Астанада сот үкімімен кәмелетке толмаған баладан ақша бопсалағаны үшін төрт адам сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сотталғандар жәбірленушінің шетелге оқуға баратынын және ата-анасына тиесілі қаражаты бар екенін біліп, сөз байласып, кәмелетке толмаған баладан 20 млн теңге талап еткен.
Психологиялық қысым жасап, атыс қаруын көрсетіп, олар 4 млн теңге көлемінде соманың бір бөлігін алған.
Топтың екі мүшесі жәбірленушіден тағы 100 мың теңге ақша алу кезінде ұсталды. Артынша қылмысқа қатысушылардың қалғаны құрықталған.
Мемлекеттік айыптаушы олардың кінәсі толық дәлелдеп, қылмыскерлердің әрқайсысы 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын толық өтеліп, сонымен қатар сотталғандардан 2 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндірілді.
– Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабына сәйкес қорқытып алу үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, белгілі бір жағдайларда бұл қылмыс үшін жауапкершілік 14 жастан басталады.
Егер бұл қылмысты көрсетілген жасқа жетпеген адам жасаса, Қазақстан Республикасының заңына сәйкес оның әрекеттері үшін ата-анасы немесе заңды өкілдері жауап береді, – деп еске салды прокуратура өкілдері.
Үкім заңды күшіне енді.