Қызылордада аламан айтыс өтті

Қызылордада аламан айтыс өтті
Сыр өңірінде «АMANAT» партиясының қолдауымен Қызылорда облысының әкімдігі «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» атты республикалық ақындар айтысын ұйымдастырды. Дүбірлі додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12 ақын бақ сынады.

Жыр аламанының тізгінін ұстаған ­Мә­жі­ліс депутаты, «AMANAT» партиясы фрак­циясының мүшесі Аманжол Әлтай өңір­де айтыс өнерін ұлықтау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші оты­рысында келесі 5-ші отырысты осы Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Ел Президентінің алқалы жиында қабылданған тарихи шешімі өнер мен мәдениеттің құтты ұясына айналған киелі топыраққа, өңір жұртшылығына деген ерекше ықыласы мен сенімі деп білемін. Ал бүгін осынау тарихи шаһарда ақындар төл өнеріміздің абыройын асқақтату­­да», – деді ол.

Осы орайда Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтыс өнерінің мәні мен маңызына тоқталып, топқа түскен сөз сүлейлеріне сәттілік тіледі.

«Сыр топырағынан түлеген ақын­дарымыз айтыс өнерін дамытуға үлкен үлес қосуда.  Өйткені айтыс – мәңгілік киелі мұрамыз! Бүгінгі сөз додасына кел­ген жүйріктерге ел рухын асқақтатуда­ғы елеулі еңбектеріңіз үшін алғыс айта­мын. Қазақылықтың қаймағы бұ­зыл-

­ма­ған, бірлік пен ұлт тұтастығының алтын діңгегіне айналған қасиетті Сыр өңіріне келген қадамдарыңыз құтты болғай! Халықты ізгілікке үндейтін өнердегі шын жүйріктер тыңдарманға келелі ой айтып, тағылымды сайыс жасаңыздар. Барша­ңызға сәттілік тілеймін!» – деді аймақ басшысы.

Осылайша, кіл мықтыда кім мықты анықталған аламанда ақындар Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы тақырып­тарын жырға арқау етті. Айтыскерлер ортаға орамды ой тастап, жиналған көп­шілікті тапқырлығымен таңғалдырды. 

«Мұндай супер дода елімізде 1997 жылы өткен еді. Бүгін міне Қызылордада өңірінде ұйымдастырылды. Елімізде 10 мықты ақын болса, солардың барлығы осында. Осындай жыр додасын өткізіп отырған облыс әкімдігіне, «AMANAT» партиясына шынайы ризашылығымды білдіремін. Залда ине шаншар орын жоқ. Сыр өңірі жұртшы­лығының өнерге деген ықыласы шалқар шабыт сыйлады», – деді ақын Рүстем Қайыртайұлы.

Ал мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында Қазақ­станның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов, ақын, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, Мәдениет саласының үздігі, Ақмола облыс­тық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмас Алматов, сондай-ақ ақын, филология ғы­лым­дарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мэлс Қосымбаев болды.

Нәтижесінде, аламан айтыстың бас жүлдесі Сара Тоқтамысоваға бұйырды. Жүлделі 1-орын қызылордалық ақын Мейірбек Сұлтанханға, 2-орын Мұхтар Ниязовқа, ал 3-орын Абай облысынан келген Рүстем Қайыртайұлы мен Қарағанды облысының ақыны Мақсат Ахановқа табысталды. Сондай-ақ Жансая Мусина (Батыс Қазақстан облысы) мен Бекарыс Шойбеков (Түркістан облысы) арнайы жүлдемен марапатталды.

«АMANAT» партиясы алдағы уақытта да ұлттық өнерімізді қолдау бағытында атқарылатын ауқымды жұмысты жалғастыра береді.

Елнар ЕЛТАЙ