Назарбаев зияткерлік мектебіндегі жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасалды

Назарбаев зияткерлік мектебіндегі жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасалды
Оқиғаға байланысты министрдің тапсырмасымен Бала құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы шұғыл барып, мектеп ұжымы және оқушының ата-анасымен, өзімен кездескен.

Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде мұғалім мен оқушының арасында болған келеңсіз жағдайға байланысты Оқу-ағарту министрлігі ресми мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиғаға байланысты министрдің тапсырмасымен Бала құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы шұғыл барып, мектеп ұжымы және оқушының ата-анасымен, өзімен кездескен.

"Оқу-ағарту министрінің тапсырмасымен күні кеше Алматы қаласына Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы шұғыл түрде іссапармен барды. Ол «НЗМ» ДББҰ Басқарма төрағасымен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің аумақтық департаментінің өкілдерімен, өңірлік Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесе отырып, мектеп ұжымымен, оқушының ата-анасымен және өзімен кездесті", – дейді министрлік.

Министрлік мұғалімге құрмет көрсету мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін айтады.

"Ашық әрі сындарлы диалог барысында орын алған жағдай жан-жақты зерделеніп, баланың әрі қарай білім алу жолдары қарастырылды. Бұл ретте шешім заңнама талаптарына сай, баланың құқықтары мен мүдделерін, оның ішінде толыққанды білім алу құқығын ескере отырып қабылданды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі педагогке құрмет көрсету мен оның кәсіби пікірімен санасуды білім беру ортасының негізін құрайтын маңызды қағидаттар ретінде атап өтеді. Тағы да бір мәрте ескертеміз: Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңының нормаларын қатаң сақтау қажет. Мұғалімге құрмет көрсету мен қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету — білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді", – делінген министрліктің хабарламасында.