полиция қызметі мен Әкімшілік полиция басқармасын қайта ұйымдастырып, олардың базасында екі жаңа басқарма құрылады.

Мәжіліс ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың шамадан тыс заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Заң «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығын іске асыру мақсатымен әзірленген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Түзетулерге сәйкес «жергілікті полиция қызметі» ұғымы алынып тасталады. Бұған 2016 жылы құрылған Жергілікті полиция қызметі өз тиімділігін іс жүзінде дәлелдей алмағаны себеп болды. Жергілікті полиция қызметі құрамында учаскелік инспекторлар, патрульдік, ювеналды, табиғатты қорғау полициясы және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері болған. Алайда түзету авторларының айтуынша, бұл қызмет өзіне жүктелген негізгі міндеттерді, яғни, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орнына, абаттандыру ережелерінің бұзылуын анықтау, құрылыс қалдықтарын шығару сынды екінші кезектегі жұмыстармен айналыса бастаған. 

Ішкі істер министрлігі Жергілікті полиция қызметі мен Әкімшілік полиция басқармасын қайта ұйымдастырып, олардың базасында екі жаңа басқарма құрылады. Олар: құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармалары. Әр қызмет өзінің тікелей міндеттерімен айналысады. 

Сондай-ақ көлік полициясы бөлімшелерін ретке келтіру мақсатымен «желілік» деген термин «көлікте» деп өзгертіледі. Ал әскери-тергеу органдары ішкі істер органдарының аумақтық құрылымынан алынып тасталады, себебі олар ІІМ құрамындағы дербес бөлімше ретінде бөлінген.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.